
Қалада отбасының шырқын бұзатындармен 4 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 712 әйел орталыққа жүгінген. Қазір 135 ана, 278 бала сол орталықты уақытша паналап отыр. Полиция 31 әйел мен 56 баланы осы орталыққа жеткізген. Мекеме мамандары күйеулерінен, әкелерінен зәбір көрген әйелдер мен балаларға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек көрсетеді. Мегаполистегі «Бақытты жанұя» орталығы да екі жүзден астам отбасыға құқықтық кеңес берген.
Жауапты сала мамандары отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес шарасын күшейтіп жатқандарын айтады. Осы мақсатқа орай шаһарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жыл басынан бері жалғасын тауып келеді. Мәселен бүгінге дейін мектептерде осы тақырыпқа қатысты көптеген семинарлар ұйымдастырылса, Жастар ресурстық орталығының мүшелері «дөңгелек үстел» жиындарын өткізген. Сонымен бірге биыл сәуір-маусым айларында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында жүзге жуық іс-шара қолға алынды. Оның ішінде түрлі дәрістер, «дөңгелек үстел» жиындары, семинар, тренинг пен конференциялар бар. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша Қарағандыдан басталған челендж-флешмоб Шымкентте жалғасын тауып, республикалық деңгейде жоғары бағасын алды.
Бұдан бөлек, Шымкентте отбасылық кикілжіңнен туған қылмыстардың алдын алу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Соның аясында қалалық прокуратура, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, спорт және білім басқармаларының өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдары бірлесіп, тоқсан сайын осы тақырыпқа қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын жиын өткізіп тұрады.
Шымкент