31 Наурыз, 2010

ТӨЛЕШЕВ

710 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ұлт басылымдарының абы­зы бо­лып есептелетін “Со­циалистік Қа­зақстан” (бүгінгі “Егемен Қа­зақстан”) газетінің Ұлы Отан со­ғысынан кейінгі оқырмандары Сей­ділда Төле­шевтің есімін жақсы бі­леді. Көзі ашық, көкірегі ояу күн­делікті басылымдарды шолып шық­пай ас батпайтын қауым атал­ған газет бетінен әлгі аза­маттың мақаласын көрсе, оқып шық­қан­ша асығатын болған. Газеттің ол саны қолдан-қолға көшіп, әп-сәтте гу-гу әңгімеге арқау болып кете барады екен. Осы орайда, бүгінгі оқыр­ман “Сонда ол кісінің жаз­ған­дары не­сімен қымбат, қандай ерекшелігі болған?” деуі әбден мүмкін. Сей­діл­да Төлешев кө­біне сатиралық сыни мақалалар жазған. Тілі аса шұрайлы, әр сөзі мен сөйлемдері, образды кескіндеу әдісі әжуалы сарказмге толы, ойлы да өткір, мақтамен бауыздайтын жеңіл әзіл­мен кейіп­керін алдымен еркеле­тіп, сосын нақтылы дәлел-дәй­екпен желке­леп жазатын болған. Сати­рик (фельетонист) – осы жанрдың ­әл­ем­дік айтулы өкілі Эзоп­тың ай­туынша, өз заман­ын­дағы келеңсіз қырсық атаулыны сылып тастай­тын алмас пышақ. Бұл мазмұндас пікірді орыс са­тиригі Н.Крылов та айтып кеткен. Сейділда Рахатұлы Төлешев – ­өз дәуірінің көріксіз көріністерін әшкерелейтін, ұлттық баспасөздің ақ семсері болған адам. Қазақ Кеңес энциклопедиясында атап көрсеткендей, ол сыни мақалалар мен фельетонның шебері, су төгілмес жорғасы. Сейділда Сыр бойындағы “Төң­керіс” ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық мектептен кейін әуелі паровоз депосында жұ­­мыс істейді. Сонда жүрген кезінде аудандық, облыстық және респуб­ли­калық газеттерге халық шаруа­шы­лығының күре тамыры санала­тын саладан проблемалық толғам­ды публицистикалық очерктер, сын мақалалар мен бұлтартпас ай­ғақтармен әдіптелген фельетондар жазып кеңінен таныла түседі. Ол өзінің келешекте дау-дамайы көп жанрға бес қаруын әбден сайлап кіру үшін өзінің білімін жетіл­ді­руді көздейді. Сөйтіп, екінші оқу ор­нына – заң техникумына тү­седі. Оны үздік бітірген Сейділда біраз жыл сот тергеу орындарында тергеуші болып, бұл саладағы бі­ліктілігін де жетілдіреді. Сөйтіп, пар­тия қатарына (Шиелі топыра­ғынан шыққан тұңғыш РСДРП мүшесі) өтеді. Ондағы мақсаты ком­мунистік журналистика инсти­тутына түсіп, жоғары білім алу еді. Баспасөзге белсене қатысып, қа­ла­мы төселе бастаған С.Төлешев партия органдары жолдамасымен аталған жоғары оқу орнына түсіп, оны да ойдағыдай бітіріп шығады. Сәкең аталған оқу орнының Қа­зақстан бойынша тұңғыш түлегі. Кәсіби журналист деген жо­ғары білім алғаннан кейін жоғары партия органдары С.Төлешевті 1931 жылы баспасөз саласына жі­береді. Біраз жыл “Еңбекші қа­зақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеті редакциясында баспасөзге шолу, партия тұрмысы, насихат, әдебиет және сын бөлімдерінде мең­геруші болып, өзінің білімі мен талантының, тәжірибесі мен табандылығының арқасында газет жұмысының жандануына, Қазақ­стандағы журналистика саласы­ның қалыптасып, кең қанат жа­юы­на мол үлес қосады. Осындай қабілет-қарымымен танылған С.Тө­лешевті жоғары орындар “Ком­­му­нист” журналының бас редакторы етіп тағайындайды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жеңіспен оралған соң, Тө­лешев өмірінің соңына дейін “Со­циалистік Қазақстан” газе­тіндегі қызметін жалғастырады. Газет жанрларының бәріне қалам тартады. Алған тақырыбын шұ­рай­лы тілмен көркемдеп, әр сөзі мен сөйлемін сұлу құрып, оқыр­манды қызықтырып, ынтықтыра түседі. Жоғарыда біз оның әмбебап жорналшы екенін айттық. Десек те осылардың ішінде оның есімін елге кеңінен мәлім еткен, артында өлмес із қалдырған өнері ­– оның фельетонистігі. С.Төлешев – қа­зақ баспасөзіндегі деректі фелье­тонның кәнігі шебері әрі осы са­лада теориялық ғылымның не­гізін салушы көшбасшыларының бірі болды. Егер “Социалистік Қазақстан” га­зетінің 1945-1955 жылдар беде­рін­дегі тігінділеріне көз жүгірт­сеңіз, С.Төлешевтің фельетон­да­рын апта сайынғы сандарынан қы­зыға оқисыз. Ол көбіне ма­те­риал­да­ры­на газет практикасында бар тә­жі­рибеге орай, басылым құ­пиясын және этика сақтап С.Шы­наров, С.Айтуаров және Т.Күрең­ше деп бүр­кеншік атпен қол қойып отырған. Соғыстан кейінгі он жыл қа­ламгерлік өмірінде жанрын тапқан жорға жорналшы ретінде баспасөз тарихынан ойып орын алған. Секеңнің әр фельетонының аты оқырманды елең еткізіп отырған. Мәселен, “Қопаң-қопаң етеді”, “Бастықтың әні, кеңсенің сәні”, “Тіліңе тыйым сал”, “Ал, кеттім”, “Күйеу бас жемейді”, т.б. фелье­тон­дары әлі күнге дейін ел ау­зын­да жүр. Ол фельетондарын болған оқиғаларға құрғанмен сол нақты деректерге шырмалып, құр факті­лерді баяндап, ескі сүрлеуге түсіп кетуден өзін аулақ ұстаған. Әр ма­қаласын соны да қызықты оқи­ға­ларға құрып, кейіпкеріне, кәсібіне сай кескін-түр беріп, сосын мінез-құлқы мен әдет-дағдысын да ерек­шелендіріп отырған. Әр көрініс пен оқиғаға әжуа, мысқыл, шым­шы­малы, шаншымалы тіл қолда­нып, кейіпкерінен оқырманды еріксіз жирендірген. Оқиғасы мен тілі үйіріп әкететін деректі фелье­тондары тіпті көркем шығарма дәрежесіне көтеріліп, қазақ топы­рағындағы Бейімбет Майлиннен кейінгі сатиралық прозаның шын шебері екенін дәлелдеп кеткен қаламгер десек, артық айтқандық емес. Күнделікті тақырыптарға ар­налған памфлеттері бейбітшіліктің шырқын бұзушы бүлікшілдерге оқ боп атылды. Сол дәуірдің жегі құр­­тына айналған жатып ішер жал­қаулар, даурықпашыл даңғой­лар, жымқырма жемқорлар, ала­жіп аттаған, ақпаршыл көзбояу­шы­лар, өсектің өртін тұтатқан жел­ауыздар, некебұзар нәпсі құл­да­ры оның нысанасына дер ке­зін­де ілініп, сыбағасын алып отырған. Төлешев ­алған тақырыбын ойнатып түрлендірудің, қызықты сюжет құрудың да шебері болған. Кейіпкерін бас салып сын қам­шы­сының астына алмай, тұс­пал­дап барып, мінін бетіне басып отырған. Бірер мысал: бірде ол Ал­маты қаласы Виноградов ша­ғын ауданындағы базарға барады. Базар маңында көптен тартылмай жатқан шалшық көлшік бар екен. Автор, тағы бірнеше адам әлгі бал­шыққа “батып”, шыға алмай қалады. Амалы таусылған соң батпаққа батқан пақырлар бізді ұйықтан шығарып ала гөр деп қалалық кеңсе бастығына өткен-кеткеннен жалынышты хат жол­дай­ды. (“Самсоновқа сәлем­де­ме”). Міне, оқиға қандай қызық­ты. Фельетоншы шалшықты таза­ла­мадың деп қала бастығын тіл­демейді. Қайта “бізге мейі­ріміңізді түсіріп, балшықтан шығара гөр” деп мұң шағу арқылы көрініске кінәлілердің буынына түседі. Айыбын ашып айтпай-ақ, бетіне басады. Қандай тапқырлық! Тапқыр­лығына тағы бір мысал: Н. ауданына бірінші хатшы болып Т. жолдас келеді. Келісімен ауданда мал басы кеміп кеткен. Енді қо­нақ­қа мал сойыл­май­тын болсын, бас тартылмайтын болсын деп пәр­­мен береді. Жұрт оның да ама­лын тауып, хатшы­ға мал басын көр­сет­пей құр ет тар­тады. Хатшы үнемі осы дұрыс деп етке тойып, тайып тұра­тын болған. Сөйт­кен хатшыға аудан ауыл­дарында бір жыл ішін­де 160-тай қой сой­ылады. Бі­рақ, басы тартыл­май­ды. Осы сора­қы­лықты С.Төле­шев әдемі әз­іл-сю­жет құра оты­рып, “хат­шы осы аудан­ға кү­йеу екен, сон­дық­тан оған бас тарт­пай-ақ қойың­дар” (“Күйеу бас жемейді”) деп әжуалайды. Сейділда Төлешев – жалық­пай ұстаздық еткен жан. Ұзақ жыл ұлттық университетте (қазіргі Әл-Фараби атындағы) болашақ жор­нал­шылар мен әдебиетшілерге са­ти­радан дәріс оқыды. Оның алды­нан талай көрнекті газет қызмет­керлері тәлім алып шықты. Сей­діл­даның фельетондары талай ғы­лыми еңбектерге, дипломдық жұ­мыс­тарға негіз, талапкерлерге аз­ық болды. Осы саланың білгірі, бел­­­­­­­­­гілі ғалым, профессор Т.Қоже­кеев, кезінде “Ара-Шмель” жур­на­лын басқарған журналист-сати­рик С.Әлжіков те Төлешевтің “шекпенінен” шыққан, үміт арт­қан шәкірті еді. Біз көптің бірін ғана атадық. Әйтпесе, елуінші жылдардың орта шеніне дейін Қа­зақстанда даярланған журна­лис­тердің бұл кісінің алдын көрмегені кемде-кем. Ол өте талапшыл, тура жол­дан ауытқымайтын жаны да, тәні де таза еді. Кемшілікті сына­ғанда ымырасыз, ал шындық десе, басын бәйгеге тігетін адалдықтың айбыны еді дейді қызметтес болғандар мен көзін көргендер. Қай ғасырда, қай саяси қо­ғам­да болмасын сын айтқан адамның ай­дарынан жел ескенін естіген емес­піз. Ішер ас, киер киімге жа­ры­май көз түрткі болып Эзоп өт­кен дүниеден. Пушкин мен Го­голь әруағын төбелеріне көтерген­ше орыс ақсүйектері ұлы И.Кры­ловты монах санап, шығарма­ла­рын аяқ асты етіп келген. Қыс­қасы, оның мысалдарын өтірік түсінбейтін ағым қалыптасыпты Ресейде. Мұндай пиғыл бүгін де бар, бола береді де. Мәселен, өзі­міздің Асекең де (Тоқмағамбетов) кешегі социалистік реализм ке­зін­де көп нәрсені айта алмай, жаз­ғанын бүгежектеп бастыра алмай бармағын шайнап өтті. Бүгінгі дүниелік даңқы бар түріктің ұлы жазушысы Әзиз Несин де өз елі мен бүкіл капиталистік қоғамнан бір жылы сөз естімей-ақ жүр. Мұн­дай күйкі тұрмыс пен рақат­сыз өмір С.Төлешевтің басында да болды. Жазғанын кезінде ұжымы мен әріптестері ғана сүйсіне оқып, алақандарында аялады. Ал іс басында жүрген азаматтар оған күдікпен одырая қараған кездері аз болмаған. Осындай көзқарас­пен қолайлы баспанаға жарымаған тоқал тұрмыс оның өмірінің ерте үзілуіне (49 жасында) себепті болған. Жайбасарлық мінезімізбен қа­зақ журналистикасының абыз ар­дагері С.Төлешевтің туғанына 100 жыл толғанда да шөп басын қи­мыл­датпай үнсіз қалдық. Жур­на­листер одағы, ұлттық универ­си­тет те үн қата қоймады. Туған же­рін­дегі (Шиелі, Төңкеріс ауы­лы) ел басқарып отырған азамат­тар да әруа­қты азаматты ардақ­тауды ұмыт қалдырды, мұндайда ештен кеш жақсы демеске шараң жоқ. Өтеген ЖАППАРХАН,  Қазақстанның құрметті журналисі. Қызылорда.