02 Сәуір, 2010

ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАП, ҚОРҒАУ МІНДЕТ

892 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы қажеттігі баса айтылған еді. Бұл орайда еліміздің құқық қорғау органдары, әсіресе, полиция қызметкерлері өздерінің басты міндеті халыққа қамқорлық жасай алу мен оларды қауіптен, небір заңсыздықтардан қорғай білу екендігін жақсы түсінуі қажет. Көшеде қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын немесе жол бойында ала таяқ ұстап жол қозғалысы ережесін бақылайтын әр оқалы киімді қызметкердің міндеті билік соғу емес, тәртіп орнауы үшін қызмет ету болып табылады. Міне, біз осы орайда Ішкі істер министрлігі Жол полициясы комитетінің бастығы, полковник Қайрат Тыныбековке жолығып, Елбасының тапсырмаларына сай құқық қорғау саласын реформалау барысы мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік. – Қайрат Сағатханұлы, Президент Жол­да­уында құқық қорғау жұмысын одан әрі жақ­сарту туралы нақты айтылды. Өзіңіз білесіз, бей­біт кезеңдегі жолдағы апат саны талай адам­ның өмірін жалмап жатыр. Оған, әрине, көп­теген себептер бар екені белгілі. Дегенмен, бұл әбден деңдеген жағдайды жақсарту үшін қазір қандай амалдар қолданылуда? – Мемлекет басшысының Жолдауында ай­тылған міндеттерді орындауда, атап айт­қанда жол қозғалысын қадағалау жүйесін оң­тай­ландыруда біз барынша тың шараларды қолға алып отырмыз. Соңғы он жылдағы жағ­дай, яғни жол-көлік апатының салдары бұл мәселеге аса жауапты қарауды талап етеді. Халықтың өмірі мен денсаулығынан артық еш­теңе жоқ. Ал еліміз жолдарындағы жол-көлік оқиға­ла­рының зардабы жан түр­шік­тіреді. Жалғыз Қа­зақстан ғана емес, бұл мә­селеге әлем халқы алаң­даушылық білдіріп отыр. Мәселен, Дү­ниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын әлемде жол-көлік оқиғасынан 1,2 млн. адам опат болып, 50 млн. адам жарақат алып немесе мүгедек болып қалады екен. Сонда кіріс деңгейі орташа мемлекеттерде жол-көлік оқиғасының шығыны 65 млрд. АҚШ долларын құрап, жалпы ұлттық өнімнің 1-ден 1,5 пайызын жұтады. Бұл біле біл­ген жанға кез келген елдің тұрақты да­муына әсерін тигізбей қоймайтын үлкен қауіп. Демек, адамдар әлі де осы апаттың орасан қатерлі екендігін жете түсіне қойған жоқ. Соңғы он жылдың ішінде еліміз жолдарында 30 мыңнан аса адам опат болып, 165 мыңдай адам түрлі жарақат алды. Міне, сондықтан да біз Жолдауда айтылған міндеттерге сай әрі осы адам өмірін айдаҺардай жалмаған апаттан халықты қорғау үшін Жол қозғалысы ере­же­сінің сақталуын бақылауды күшейту жөнінде ке­шенді шаралар қабылдадық. Соның ар­қа­сында жыл басынан бері 409 құқық бұ­зу­ш­ы­лық­тың алды алынып, 12 мың ішімдік ішіп рөлге отырған жүргізуші ұсталды. Сот арқылы 8 мың жүргізуші куәлігінен айырылып, 1,5 мыңы әкімшілік қамауға алынды. Әрине, бұл сан­дар айтуға ғана жеңіл, ал шын мәнінде оны орындау үшін қаншама еңбек сіңірілді. Ос­ыншама жұмысты атқару үшін үнемі “Қа­уіп­сіз жол”, “Автобус”, “Назар аударыңыз: ба­лалар!” деген секілді көптеген республикалық іс-шаралар өткізілді. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, құқық қорғау органдары жү­йе­сін ре­формалау барысында біз техникалық тек­­серіс жүргізу қызметі міндетін бәсе­ке­лестік ор­таға беру мәселесін көтердік. Тех­никалық тек­серісті өткізудің тәртібі мен мерзімін бел­гілеу Көлік және коммуникация ми­нис­тр­лігіне жүктеліп, жол полициясына тек көлік құ­ралдарын пайдалану кезінде оның уа­қтылы техникалық тексерістен өткендігін ба­қылау ғана қалады. – Шет елдерде жол полициясы қыз­мет­кер­лері жол бойы мен қиылыстарда тұрмайды және олар біздегі секілді қаптаған әкімшілік хат­та­ма­ларды то­л­тырып жатпайды. Бірақ, соған қа­ра­мастан, ол­ар­­­да жолдағы жүргізушілердің тәртібі төмендеген емес. – Дұрыс айтасыз, мұндай жағымды үрдіске біз де қол жеткізуіміз қажет. Сон­дық­тан да өткен жылы Ішкі істер министрлігінің ше­­шіміне сәйкес Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Өс­­кемен, Орал, Ақтау және Атырау қа­ла­ларында жол қозғалысын бақылауды автоп­а­трульдік әдіс­пен қадағалауды енгіздік. Қазіргі кезде олардың қатарына тағы үш қаланы қостық. Нәтиже жаман емес. Оның үстіне мұндай амал Жол қозғалысы ережесін бұ­зушыларды дер кезінде байқауға, оларға ескерту жасауға мүм­кіндік береді. Сонымен қатар, заңға қайшы қи­мыл­дың қандай түрі болмасын дер мезгілінде оның алдын ала әрекет етуге тиімді. Автопатрульдік көлікке бейнебақылау және бейнекөріністі жазатын, ақпаратты сақтайтын екі арнайы бейнекамералар орнатылған. Оның біріншісі, көліктің маңдайшасына қойыл­ған­дық­тан көріністі бірнеше есе үлкейте алатын оп­ти­калық қуатты түрлі-түсті камера болып та­бы­ла­ды. Ол көлік құралдарының қозғалыс бағыты бойынша кең көлемді қамтуға мүм­кіндік береді. Ал екінші бейнекамера жасырын орна­тыл­ған­дықтан көлік ішіндегі көріністі және құқық қорғау органдары қыз­мет­кер­лерінің заңдылық пен тәртіпті сақ­таудағы іс-әрекетін дәлелдеуге пайдаланылады. Барлық бей­некөріністерде түсірілген уақыты, адам­дар­дың дауысы да жазылады. Соның арқасында аталған қалаларда қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігі біршама түзеліп қалды. – Жол полициясы комитеті жанынан жол полициясының қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, ол қазіргі уақытта жұмысын бастап кетті. Осы орайда, аталған қоғамдық кеңестің ортақ тәртіптің сақталуына көмегін тигізетініне сенім қандай? – Бұл қоғамдық кеңестің пайдасы зор деп үлкен сеніммен айта аламын. Өйткені, біз байқамаған кейбір кемшіліктерді олар бай­қайды, ақылдасып пішкен тон келте болмайды де­гендей, күрмеуі көп мәселелерді шешуде, ор­тақ бір пікірге келуде көмегі тиеді. Сон­дықтан да, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру, оның халық үшін ашық бо­луына қол жеткізу мақсатында ішкі істер ор­ган­дары жол полиция бө­лі­ністерінің қызметіне азаматтық қоғамдық институттарды тартып отырмыз. Аталған бұл қоғамдық кеңес Жол полициясы комитетінің консультативтік-кеңесу органы болып табылады. Оның құрамында Парламент Се­натының депутаты, “Нұр Отан” ХДП өкілдері, ғалымдар, ардагерлер және БАҚ өкілдері бар. Жалпы алғанда, кеңесті құру маңызды оқиға дейміз. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің тиімділігін арт­ты­рып, қыз­мет­керлер арасында тәртіп пен заң­дылықты ны­ғайтуға, қоғаммен тұрақты бай­ла­нысты ұстауға, сондай-ақ жол полиция қыз­метіне қоғамдық бақылаудың тиімді тетігін құ­руға жол ашады. – Жол қоз­ғалысы қауіп­сіздігін жақ­сарту мақ­са­тын­да өзге иі­гілікті шара­лар­мен қатар, жүр­гі­зу­шілерді да­йын­дау мек­теп­терінің оқыту сапасы арт­ты­рыл­ды, құқық бұзу­шылық көрінісін тайға таңба бас­қан­дай түсіріп ала­тын фото және бей­не­жазу жүйелері орнатылды, 1-8 сынып оқу­шы­лары үшін жол қозғалысы ережесі мен ал­ғашқы дә­рі­герлік көмек көрсету са­бақ­тары бойынша тың бағдарламалар енгізілді. Айта берсе жаңалық көп. Бірақ, жол-көлік оқиғасы төмен­дегенімен, ондағы өлім-жітім азаймай тұр ма, қалай? – Иә, сондай іргелі амал­дарға қарамастан, үс­ті­міз­дегі жылы ел жол­да­рын­дағы жағдай қазір күрделі күйінде қалып тұр. Өткен екі айдың ішінде ЖКО ке­мі­ге­німен, опат болғандар саны 26 пайызға өсті. Мұның сыры тереңде. Жол-көлік оқи­ғасын сараптау ба­ры­сында белгілі бол­ғанындай, яғни жүргізуші мен жүр­гін­шіге қанша жерден айыппұл мен санкцияларды қолданғанмен, жол бойындағы жағдай түзеле қалмайды. Сон­дықтан да жолдардағы апаттарды алдын ала ескерту жөніндегі кешенді сапалы шараларды қолға алу қажет деп есептеймін. Бірақ бұл қомақты қаржыны қажет етеді. Демек, біз бүгінде соңғы бірнеше жылда жинақталған табысты істерді аяқсыз қалдыруды емес, керісінше, ол тәжірибелерді одан әрі дамытуға күш салып, пайдасын көруге тиіспіз. – Бұл орайда жол қозғалысы қауіпсіздігін жүзеге асырып қана қоймай, азаматтардың жол полициясы қызметіне байланысты сұрақтарын түсіндіру, тиісті сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, жолдармен еркін және кедергісіз қозғалу құқын қамтамасыз ету мәселелері де шешімін табуы тиіс емес пе? – Әрине. Міне, осыған байланысты “Жеке кәсіпкерлік туралы” заңына сәйкес жол қозғалысының қауіпсізідігі аясындағы тәуекел өлшемдерінің белгілері айқындалып, бекітілді. Оның мақсаты, жүргізушілерді дайындау және қайта дайындау, жүк, такси, жолаушыларды тасымалдау бойынша қызмет көрсететін кә­сіп­керлік субьектілеріне жол полициясы та­ра­пынан қолданылатын әкімшілік қысым­дарды төмендету болып табылады. Тәуекел өлшемі жүйесін енгізу бақылау нысандарын саралап жіктеу мен нақты қызметті тиімді ұйымдастыру есебінен жол қозғалысы саласында ереже мен нормалардың сақталу деңгейін арттыруға қол жеткізеді. Жол қозғалысы қауіпсізідігі ай­ма­ғындағы тәуекелдер өлшемінің жүйесі биз­нес-қауымдастығы тарапынан да қолдау тауып отыр. Еліміздің тасымалдау әлеуетін көтеру мақсатында әкімшілік кедергі болып келген жол полициясының стационарлық бақылау постыларының санын 1998 жылдан бері 189-дан 36-ға дейін азайттық. Олардың көбі тасымалдау қызметі үшін қолдан жасалған жасанды кедергілер еді. Біз бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастыра береміз. Әрине, көліктер ешуақытта бақылаусыз қалмайды, бірақ жол қозғалысын қадағалау көлікті кідіртпей, тоқтатусыз жүргізіледі. Бұған қоса халыққа қызмет көрсетуді ба­рын­ша жақсартуды қолға алып отырымыз. Мұның нақты бір көрінісі ретінде жақын арада Үкімет көлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәліктерін беру бойынша мемлекеттік қыз­мет­ті көрсету стандартын бекітті. Соның ар­қа­сын­да енді азаматтарға жүргізуші куәлігін, авт­окө­лік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу мен құжат тапсырылған сәттен бастап тіркелген нөмір белгілерін қолға алу уақыты 6 сағаттан аспай жүзеге асырылады. Ал сенім хат арқылы көлік құралдарын басқаратын жандарды тіркеу бойынша қызмет көрсету тегін және уақыты бір сағаттан аспайды. Бұл жерде бір айта кетерлік жәйт, тіркеу-емтихан пункттеріндегі кезек мәселесі Алматы мен Астана қалаларына ғана тән болып тұр. Өйткені, мұнда адам саны көп және халыққа қызмет көрсететін талапқа сай әкімшілік ғимараттар жоқ. Бірақ, соған қа­ра­мас­тан, азаматтар басқа ме­ке­ме­лер­ден құжат, мә­селен жеке куәлікті аларда өті­ніш бергеннен ке­йін бір­неше күн күтсе, жол по­ли­циясы бө­лімше­лерінде қызмет өтініш түскен күні-ақ көр­сетіледі. – ТМД елдерінің ара­сында сыбайлас жем­қор­лық­пен күресті бастаған бі­рінші біздің ел. Содан бері осынау кесірлі кеселмен үзбей күрес жүргізіліп ке­леді. Бірақ, шыңдығы керек, басқа да мем­ле­кет­тік органдармен қатар құқық қорғау органдары арасында да жемқорлықтың белең алып тұрғаны ешкімге жасырын емес. Осы орайда жол полиция қызметкерлерінің міндетін жазалаудан гөрі халықтың конституциялық құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай бағыттай алса әлдеқайда тиімді болар ма еді? – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру бағытында өткен жылдың аяғында біз жол полициясы бөлімшелерінде көрініс беретін жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы шаралар жоспарын дайындап, оны орындауға кірістік. Негізінен бұл шараларды жүзеге асыру барысында жол қауіпсіздігін арттыру мен жолдардағы жемқорлық проблемаларын ше­шу­де қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарға сенім артамыз. Өткен жылы Жол по­лициясы комиеті мен “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалдары өкілдерімен бірге аймақтарда жол полициясының жеке құрамымен жұмыс кез­десулері өтті. Онда жол қозғалысы мүшелеріне қатысты сыпайы әрі ілтипатты болу, заңдылық пен тәртіптің сақталу мәселелері талқыланды. Бізде “Жолда қабылдау” деген акция бар. Бұл жұмыс екі бағытта, яғни про­бле­ма­лық мәселелерді жалпы жиналыстарда қарап шешу және азаматтарды жеке қабылдау арқылы жүзеге асырылды. “Жолда қабылдау” акция­сына 30 мыңнан аса адам атсалысты, олардан 6 мыңға жуық өтініштер түсіп, оның басым көпшілігі қанағаттандырылды. Ал комитет және аймақтық жол полициясы басқарма басшы­лы­ғының жеке қабыл­да­уында 3 мыңға жуық адам болып, оның 90 пайызының өтініші толық жүзеге асырылды. 2006 жылы комитет құрылымында бақылау-сауықтыру бөлімшесі құрылған еді. Оның негізгі міндеті, жол полициясы бө­лім­шелерінде жем­қор­лыққа қарсы жұмыстарды жүйелі түрде ұй­ым­дастыру мен жүргізу болып табылады. Үстіміздегі жылы олар 267 тек­серіс жүргізді, соның нә­тижесінде 71 қыз­меткер жауапқа тартылса, оның 13-і бас­шылық лауазымдағы жандар. Өйткені, біздің негізгі міндетіміз азамат­тарға қамқорлық жасай отырып, олардың конс­ти­туц­ия­лық құқын қорғау болып табылады. Ал бұл та­лап­ты орындай алмағандарға арамызда орын жоқ. – Салмақты да салиқалы әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.