
«Көпқабатты үйлер құрылысының қарқыны жоғары. Шымсити, Тұран, Бозарық жаңа шағын аудандары пайда болды. Шаһарда индустриалды аймақ пен көлік-логистикалық орталықтардың көбеюі инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді де күшейтті. Жол салу, газдандыру, ауызсу тарту, басқа да инженерлік-коммуникациялық жүйелер шеткі елді мекендерге дейін апарылды», дейді сарапшы.
Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ сан алуан кәсіптің дамуына сүбелі үлес қосып отыр.
«Шымкентте өндірістік алаңдардың даму қарқыны өте жоғары. Мәселен, кілем тоқу фабрикасы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. «Оңтүстік» АЭА жеңіл өнеркәсіп саласына арнап құрылған. Одан бөлек, «Тассай», «Ордабасы», «Жұлдыз» атты басқа да индустриалды аймақтар бар. Ол жерде сапалы, жақсы өнімдер шығарылады. Шыны, алюминийден жасалатын ыдыстар, керамогранит бұйымдар, жиһаздар, дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғылар өндіріледі. Жеңіл өнеркәсіпте кілеммен бірге шұлық, сүлгі, төсектік орын жамылғылары тоқылады. Өнеркәсіптегі негізгі мақсат – өнімді толықтай өзіміз жасап, көбірек шетелге экспорттау. Оның ішінде, ұлттық сусындардың да экспортын жолға қою қажет. Қала экономикасына жергілікті және шетелдік инвесторлар бірдей қаржы құйып жатыр. Бұл мегаполис әлеуетінің артуына зор мүмкіндік. Өнідіріс дамымай, экономика алға жылжымайды. Сол үшін қала әкімдігі отандық, шетелдік инвестициялық компанияларға бірдей ашық. Инвесторларға мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалған. Индустриалды аймақтан, көлік-логистикалық орталығынан жер телімдері беріледі, кәсіпорын аумағына дейін инфрақұрылымдық жүйелер мемлекет есебінен тегін тартылады, коммуналдық қызмет түрлеріне арнайы тариф белгіленген, салық бойынша да көптеген жеңілдік бар. Сондықтан Шымкентті кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға өте қолайлы қала деуге болады», деді Т.Ысқақов.