31 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚСТАНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ЖАҢА ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНС-ЗЕРТХАНА САЛЫНБАҚ

552 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Алматыда Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов,   АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд  және АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігінің директоры Кеннет Майерс мырзалар   М.Айқымбаев атындағы Қазақ ғылыми карантиндік және зооноздық инфекциялар орталығы базасында болашақта салынатын әлемдік стандартқа сай орталық референс-зертхана (ОРЗ) құрылысының басталуына орай өткізілген шараға қатысты. Бұл жаңа зертхана Қазақстанның ерекше қауіпті патогендерінің қауіпсіздігін күшейтіп, Қазақстан және Орталық Азия ғалымдарының ғылыми ізденістерін арттырмақ. Мамандардың айтуынша, ОРЗ – адам­дар мен жан-жануарлардағы инфекциялық аурулардың диагностикасы жөніндегі еліміздің бас зертханасы, әрі Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруа­шы­лығы министрліктерінің ғылыми прак­тикалық кадрлар даярлайтын, сондай-ақ ғылыми-зерттеудің халықаралық орталығы да болып табылмақ. – Салынатын орталық референс-зертхананың стратегиялық маңызы өте зор, – деді жиында Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев. – Екіншіден, бұл зертхана тек қана қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы қандай да бір инфек­ция, соның ішінде вирус, бактерия бола ма, оларды өзімізде анықтауға, оның құ­рамын зерттеуге, сондай-ақ керекті вак­ци­на, басқа қарсы тұратын дәр-дәрмек­терді шығаруға мүмкіндік тудырмақ. Негі­зі­нен зертхана екі түрлі басты қызмет ат­қарады. Біріншісі, ғылыми-зерттеу, оқыту болса, екіншісі, Қазақстанда бүкіл ин­фекциялық, биологиялық қатерлі аурулар осы жерде зерттеліп, қорғалып, сақталады. Зертханада үш салалық министрліктің 250-дей қызметкері ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен айналысатын болады. Жаңа зертхананың құрылысын түге­лімен АҚШ үкіметі қаржыландырып отыр. Оған 60 млн. доллар қаржы жұмсалмақ. Мұнда жоғары деңгейдегі стандарттар, қауіп­сіз және қорғалған биологиялық зерттеудің қазіргі заманғы ең жаңа технологиясы қолданылмақ. 2013 жылы құрылысы аяқталатын орталық зертхана халықаралық деңгейдегі Қазақстан, АҚШ және басқа да дүние жүзінің елдері халықтарының денсаулығының нығаюына өз үлесін қоспақ. АҚШ Елшісі Ричард Хоугландтың айтуынша, бұл жаңа зертхана аса қауіпті патогендердің қазақстандық коллекциясы­ның қауіпсіздігін күшейтеді және Қа­зақстан мен Орталық Азиядағы ғалым­дардың ғылыми мүмкіндігін арттырмақ. “Бұл 1993 жылдан бері қолданылып келе жатқан жаппай қырып-жою қаруы­ның қауіпсіздігін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы мемлекетаралық келісімді жүзеге асырудың нақты көрінісі болып табылады”, деген ол одан әрі Қазақстан мен АҚШ-тың қауіпсіздік және қырып-жоятын қарудың барлық түрін жою саласында жиырма жылдан бері бірлесе іс-қимыл жасап келе жатқанын айтты. Бұл орайда екі ел президенттері Обама мен Назарбаевтың Вашинг­тон­да 12 сәуірде өтетін Ядролық қауіпсіздік саммитінде  екеуара кездесетіндігі осы тарихи әріп­тестіктің нақты мысалына айналмақшы. –             Сөз орайында мен АҚШ-тың үш азаматының осы іске қосқан үлесін де бөле-жара айта кетсем деймін. Қазақстан өз алдына тәуелсіздік алған кезеңде американдық сенаторлар Сэм Нанн және Ричард Лугар ядролық, химиялық және биологиялық қарулар өндірген кеңестік бағдарламалардың көбі Қазақстан территориясында сыннан өткенін, оның зардаптары жас ұрпаққа орасан зор қауіп төндіретінін айтып, АҚШ үкіметі мен са­лық төлеу­ші­ле­рін осы терри­то­рияны қатер­лі қару қалдық­та­ры­нан таза­лауға мүм­кіндік беретін бағ­дар­ламаны қаржы­ландыру қа­жет­тігіне олардың көз­дерін жет­кіз­ген болатын. Ал үшінші адамға кел­сем, ол АҚШ-тың қор­ға­ныс ми­нис­трі­нің қауіп­сіздік мәселесі жөніндегі кеңесшісі Эндрю Вебер деген азамат. Бүгінгі шараның жүзеге асуына оның сіңірген еңбегі бір төбе, – деді ол. Сондай-ақ, жиында АҚШ Қорғаныс ми­нистр­лігі Қауіп-қатерді азайту агенттігінің ди­рек­торы Кеннет Майерс аталмыш нысанның маңыздылығына тоқтала келіп, бұл болашағы зор әлемдік деңгейдегі зертхана болатынына және де ол қазақтар мен және басқа да әлем халық­тарының игілігіне, денсаулық саласына қосылған үлес екендігін атап өтсе, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ОРЗ-ның салынуы – мемлекетіміздің және оның басшысы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының, сонымен қатар екі ел басшыларының экономикалық өзара әріптестік қарым-қатынасының қол жеткізген нәтижесі екеніне тоқталды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.