
Фото: Қырмызы Жұмағалиқызы
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, бұл фестиваль – тек кәсіптік білімді насихаттаудың ғана емес, сондай-ақ, қол еңбегінің қадірін арттырудың символы. Мұнда әр қатысушы жұмысшы мамандықтарының сырын ашып, оны өз қолымен жасап көру арқылы еңбектің нағыз құнын түсінеді.
«Әрине, бүгінгі «Жұмысшы мамандықтар қаласы» бұл біздің елімізде бірінші рет өтіп отырған үлкен эмерсивті форматтағы іс-шара. Және бұл тек қана көрме стилінде емес, керісінше, қалаға келіп жатқан қонақтардың осында көрсетілген дүниелерді тек қана көзбен көріп емес, қолмен ұстап, мына жұмысшы мамандықтардың қыр-сырымен танысуға мүмкіндік беріп жатыр. Бұл бірінші кезекте, жұмыс берушілер мен колледждердің арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, оқушылар мен жастар арасындағы кәсіптік бағдарлауды дамытуға, яғни келіп жатқан жастардың өзінің мамандығын дұрыс таңдауына үлкен мүмкіндік беретін орталық. Жалпы, бұл қаланың осылай көрініс табуына әрине, барлық мемлекеттік мекемелер араласып отыр. Одан кейін 100-ден аса кәсіпорындар және 50-ге жуық колледждер қатысты. Тек қана жұмысшы мамандықтар қаласы емес, бірліктер қаласы деуге де болады. Өйткені бұл бірлік қаласында барлығы бас біріктіріп жұмысшы мамандықтарының әлеуеті мен оның жаңа қызығушылығын арттыруға және мәртебесін көтеруге бірлескен жұмыс атқаратындығын ерекше атап өту керек», деді Оқу-ағарту министрі.
Расымен де фестиваль еңбек нарығы мен білім беру саласының арасындағы алтын көпір іспетті. Өндіріс өкілдері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары бір алаңда кездесіп, тәжірибе алмасып, сондай-ақ шеберлік сыныптарына қатысып, жұмысшы кәсіптерінің қыр-сырын меңгере білді. Өз ісінің нағыз иелері болашақ мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың еңбек жолындағы сенімін нығайтуға ат салысты.
Бүгінде технология дамып, заманауи өндіріс қарқынды өзгеріп жатқанда, білікті жұмысшыларға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан мұндай фестивальдер жастарға тек кәсіп таңдауға көмектесіп қана қоймай, олардың бойында еңбексүйгіштік пен кәсіби дағдыларды дамытуға септігін тигізеді.
Фестиваль қонақтары арнайы құрылғылар мен интерактивті платформалар арқылы әртүрлі мамандықтардың ерекшеліктерімен танысып, өздерін әртүрлі салаларда сынап көрді.
Сонымен қатар қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты жақсарту арқылы жастарды техникалық және кәсіптік білімге ынталандырды. Сондай-ақ, қазіргі заманғы өндіріс пен жаңа технологиялардың қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, жастардың инновацияларға қызығушылығын оятты.
Осылайша, іс-шара жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін тағы бір мәрте айқындап, еңбектің қадірін ұғындырды.