31 Наурыз, 2010

ЖӨНСІЗ АҚПАРАТҚА НЕГІЗ ЖОҚ

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қызылағаштағы су тасқынынан елді мекеннің аяғындағы Ақтоған мен Егінсу ауылының халқы зардап шеккенімен адам шығыны болған жоқ. Қазіргі кезде мұнда да қираған үйлерді қайта салу мен зақымданған­дарын күрделі жөндеу басталды. Арнайы тексеруден соң Егінсудағы 26 үй  жаңадан салынса, 47 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Ал, Ақтоған ауылында 65 үй қайта салынатын болса, 37 үй жөндеу жұмыстарын қажет ететіні анықталған. Аталған елді мекендердегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени нысандарды қалпына келтіруді “Алматы құрылыс”, “Облтяжстрой” мекемелері бастап, жұмыс және техника күші тартылып, мүмкіндігінше құрылысты қысқа мерзімде аяқтауға жұмылған. Тасқын шайған 13 шақырым су құбыры жүйесіне арнайы қондырғы орнату мақсатында 5900 метр ор қазылып, жүйеге қажетті құбыр орнатылды. Халықтың азық-түлік қауіпсіздігі мен судың сапасы облыстық санитарлық-эпидемио­ло­гиялық қадағалау басқармасының мамандары қажетті нормаға сәйкестігі жайлы қорытынды жасап отыр. Бүгінгі күні Қызылағашта тасқыннан қаза болғандар саны 44 адамға жетті. Әлі де бір адам­ның із-түзсіз жоғалғаны жайлы туыстарының шағымы бойынша іздестіру жұмыстары жал­ға­су­да. Қызылағаш, Ақтоған мен Егінсу ауылдарында 2742 бас малдың өлексесі анықталып, көмілді. Кейбір ақпарат құралдары құрбан болғандар­дың қатары жүздеп саналады дегені шындыққа жанаспайтынын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов құқық қорғау орган­дарына жақын туыстарын іздеп, арыз айтушы­лар­дың келетінін  айтты. Бүгінгі күні бір азамат­қа қатысты іздестіру шараларынан өзге өтініш тіркелмеген. Адам емес, малы жоғалса іздеу салынатынын ескерсек, жөнсіз ақпаратқа негіз жоқ деуге болады. Республикалық шұғыл құтқару отряды мен облыстың судан құтқару қызметіндегілер өзен са­ға­сындағы 15-20 шақырымдағы іздестіру жұ­мыс­тарын әлі де жалғастырып келеді. Сонымен қатар №28237 әскери бөлімінің 40-тан астам әскери­лері “МИ-171” тікұшағымен ашық алаңдарды тексеріп, із-түзсіз кеткен адамның денесін іздестіруде. Тұрғындардың өтінішімен көктемгі егіске байланысты жер беру мәселесі шешіліп, 45 шаруа қожалығы науқанға қажетті тұқым, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілетін болды. Берілген алқаптарға қант қызылшасы, көкөніс өсіру жоспарланса, диқандар күздік бидай себуді қолға алатын болды. Егістікті суару мақсатында Қызылағаш су қоймасын қалпына келтірудің құжаттары жасалып, қаржы бөлінді. Оған дейін өзен суын пайдалану арқылы егістік суарылып, болашақ молшылыққа берік негіз қалау жұмысы жалғасуда. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.