31 Наурыз, 2010

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНДЫ

647 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің нақтыланған жобасы қаралды.Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев респуб­ли­калық бюджетті нақтылау Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған жаңа Жолдауын жүзеге асыру үшін қажет болғандығын атап көрсетті. Жолдауда кейбір басымдық беріліп отырған мәсе­ле­лерге қосымша қаржы бөлу жайында айтыл­ған болатын. Мәселен, Елбасы респуб­ликалық бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы мен мемлекеттік стипендияларды 25 пайызға арттыру ісін бұрын көздел­ген­дегідей үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен емес, 1 сәуірден бастау жөнінде тапсырма бер­ген еді. Болат Жәмішев өз сөзінде осы мәселеге байланысты республикалық бюджет есебінен қосымша 53,8 миллиард теңгенің қаржысы қарастырылатындығын жеткізді. Сонымен қатар, еліміздің үдемелі ин­дустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 143,8 миллиард теңге, “Бизнестің жол картасы-2020” жобасын жүзеге асыруға 30 миллиард теңге, “Инвестор-2020”, “Экспорттаушы-2020”, “Өнімділік-2020” бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы шикізаттық емес секторды дамыту шараларына 5 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры­ның жарғылық капиталын арттыруға 62,8 миллиард теңге, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін “Қазагро” холдингіне 28 миллиард теңге, ғарыш саласын дамытуға 7 миллиард теңге, “Қорғас” кеденінің ин­фрақұрылымдарын жетілдіруге 6 миллиард теңге, Астанадағы жаңа университеттің екінші кезегінің құрылысына 5 миллиард теңге қарастырылатын болды. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларында 2011 жылы Қысқы Азия ойын­дарын өткізу үшін дайындық пен тиісті инфрақұрылымдарды дамыту үшін 44,4 миллиард теңге қарастырылмақ. Елбасы тапсырмасымен еліміздегі ба­ла­лар бақшасы мен мектепке дейінгі меке­мелер жүйесін жетілдіру үшін “Балапан” бағдарламасының әзірленгендігі белгілі. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін де көлемді қаржы бөлінетін болды. Республикалық бюджетте қосымша қарас­тырылып отырған аталған шығындарды жабу үшін бюджеттің кіріс бөлігі де артты­рылатындығы белгілі. Бұл қаржы қайдан пайда болып отыр? Премьер-Министрдің осы мәселеге байланысты сауалына орай Болат Жәмішев еліміздің Беларусь және Ресей елдерімен Кеден одағына бірігуіне байланысты үстіміздегі жылдың өзінде бюджетке 61 миллиард теңгенің қосымша кірісі пайда болады деген болжам жасал­ғандығын атап көрсетті. Міне, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен сту­денттердің мемлекеттік стипендияларын өтеу үшін қажет болып отырған 53,8 миллиард теңге қаржы осындай жолдар арқылы өтелмек. Осыған қарағанда еліміздің Кеден одағына қосылуы мемлекетке қаржылай тұрғыдан пайдалы болып шыққандығын байқауға болады. Премьер-Министр өз сөзінде осы бір жағдайға екпін түсіріп өтті. Отырыста сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрлері Гүлшара Әбдіхалықова, Жансейіт Түймебаев, Ақылбек Күрішбаев, Премьер-Министрдің орынбасарлары Әсет Исекешев, Ербол Орынбаев, Өмірзақ Шөкеев сөз алып, бюджеттен бөлінетін қосымша қаржылардың жұмсалу жолдары туралы айтып берді. Олардың сөздеріне қарағанда бюджеттен экономикалық блок үшін бөлініп отырған қаржы түбінде еліміз үшін игілікті қызмет атқарып, ел байлығын еселеуге жәрдемдес­пек. Мәселен, қазіргі күні Қазақстанның Ресей рыногына ет экспортының көлемі 1 мың тоннаға да жетпейтін болса, болашақта құрылған Кеден одағының беретін мүмкін­діктерін пайдалана отырып, таяудағы 3 жылдың өзінде ғана оның көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. “Қазагро” холдингі үшін бөлінетін қаржы осындай мақсат үшін қызмет етпек. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселеде электронды мемлекеттік сатып алу ісін ұйым­дастыру жайы сөз болды. Осы мәселе жө­нінде де баяндама жасаған Қаржы ми­нистрі Болат Жәмішевтің айтуынша, биылғы жылдан бастау алған бұл жоба қазірдің өзінде едәуір тиімділік беріп отыр екен. Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, қаралып отырған мәселелерге байланысты тиісті тапсырмалар берді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.