31 Наурыз, 2010

АДАМ КАПИТАЛЫН БЕЛСЕНДІРУДЕГІ ШЕШУШІ ҚАДАМ

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
“Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында ел Президенті Н.Назарбаев дағда­рыс­тан кейінгі кезеңдерге, сондай-ақ, тұ­тастай алғанда, алдағы онжыл­дыққа арналған дамудың жаңа ауқымды міндеттерін белгілеп берді. Бұл міндеттердің маңызы орасан зор. Біріншіден, экономи­каны жедел әртараптандырудың нақты механизмдері арқылы жаңғырту – осы мақсатқа жетудің төте жолы. Олар­дың бірі – Жолдауда жаңа эко­номиканың қозғаушы күші ретінде танылған кәсіпкерлікке арқа сүйеу. Мұнда негізгі екпін өңірлік инвес­тициялық саясатты күшейту арқылы бекемделген аймақтардағы кәсіпкер­лікті дамытуға түсірілетін болады. Екіншіден, бұл, менің ойымша, елдің басты байлығы ретінде нақты адамға бағдар жасау. Мұндай көзқарас кездейсоқтық емес. Соңғы жылдары адам капи­талы факторын толығырақ жүзеге асыру қажеттігін барынша молынан сезіне бастадық. Өйткені, мұнсыз еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес. Міне, дәл сондықтан Мем­ле­кет басшысы “елдегі модерниза­ция­лау стратегиясының табысты­лы­ғы, бірінші кезекте, қазақстан­дық­тар­дың білім-білігіне, әлеумет­тік және  денсаулық жағдайына тәуелді” екенін ерекше атап көр­сетті. Жолдауда Мемлекет басшысы адам капиталы сапасын жоғары­латуға бағытталған нақты міндет­терді алға қойды: - 2020 жылға қарай қалалық та, сол сияқты ауылдық жерлердегі де балалардың бәрі мектеп жасына дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылатын болады; - балаларды мектеп жасына дейінгі білім берумен және тәр­бие­мен қамтамасыз етуді арттыруға ба­ғытталған “Балапан” арнайы бағ­дарламасын әзірлеп, 2010 жылдың бірінші жартысында жүзеге асыруға кірісу жөнінде міндет қойылды; - денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмір салтын қа­лыптастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе төмен­детіп, жалпы өлімді 30 пайызға, ал туберкулезбен ауруды 20 пайызға қысқартатын болады. Сонымен бірге, өмір сүрудің күтілген ұзақ­ты­ғы 22 жасқа дейін ұлғаятын болады; - халықты еңбекпен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік сая­сат­тың басты басымдығы болып та­былады. Сондықтан Мемлекет бас­шысы 2020 жылға қарай жұмыс­сыз­дық деңгейі 5 пайыздан, ал табыс­тары ең төменгі өмір сүру деңгейін­дегі халықтың үлесі 8 пайыздан аспауы жөнінде міндет қойды; - әлеуметтік қызметтер тек мұқ­таж азаматтарға ғана көрсетіліп, олар қазіргі заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмір деңгейіне сәйкес келуге тиіс. 2015 жылға қа­рай базалық зейнетақылық төлем­дер мөлшері ең төменгі өмір сүру дең­гейі­нің 60 пайызына дейін, ал мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақы­лар 2010 жылға қарағанда 1,2 есе арт­тырылуы тиіс; - Мемлекет басшысы 2010 жылы “Жол картасы—2009” жоспа­ры бой­ын­ша басталған тұрғын үй-ком­му­налдық сектор нысандарын қайта қалпына келтіруді жалғасты­ру, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кең ауқымды мо­дер­низациялаудың 2020 жылға дейінгі жоспарын әзірлеу жөнінде міндет қойды. Бұл жағдайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ин­фрақұрылымдарын модерниза­ция­лау эксплуатациялық шығындары­ның үлесін төмен­детумен және ресурс сақтаушы технологияларды енгізумен қоса жүруі тиіс. Ауылдық жерлерді құбыр суымен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатын болады. Осынау өзекті міндеттерді шешу өңірлер арасындағы, ең бастысы, қала мен ауыл тұрғындары арасын­дағы халықтың тұрмыс деңгейіндегі алшақтық проблемасын бірізді­лікпен шешуге жағдай жасайды. Нәтижесінде, әрбір қазақстан­дық өмір сапасының артқанын сезініп, өзі тарапынан экономика сала­ла­рындағы өнімділікті арттыру­ға үлес қосатын болады. Сондықтан, экономиканы сер­пін­ді әртараптандыру бағдарла­ма­сындағы басты басым бағыттардың бірі болып табылатын елдің адами капиталын дамыту Қазақстан Рес­публикасының экономикалық өсімі үшін айтарлықтай мультиплика­тивті тиімділік әкелуге тиіс.