
Құжаттың басты ерекшелігі мұндай бағдарлама елімізде тұңғыш рет әзірленіп отыр. Келешекте бұл бастама басқа да өңірлерде қолданылмақшы. Бағдарлама аймақтарда денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен жетілдіруге бағытталған кешенді тәсіл болмақ.
Бағдарламада көрсетілген мақсаттарға сәйкес, Шымкентте денсаулық сақтаудың соңғы стандарт үлгісіне сай келетін заманауи клиникалар салынады. Атап айтқанда, қалалық перинаталдық орталық, қалалық көпбейінді екі аурухана, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында бес емхана бой көтереді.
Шымкент жоғары медициналық колледжі заманауи виртуалды симуляциялық жабдықтармен, тренажер кешендерімен, интерактивті жүйелермен жабдықталады.
Биыл мамыр айында қалалық денсаулық сақтау басқармасы еліміздегі 13 жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Кең көлемді келісім жергілікті емдеу мекемелеріне жоғары технологияларды енгізуге, күрделі хирургиялық операцияларды жүргізуге, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге бағдарлама аясында түрлі ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оған балалардың семіздігін қадағалау (COSI), мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқын бақылау, патронаждық қызметті бағалау, басқа да зерттеулер кіреді.
Сондай-ақ келешекте қаладағы барлық мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады. Әйелдерді ана болуға даярлау жұмысы күшейтіледі. Ол жүктілік кезіндегі асқынуларды азайтуға, ауыр жағдайларды төмендетуге көмегін тигізеді. Одан бөлек,
12 салаға бөлінетін 31 құзыреттілік орталығы, 2 скринингтік ғимарат, 2 амбулаториялық онкологиялық көмек мекемесі бой көтереді. Бүгінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан «ахуалдық талдау орталығы» іске қосылды. Соның нәтижесінде барлық емханаларда «шұғыл медициналық көмек бөлмесі» өз жұмысын бастады.
Бағдарламаны іске асыру арқылы мегаполистің денсаулық сақтау жүйесін, ем-шара қызметін Астана мен Алматы қалаларының жетекші медициналық орталықтарының деңгейіне көтеру көзделіп отыр. Жаңа талаптарға сәйкес, 2029 жылға қарай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 79,1 жасқа дейін арттыру, саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесін
60%-ға жеткізу, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын 80% ұлғайту міндеттері қойылған.
«Сондай-ақ даму және ерте араласу орталықтары құрылып, әмбебап прогрессивті патронаждық әдіс жақсартылады. Одан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа жобалар іске асырылып, денсаулық сақтау саласына молынан инвестиция тартылады деген жоспар бар. Мегаполистің денсаулық сақтау саласына жауапты мекемесі медициналық цифрландыруды, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды, роботтехниканы дамытуға көңіл бөле бастады. Мұнымен қоса медициналық ұйымдардың ұлттық аккредитациядан өтуін 95%-ға жеткізу мақсаты қойылып отыр. Сонымен бірге алдағы төрт жылда Шымкентте медициналық туризмді өркендетуге нақты қадамдар жасалады», деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Сәуле Дүйсебаева.
Қорыта келгенде, мегаполис медицинасы қарқынды дамып келеді. Емдік қызмет сапасының артуына байланысты халықтың көпшілігі ақ халатты абзал жандардың жұмысына риза.
Емдеу мекемелерінің кейінгі үлгідегі құралдармен жабдықталуы, дәрігерлердің кәсіби шыңдалуы өңірде медициналық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Мәселен, өткен жылы шетелдерден Шымкентке ем іздеп келген науқастар саны 100-ден асқан. Шымкенттік дәрігерлер бүгінде республикалық клиникалар жасайтын күрделі операцияларды шебер меңгерген. Соның нәтижесінде, мегаполисте жүрек алмастыру, гинекологиялық, нейрохирургиялық ауыр операциялар сәтті жасалып жатыр. Бірқатар дәрігер шетелге оқуға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Шетелден де қаншама білікті маман келіп, шеберлік сыныптарын өткізіп жүр. Осының барлығы қаланың денсаулық сақтау саласының сапа тұрғысынан жоғары сатыға көтерілуіне үлкен көмегін тигізіп жатыр. Сондай-ақ Шымкент адам ағзасының трансплантациясы жөнінде елімізде орталық аймақтардың біріне кіреді. Бауыр, бүйрек алмастыру операциялары шаһарда қазір жаңалық болудан қалды. Сол тұрғыда өңірлік жаңа бағдарлама іске асқан жағдайда қала медицинасын бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұр деп зор сеніммен айтуға болады.
Емдеу мекемелерінің кейінгі үлгідегі құралдармен жабдықталуы, дәрігерлердің кәсіби шыңдалуы өңірде медициналық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Мәселен, өткен жылы шетелдерден Шымкентке ем іздеп келген науқастар саны 100-ден асқан.