Шымкент • 22 Сәуір, 2025

Екі ардагерге әлеуметтік жәрдемақы төленді

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкентте екі майдангер тұрады. Олар – Мұраталы Төлепбергенұлы мен Нина Мосунова. Жеңіс мерекесі қарсаңын­да қос ардагерге 5 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төленді. Жеңіс мейрамына орай төленетін бір реттік әлеуметтік жәрдем Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімі негізінде беріліп жатыр.

Екі ардагерге әлеуметтік жәрдемақы төленді

М.Төлепбергенұлы Екінші дү­ние­жүзілік соғыста Брест қамалы, Варшава, Гданьск пен Перлебергте болған шайқастарға қатысқан. Соғыс жылдарында жаудан тайсалмаған ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Вар­ша­ваны азат еткені үшін», «Герма­нияны жеңгені үшін» медальдарымен, басқа да мерейтойлық төсбелгі­лермен марапатталған.

«Сәуір айында жасым жүзге толады. 1943 жылы соғысқа алындым. Алты ай Ташкентте радистің оқуын оқыдым. Майданда танкіге қарсы 76 миллиметрлік зеңбіректің радисі болдым. Соғыс біткен соң, 5 жыл Германияда әскери борышымды өтедім. Үйде бес ағайынды едік. Ең кішісі мен болатынмын. Бәріміз де соғысқа алындық. Отан қорғау – ер-азаматтың міндеті. Сол борышты абыроймен атқарыңдар, қарақтарым. Сендердің құттықтап келіп тұрғандарыңа қуанып тұрмын. Осылай көңіл бөліп келгендеріңе мың да бір рахмет. Саналы ғұмырымыз кеңестік заманда өтті. Сол шақта егемендік алсақ қой деп армандайтын едік. Міне, сол арманымыз да орындалып, Қазақстан бүгінде азат ел атанды. Бұған да шүкіршілік. Сол тәуелсіздігіміздің қор­ғаны мына сіздерсіздер, жас өрендер. Елдің егемендігін көздің қарашығындай қорғау – ендігі жерде сендердің міндеттерің. Ал, ендеше, батамды берейін. Жаратқан әрдайым елімізге жар болсын, егемендіктің іргетасы мықты болсын, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын», деді ғасыр жасаған майдангер.

Соғыс ардагері екі ұл, алты қыз тәрбиеледі. Осы бала-шағасынан қазір 19 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Айта кетсек, биыл мерейлі 100 жасқа толатын қария – Шым­кент қаласындағы көзі тірі жалғыз ер майдангер қарт. Әлбетте, оның ерлік істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, келесі буынға батылдық пен табандылықтың үлгісі болып қалары хақ.

Ал ҰОС ардагері Нина Мосунова 1943 жылы Можайск түбінде болған шайқаста пулеметші болып соғысқан. Кейін әуе қорғанысы бригадасы­ның құрамында радистер бөлімшесі­нің командирі ретінде жауынгерлік қызметін жалғастырған. Ардагер 1924 жылы Татарстанда туған. Ферма меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде әскерге шақырылып, Қазан қаласында радист мамандығы бо­йынша дайындықтан өтеді. Батыл жүректі қаһарман қыз ерлігінің арқасында «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады. 1948 жылы Шымкент қаласына көшіп келіп, осында бар саналы ғұмырын өткізеді. Н.Мосунова бейбіт заманда «КазЮгВзрывПром» деп аталатын басқармада хатшы-машинист болып жұмыс істеген. Соғыстан кейін еңбек майданында да аянбай тер төкті.

«Жеңіске дейін 100 күн» акция­сы аясында Шымкенттегі 6698 әскери бөлімдердің сарбаздары қос ар­дагерді келе жатқан Жеңіс мереке­сімен құттықтады. Әскери қызмет­шілер қарт жауынгерлердің жылы естеліктерін тыңдап, оларға арнап сый-сияпат жасады.

Акция аясында әскери оркестр патриоттық рухты оятатын түрлі музыкалық шығармалар орындады. Оның ішінде соғыс жылдарын еске түсіретін ескі әндер де бар.

«Өскелең ұрпақ батыр ұлдарын ұмыт­пай, әрдайым осылай құр­мет көрсетуі керек. Өйткені бү­гінгі бейбіт заман солардың ерлік­терінің арқасында орнады. Сон­дықтан ардагерлерді ешқашан ұмыт­паймыз. «Қарты бар үйдің қазы­насы бар» деп бекер айтылмаған. Ендеше, бізге Жеңіс дәмін татқызған ардагерлерді тірі уағында сыйлап, барынша құрме­тімізді көрсетіп қалуға тырысуымыз қажет. Жалпы, ардагерлермен кездесіп, бір ауық көңілін аулау – бейбіт шақта өмір сүріп жатқан бүгін­гі ұрпақ үшін бұлжымас парыз. Әрі оның патриоттық-тәрбиелік мәні де айрықша. Шайқаста ерлік көрсетіп, дұшпанмен айқасқан талай азамат Кеңес Одағының батыры атанды. Тыл жұмыскерлерінің де еңбегі өлшеусіз. Күндіз-түні бел жазбаған сол кісілердің еңбегінің арқасында майдан азық-түлік, киіммен, қару-жарақпен толық қамтамасыз етілді. Соғыс кезінде КСРО-ның батыс аймақ­тарындағы зауыт-фабрикаларды жау қолында қалдырмас үшін Қазақстанға көшіргені белгілі. Қазақтың сайын даласында өндірістің дүбірлеген кезеңі сол уақыттарда басталғанын ұмытпауымыз керек», деді әскери бөлім капитаны Сырым Сүндетов.

Мұраталы Төлепбергенұлы мен Нина Мосуновадай ардагерлер – арамызда жүрген тарихтың тірі куәсі. Олардың даңқы мен ерлік мұрасы қазақ халқының жүрегі­нен ешқашан өшіп кетпейді. Ал Жеңіс мерекесі батырлар есімін ұлықтаудың, олардың ерлігі мен өнегелі істерін бүгінгі жас ұрпаққа насихаттаудың жарқын үлгісі болып қала бермек.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, мерекеге орай ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 166 азаматқа 176 940 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған. Сондай-ақ 1 586 адамды қамтитын тыл еңбек­керлері мен марапатталмаған ардагерлерге 58 980 теңге шамасында әлеуметтік жәрдем төленеді. Сонымен қатар 70 адамды құрайтын ҰОС мүгедектерінің жесірлеріне, қаза тапқан 170 әскери қызметшінің отбасыларына жоғарыда аталған 58 980 теңге мөлшерінде жәрдем қаражаты ұсынылады. Қысқасы, ал­дағы қос мерекеде 1 994 адам бір реттік әлеуметтік көмек алады. Ал оның жалпы сомасы – 147,1 млн теңгеге тең.

 

ШЫМКЕНТ