Өндіріс • 16 Сәуір, 2025

Шымкент өнімдерін шетел тұтынады

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2022 жылы құрылған табысты кәсіпорынның бірі «BIO FOOD KZ» ЖШС-де сол жылы 15 адам жұмыс істесе, одан бергі үш жылда адам да, өндіріс көлемі де көбейген. Осы күнде отандық компания тәулігіне 25 тоннадан астам сүт өңдеп, сары май мен қатты ірімшік шығарады. Ішкі нарық сұранысын өтеп қана қоймай, экспортқа да сәтті сау­далауды жоспарлайды.

Шымкент өнімдерін шетел тұтынады

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде кәсіпорын қуаты еселеніп, қатты ірімшік өндірісінің ауқымы бұрынғыдан ұлғая бастады. Серіктестік қала аумағында өтетін жәрмеңкелерге де қатысып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосып келеді. Кәсіпкерлер алдағы уақытта өнім­дерін Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмір­лігіне экспорттауды жоспарлап отыр.

Серіктестік басшысы Санжарбек Абдувахидовтің айтуынша, қазір халықаралық сертификат әзірленіп жатыр. Құжат дайын болған соң өнім­дер Дубайға экспортталады. Кәсіпкер былтыр БАӘ-де отандық өнімді таныстырып, арабтың іскер азаматтарына айрықша ұнапты. Бірінші кезекте экологиялық табиғи тазалығы қызықтырған. Сөйтіп, Қазақстан өнімін ішкі нарыққа кіргізуге ықылас танытыпты.

Осы тұста айта кеткен жөн, қай­та өңделген отандық ауыл шаруа­шылығы өнімдері әр­дайым өзінің табиғилығымен ерек­ше­ленеді. Еліміз сыртқы нары­қ­қа қандай азық-түлік тауарын жөнелтсе де, оның сапасы мен экологиялық тазалығына толық кепілдік береді. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен саммитте Қазақстан Еуропа нары­ғына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға дайын екенін мәлімдеді.

а

«Құрт, сүзбе, сарымай, қатық, жеті түрлі ірімшік шығара­мыз. Шымкент, Түркістан нары­ғын қойып, Ақтау, Алматы, Қараған­ды қалаларына өнімдер жөнелтіп жатырмыз. Ірімшік пен сары майға мемлекеттен субсидия ала­­мыз. Олай етпесек бұл екі өнім­ді өндіруге кеткен шығын өз-өзін ақтамайды. Субсидия көме­­гімен шығынды жабамыз. Ауыл шаруашылығы саласы әрқа­­шан дотацияға мұқтаж. Дамы­­ған батыс елдерінде де фермер­лер дотациямен күн көреді. Бізде де осы субсидиямен талай фермерлік шаруашылық аяққа тұрып, жап-жақ­сы табыс тауып жатыр. Мен басында сиыр бағып, сүтін өт­кізіп жүрдім. Кейін сол сүтті неге өзім өңдемеске деген идеяға тоқ­талып, 2022 жылы фир­ма­ны аштым. Бірінші кезде оңай бол­ған жоқ. Бірақ маған жергілікті «Бөрте Милка» компания­сы жақсы көмектесті. Оларға алғы­сым шексіз. Бұл фирма да сүт өнімде­рін шығарады. Жергілікті компания­ларға қазір де оңай емес. Өйткені Ресей мен Белоруссиядан келетін тауар көп. Бағалары да арзан. Сондық­тан бәсекеге төтеп беру бізге қиындау. Дегенмен отандық өнімдер таза, сапалы болғандықтан, халық өзіміздің жергілікті тауарды алады», дейді кәсіпкер.

Оның үстіне, шетелдік өнім­дер­дің сапасы көңіл көншітпейтін көрінеді. Құрамында жасанды қоспа көп дейді. Сол себепті тұты­ну­­шылар өзіміздің өнімді таң­дайды екен.

ап

«Сүт таситын 8 көлігім бар. Шикізатты өзімнің жеке фермамнан, сосын Сайрам ауданына қарас­ты Манкент, Қарабұлақ, Ақдала ауыл­дарынан аламыз. Қазір ауыл тұрғындары жақсы үйреніп алды. Сиыр асырап, сүтін фирмаларға өткізеді. Күн­де­лікті сатқан бір шелек сүті­нің ақшасына малының жемшөбін алады, басқа да отбасы­лық шығындарына жаратады. Ауыл шаруашылығы саласын кооперация аясында дамыту деген осы болса керек. Бір кәсіпорын арқылы ұсақ шаруашылықтар, мал ұстаған ауыл тұрғындары қосымша пайда көреді. Шикізаттан күніне 25-30 тонна сүт жиналады. Соны өңдеп, табиғи өнім жасап шығарамыз. Біз ешқандай құрғақ сүт, басқа да жасанды қоспалар қоспаймыз. Бәрін таза сүттен жасаймыз. Тұтынушыны сыйлау керек. Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Ауыл тұрғындарының көбі сиыр бағып, оның сүтін өткізеді, мал бордақылайды, одан қала берді жер өңдеп егін егеді. Статистика бойынша былтыр сайрамдық тұрғындардан 1 күнде 350 тонна сүт жиналып отырған екен. Бұл Түркістан облысындағы аудандар ішінде өте үлкен көрсеткіштің бірі боп саналады», деді кәсіп иесі.

«Bio food kz» өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында биыл қалада қосымша цех аш­пақшы.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, шаһар аумағында қазір ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеуші 50-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде сүтті қай­та өндеумен айна­лысатын 10 кәсіпорын бар. 2024 жылы сүт өндейтін кәсіпорындар 5 499 тон­на қатты ірімшік және
1 438,2 тонна сары май өндірген.

 

ШЫМКЕНТ