31 Наурыз, 2010

СУ БАСЫП ҚАЛУ ҚАУПІ БАР

724 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Биыл Қызылжар өңіріне де қар әдет­те­гі­ден көп түсті. Солтүстіктің алты ай бойы ақ көрпесін айқара жамылған қыты­мыр қысы мен сақылдаған сары аязы жерді екі метрге дейін сірестіріп қатырып тастады. Соның салдарынан облыс орта­лы­ғында бірқатар су колон­калары істен шықты. Көктемнің алғашқы айынан “түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз” ауа райы  құбылып тұр. Гидро­ме­теорология қызметкерлерінің айдың аяғына қарай 5-10 градус жылылықты көрсетеді деген болжамы келе қойған жоқ. Қасат қардың біртіндеп еруін жақсы­лыққа жорыған Петропавл қа­ласы тұрғындарының қауіптене­тін­дей тұстары да жоқ емес. Өйткені, күн күрт жылыса, Есіл өзеніне тақау  орналасқан Зареч­ный кенті мен Тері зауыты ша­ғын ауданын судың шайып кетуі әбден ықтимал. Төтенше жағ­дайдың алдын алуға күнібұрын қам жасалмаса, сай-саланы қуа­лай аққан ағын судың зардабын  петро­павл­дықтар талай тартқан. Осыны ескерген болу керек, су тасқынын болдырмау, кездесе қал­ған жағдайда жедел қарекетке кірісу жайы облыстық әкімдікте, селекторлық кеңесте бірнеше рет қаралып, тиісті бас­шылар мен аудан әкімдеріне нақты мін­дет­тер жүктелді. Оның үстіне Алма­ты облы­сы­на қа­расты Қызыл­ағаш  ауылындағы тосын апат та үлкен сабақ болған тәрізді. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық де­партаменттің басты­ғы Әлейтжан Сәтті­баев­тың берген деректеріне қарағанда кез келген оқыс оқиғаны жедел залалсыз­дан­ды­ру­ға техника да, адам күші де дайын. Инертті материалдар мен жанар-жағармай қоры жеткілікті. Көпірлер мен 12 cу қоймасы жан-жақты тексері­ліп, кезекшілік бекеттері ұй­ымдастырылған. Радиобайланыс құралдары­мен қамтамасыз етіл­ген. Қауіпті аймақтарда тұрған ауылдар мен тұрғындардың  тізімі алы­нып, тез арада көшіру жол­дары ойласты­рыл­ған. Қажетті азық-түлік қорлары да жа­салған. Апатты жағдайларды жою шаралары үшін 28,5 миллион теңге қарастырылған. Басқарманың өкілдері  кейбір елді ме­кен­дерді су алып кету қаупі барын жасырмайды. Әсіре­се, М.Жұмабаев, Шал ақын аудандары бойынша  сақтық ша­ралары аса қажет. Бұл аймақ­тарда бірқатар ауыл-селолар қауіп­ті жерлерде тұр. Ғ.Мүсіре­пов ауданында орна­лас­қан   Тайсары, Шарық су қоймалары  ши­рек ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Қар суы көп жиналса, шыдас беруі екіталай. Уәли­ха­нов ауданындағы Сілеті су қойма­сы­ның ар­насынан лықси төгілген су Қулыкөл, Қайрат, Көбенсай ауыл­дарының тұрғындарын жыл­да үлкен әбігерге түсіріп жүр. Сондықтан бұл маңайға қажетті материалдар мен техникалар шоғырландырылып, жергілікті бюджеттен 2,76 миллион теңге бөлінген. Қауіпті жерлерді алдын-ала болжай біліп, табиғат апаттарын мүмкіндігінше болдырмау, алдын алу, тез арада жою,  техника мен адам күшін жұмылдыру жұмыс­тарын ұтымды ұйымдастыру үлкен сын болғалы тұр. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.