31 Наурыз, 2010

СУ БАСҚАН АЙМАҚТАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

1010 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Облыстық баспасөз клубында Шығыс Қазақстан облысының бес-ал­ты  ауданында су тасқынының орын алуына байланысты бірнеше бас­қар­малар мен департамент бас­шы­ларының сын сәтте көмек көрсетіп жат­қанына бай­ланысты ақпарат құрал­дары өкіл­дерімен кездесу болып өтті. Бірінші болып сөзді облыстық білім беру бас­қармасының бастығы Ерсаин Нәбиев алды. – Жағдайды жедел бақылау және су тас­қынынан зардап шеккендерге уа­қытылы көмек көрсету үшін білім беру бас­қармасы мен бөлімдерінде су тас­қынына қарсы штабтар құрылып, ке­зекшілік ұйымдастырылған. Балалар, мұ­ғалімдер және ата-аналар арасында ке­ңінен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Осыдан екі күн бұрын біз бір топ адам Көк­жыра, Жәнтікей, Ақсуат ауыл­дарында болып, ата-аналар және оқу­шы­лармен кездестік. Жағдай мұнда өте ауыр. Жәнтікей, Көкжыра, Көктүбек ауылдарында үш мектеп қираған соң толықтай жабылып, 800-дей оқушы басқа жерге көшірілді. Олар енді оқуларын Екпін, Ақсуат, Сәтбаев ауылдарында, Көкжырадағы ескі мектеп ғимаратында, Ақсуаттағы №17 кәсіптік лицейдің жатақханасында жалғастырмақ. Биылғы қатал қыстың салдарынан облыстың барлық мектептерінде жарты айдан астам уақыт сабақтың болмай қалғаны белгілі. Демек, біз бағдар­ла­ма­дан қалмауымыз керек. Ұстаздар қауымы жазғы тестке сапалы әзірленуі керек. Сондықтан қосымша сабақтар жүр­гі­зіл­мек. Қазір облыстың көптеген мек­теп­те­рінде қызмет ететін ұстаздар бір күндік та­быстарын аударып, қолма-қол қаржы жи­настыруда. Сын сәтте сіздермен біргеміз, – деді Ерсайын Ахметуәлиұлы. Облыстық кәсіпкерлік және өнер­кә­сіп басқармасының қызметкерлері де апат болған аймақтарға көмектерін жал­ғастыруда. Соңғы бір аптада олар Тарбағатай, Күршім, Зайсан және Қатон­қа­рағай аудандарына АИ-80 маркалы 128,5 тонна, АИ-92 маркалы 101 тонна бензин және 124,5 тонна дизель отынын жіберген. Жолдар жабылып қалса да жанармай тасушылар араға бірнеше күнді салып, амалын тауып жеткізе білген. Арматура зауыты 300 мың тең­генің, “Дина” толайым сауда базары – 120 мың, “Кседа” және “КЭМОНТ” сауда үйлері әрқайсысы 290 және 270 мың теңгенің көмегін көрсеткен. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы  бастығының орынбасары А. Тайсарин айтып берді. Апат салдарынан бүгінге дейін 60 мыңға тарта малдың өлгені, 1 мыңнан астам үйлердің қирап қалғаны, басқа да зардаптардың орын алғаны ауырт­па­лық­тар жүктеп тұр. Кенді Алтайға рес­пуб­ликадан 841 миллион, ал жергілікті бюд­жет­тен 180 миллион теңгенің бөлінгені бел­гілі. Қазір ауа райы салқындап, қар­дың күрт еруі бір сәтке тоқтағанымен, Премьер-Министр  К. Мәсімовтің селек­торлық кеңесте облыс басшыларына “Биыл бізде көктем болмайды, жаз бір-ақ шығады”, деген сөзі көп жайдан хабар беріп тұрғандай. Егер ауа райы күрт ысып, қар тез еріген жағдайда апаттың ауылы алыс болмайды. Жиында өліп жатқан малдарды жи­нап, адамдарға түрлі сырқаттардың жұқпауы үшін профилактикалық шара­лардың өте сылбыр өтіп жатқаны да сөз болды. Ветеринарлық қызмет түрлері әлі қалың ұйқыда. Заң бойынша облыстық санитарлық-эпидемиолог­ия­лық бақылау жөніндегі басқарма қызметкерлері қаладағы сауда орындарына түсіп жатқан еттің сапасын тексере алмайды екен. Мұнымен ветеринарлық қызмет түрлері прокуратураның рұқсатымен ғана айна­лы­са алады. Өлген мал етінің базарларда саудаланып кетпесіне кім кепілдік бере алады. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орын­ба­сары Нұрланғазы Ибраевтың айтуынша, Көкжыра, Жәнтіке, Көктүбек ауыл­да­рын­дағы дәрігерлер аудан орталығы Ақ­суатқа жеткізіліп, бұл жерде 7 бірдей дәрігерлік пункт ашылған. Оларға 450 мың теңгенің қажетті дәрі-дәрмектері беріліпті. Қазір Тарбағатай ауданына санитарлық 5 көлік және бірнеше жедел жәрдем мәшинелері жіберілді. Тіпті 5 бірдей психолог мамандар да зардап шеккендермен жұмыс істеуде. Осыдан бірер күн бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Абай ауданының бірнеше ауылдарын аралап, жағдаймен танысты. Мұның алдында күннің қатты ысып кетуінен аудан орталығы Қарауылдың бір шетін тасқын судың шайып кеткені белгілі. Мал азығының азаюынан өлім-жітімге жол берілуде. Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы аудан және ауыл әкімдерінің сын сәтте сылбырлыққа жол беріп, тіпті үй маңындағы шатырдан асып кеткен қалың қарды тазаламай отыр­ғанын сын тезіне алды. Абайл­ық­тар­ға көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ, адам­дар да сергек болып, апаттың алдын алуға күш салулары тиіс деді облыс әкімі. Кеше облысқа  Премьер-Ми­нис­трдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев келіп, су тасқыны орын алған Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Үржар аудандарында апат зардаптарын жою жағдайымен танысты. Су тасқынының қанша зиян келтіретіні, қанша қар­жы­ның қажет екені сонда анықталмақ. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.