Оқиға • 15 Желтоқсан, 2023

Өткен күнде белгі бар

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісінің бір қаһарманы Шымкентте тұрады. Аты-жөні – Сәбит Исабек. Желтоқсаншы өзінің басынан өткерген қиындықтары туралы әңгіме барысында баяндап берді.

Өткен күнде белгі бар

Желтоқсан көтерілісі әлеуметтік, саяси теңсіздіктен туындады. Елдің бірінші басшысы Қонаевты орнынан алып тас­тауы онсыз да пісіп тұрған жараның жарылуына тек түрткі болды деп бастады әңгімесін ағамыз.

«Атам ілгеріде ұжымшар төрағасы болған. Домалақ арыздың кесірінен ол кісі қызметінен босап, майданға алынады. Әйтпесе, ұжымшар төрағаларын тылда қалдыратын. Әкемнің атын ба­уырлары кішкентай кезінде қызылшадан шетіней берген соң ырымдап Қалдыкөз деп қойыпты. Жас уағында еңбекқор кісі болған. Бірақ орысша білмегендігінің кесірінен оқуға түсе алмайды. Содан болар кенжесінен бөлек, 6 баласының барлығын да орысша оқытты. Кеңес одағында қазақ мектебінде оқыған азаматтарды екінші сорт ретінде қарайтын. 10-сыныпты тәмамдаған соң, мектепте лаборант болып жұмыс істедім, белсенді болдым. Сөйтіп, кеңес әскеріне алынып, борышымды Батыс Украинада өтеп қайттым. Әскерде де Орталық Азиядан барған азаматтарды екінші деңгейлі адам ретінде қабылдайтын. Сол үшін әскерде талайымен сөзге келіп, төбелестік те. Міне, сол тұста менің ойым түбегейлі өзгерді. Бойымды намыс биледі. Қалайда жоғары оқу орнына түсу керек деп шештім. Бірақ оқуға құжаттарымды кеш тапсырып түсе алмадым. Амал жоқ, үйдегілерге дайындық курсында оқитынымды айтып, өзім «Алма Ата Жилстрой СМУ-30» деген мекемеге жұмысқа тұрдым. Науаи көшесіндегі жатақханада өңшең оқуға түсе алмаған қазақ жастары тұратын еді. Әңгімелесе келе білгенім барлығы да орыс тілін жеткілікті білмеген соң, оқуға түсе алмаған. Әскерге барып орыс тілін меңгерген азамат ретінде мені мекемеде комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаевтың орнынан алынғанын, содан жастар көтеріліске шыққанын естідік. Ол кезде ауылдың жастарын қалаға тұрақты тіркеуге қоймайтын. Қазақ азаматтарының қызметке іліге алмайтыны содан-тұғын. Қонаевтың орнына басқа жақтан Колбинді әкеп қойғаны іштегі қыжылды одан бетер қоздырып жіберді. 17 желтоқсан күні жатақханаға үлкен ағалар келді. Олар алаңда не болғанын айтып, мән-жайды баяндады. Содан ертесіне алаңға баратын болып келістік. Алайда таңертең жатақханамызды әскер қоршап тұрды. Бірақ артқы есіктен қашып шықтық. Алаңда ең алдымен көзге түскені – жастар мен қолдарындағы плакаттар. Бұрын теледидардан ғана тамашалайтын шетелдегі ереуілдерді енді көзіммен көрдім. Бұрынғы Мир көшесіндегі Пушкин кітапханасынан жоғары көтеріле бергенімізде, милициялар қолындағы сойылдарымен ұра бастады. Кейін шегіне бергенде солдат соққыға жығып жатқан қызды арашалауға ұмтылдым. Қыздың басы жарылып, менің де қолым қан болды. Сойылға қарсы таяқпен қорғандым. Сол сәт суретке түсіп қалыпты. Жиналған қарақұрым халықтың арасында полковник қазақ кісі: «айтар шағымдарыңыз болса, мінбеге көтеріліңіздер» деді. «Мен сөйлеймін» деп шықтым. Бір кезде генерал шенді біреу «Бұл маскүнемдерді кім әкелді, неменеге бұлармен келіссөз жүргізуміз керек!», деп айқайды салды.

Алматыда бір-ақ қазақ мектебі мен балабақшасы бар екенін бұған дейін білмеппін. Ереуілде бәрі мәлім болды ғой. Оның өзін Қазақстанға іссапармен келетін түрлі ел басшыларына «ұлттық мектептерің кәне» дегенде, «міне» деп көрсететін жай үлгі ретінде ғана ұстап отырған. Мінбеде тұрып: «айдаладан біреуді әкелгенше, неге Қазақстанға өз ішінен бір адамды басшы етіп қоймайды» дегенімде, сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы: «Бұл жоғары жақтан шешіліп қойған мәселе, оны ешкім өзгерте алмайды», деді.

Ал «Қазақтың ұлдары мен қыздарын бостан-босқа неге ұрып-соғасыздар, сонда біз қарап тұруымыз керек пе?» деген сұрағыма ешкім де жауап бере алмады. Кейін бізді қайтадан орнымызға алып барды. Осы арада солдаттар топырлай келіп, саперлік күректерімен жиылып тұрған жастарды соққыға алып, ығыстыра бастады. Күректің бір ұшы менің басыма тиді. Көзімнен от жарқ етіп, ес-түссіз жерге құладым. Сәл уақыттан соң көзімді ашсам, екі курсант аяғымнан сүйрелеп әкетіп бара жатыр екен. Басым болса тасқа соғылды. Бір уақытта тұрғызып алды. Бір офицер келіп, «он еще живой» деп тағы да сол жерде соққыға алды. Тергеу изоляторындағы кішкентай ғана камерада өңшең басы жарылған, қол-аяғы сынған қазақ жігіттері болдық. Сонда жирен шашты лейтенант шеніндегі қыздың: «Немене өздеріңді батыр сезініп кеттіңдер ме? Сендерге бәрібір емес пе, бірінші басшылыққа кімді қойса да? Сендер нағыз халық жауысыңдар!» деген кекесін-мазағы әлі күнге дейін есімнен кетпейді», деді ағамыз.

...Желтоқсаншы қаһарман тергеу абақтысында марқұм Қайрат Рысқұл­бе­ковпен көрші камерада жатып, тіпті бір-бірімен тілдескен де екен. Сәбитті Савицкийді жабылып өлтірдіңдер деген жаламен соттамақшы да болған. Оны мінбеде шығып сөз сөйлегені құтқарып қалған. Дегенмен ол жаладан құтыла алмай, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Түрмеде де біраз азап көрген. Абақтыдағы ауыр жұмыс пен қиын тіршіліктің салдарынан өкпе ауруына шалдығып, денсаулығынан айырылған. Мерзімінен ерте босап шыққан соң Сәбит Исабек қазақтың ақиық ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов басқаратын арнайы комиссия құрамында жұмыс істеген. Еліміз тәуелсіздік алып, кеңес одағы келмеске кеткен шақта желтоқсаншылар өздерін ақтау жөнінде заңның күшіне енуін талап етеді. Бұл жолы қойған талаптары орындалып, ақыр соңында әділдік салтанат құрды.

Қазір кейіпкеріміз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өздері аңсаған егемен елде бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатыр. Осыған да тәубе дейді.

«Бірақ кейде қазақтың балалары бір-бірімен орысша шүлдірлеп жат­қанын көріп: «қарақтарым, қазақша сөйлесіңдер» десем, «өзіміз білеміз» деген­дей жақтырмаған кейіп танытқанда, шіркін рухани азаттықтың дәмін сендер әлі білмейсіңдер ғой деймін ішімнен», деп ағынан жарылды ағамыз.

 

ШЫМКЕНТ