31 Наурыз, 2010

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС

499 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жос­парларына, сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу туралы менің ұсынысыма қолдау білдірді. Мен Саммитте ЕҚЫҰ-ның жауап­кер­ші­­лігі аймағында қауіпсіздіктің көкей­кес­ті проблемаларын, Ау­ғанстандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін талқылауды ұсындым.

(Қазақстан халқына Жолдауынан).

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев Қазақстанға Мемлекеттік сапармен келген Словакия Республикасы­ның Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті.Қазақстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынас сенімді саяси үнқатысулар түрінде дамып келеді. Қазақстанға жоғары деңгейдегі алғашқы сапарды Словакия Президенті Р.Шустер бастаған болатын. Ол біздің елімізге 2001 жылдың қараша айында келген еді. Ал Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Словакия Республикасына Мемлекеттік сапармен 2007 жылы барған бо­латын. Сапар барысында екі ел ара­сын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтас­тық­ты дамытуға негіз қаланып, құқықтық ба­за­ны құрайтын Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастың негіздері туралы дек­ларацияға, үкіметаралық және ведом­ство­аралық келісімдерге қол қойылған еді. Қазақстан мен Словакия арасындағы парламентаралық және аймақаралық бай­ланыстар да жақсы даму үстінде. Словакия Парламентінде құрамына 50 депутат енетін Қазақстанмен достық тобы құрылған. Сондай топ Қазақстан Парламентінде де бар. Былтырғы жылы Қарағанды мен Курчатов қалаларында Словакияның құрметті консулдығы ашылды. Ақордадағы ресми қарсы алу рәсімдері аяқ­талған соң Мемлекеттер басшылары екі­жақты келіссөз жүргізді. Бір атап көрсететін жәйт – әлемдік қаржы дағдарысына қара­май, екі елдің арасындағы тауар айналымы 2009 жылы 10 пайызға артып, 1 млрд. АҚШ долларын құраған. Жалпы алғанда, 2003 және 2009 жылдар аралығында екі елдің арасындағы сауда көлемі 10 есеге жуық артқан. Екеуара кездесу аяқталып, президенттер кеңейтілген құрамда келіссөздер үстеліне отырды. Жиынды ашқан сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Шағын құрамдағы кездесуде біз өзара ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де жоғары екендігімен келістік. Қазақстан Словакияны Еуроодақтағы өте маңызды және перспективалы әріптесі деп таниды. 2007 жылғы менің Братиславаға сапарым барысында қол қойылған құжаттардың талаптарын екі жақ та тиімділікпен іске асырып келеді. Бүгінгі кездесу біздің қатынастарымызға жақсы серпін беретініне сенімдімін”, деді. Бүгінгі күні екі елдің арасындағы эко­но­микалық және ғылыми-техникалық ын­ты­мақтастық жөніндегі үкіметаралық комис­сия белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақ­станда 17 бірлескен кәсіпорын құрылған. Олар құрылыс, фармацевтикалық препарат­тар, көтерме сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Қазақстан Словакияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлесін қоса түсуде. Соңғы екі жылда осы елге жеткізілген қа­зақ­стандық көмірсутегі шикізатының көлемі үш есе артып, былтыр ол 3 млн. тоннадан асты. Сондай-ақ, Қазақстан экспортының құрамында түсті және қара металдар, мақта, химикаттар бар. Ал Словакиялық импорт­тың тауарларын мәшинелер мен техникалар, жабдықтар, құрылыс материалдары, гер­би­цид­тер, дәрі-дәрмек, тамақ өнімдері, поли­графия өнімдері және басқалар құрайды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сөзінде өсімі 10 пайызға жетіп, 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларына жеткен сауда айналымының бұл жетістігі әлі ең жоғары шек емес екенін, бү­гінгі кездесу оның дами түсуіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Өз кезегінде Словакия лидері Қазақстанға шақыр­ғаны үшін Қазақстан басшысына алғысын білдіре келіп, екі елдің арасында ешқандай келіспеушіліктің жоқ екенін айтты. Қазақ­стан біз үшін ғана емес, бүкіл Еуроодақ елдері үшін Орталық Азиядағы ең сенімді әріптес, деді ол. Кеңейтілген құрамдағы келіссөз ба­ры­сында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­масын іске асырып жатқанын, оған 20 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, жаңадан 176 нысанның тұрғы­зы­ла­тынын айтты және словакиялық іскер топ­тарды осы іске қатысуға шақырды. Өз кезегінде Иван Гашпарович Қазақстанның экономикалық дамуына және Астанадағы құрылыс қарқынына өзінің таңданысын жасырмады. Қазақстан бүгінгі күні осы аймақтағы шикізат пен қуат ресурстарын шығарумен айналысатын ел ретінде ғана маңызды емес, сонымен бірге аймақтық сая­сатқа ықпал ете алатын белсенді ел ретінде де маңызды болып отыр, деді ол. Оның дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы дер едім. Мен Қазақстан төр­аға­лық еткен тұста Ұйымның жұмысында жаңа серпін болатынына сенімдімін. Сондай-ақ Қа­зақстанның бастамасымен Астана қала­сын­да болмақшы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер лидер­лерінің саммиті де табысты өтеді деген үміттемін. Айта кетерлігі, келіссөз барысында Словакияның автомобиль жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс және тағы басқа салалардағы кластерлер құру тәжірибесі Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру барысында қолданылуы мүмкін екендігі аталып өтті. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында өңдеу өнеркәсіптері, жеңіл және тамақ өнеркәсібі өнімдерін өндіру, туризм және білім беру, шағын және орта бизнес салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкін­діктері сөз болды. Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Кеден одағының да сло­вакиялық инвесторлардың Қазақстандағы әрекеттеріне жаңа перспективалар ашу мүмкіндігі айтылды. Әлемдік өзекті проблемалар бойынша тараптардың ұстанымы өте жақын екендігі белгілі болды. Соның ішінде халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және таратпау бағытындағы позициялар өзінің бірегейлігімен танылады. Келіссөздер аяқталған соң президенттер журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Оны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы өзара байланыстар мен экономикалық ынтымақтастыққа Қазақ­стан­ның зор мән беріп отырғанын жеткізді. Өйткені, әлемдік дағдарысқа қарамай, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қа­ты­настар дамып келе жатыр және оны арт­тыра түсу әлеуеті үлкен, деді Елбасы. Оның үстіне Словакия әлемдік саясатта Қазақстан бастамаларын қолдайтынын, соның ішінде ЕҚЫҰ көшбасшыларының саммитін Астанада өткізу жөніндегі идеяны да қол­дай­­тынын мәлімдеді. Словакия телевизиясы журналисінің сұ­рағына берген жауабында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы словакиялық компаниялардың Қазақ­станда құрылыс индустриясын дамытуға, жиһаз жасау, жеңіл және жалпы мәшине жасау салаларына қатысу мүмкіндіктері зор екенін атап өтті. Ал “Хабар” агенттігінің сұрағына берген жауабында Иван Гаш­паро­вич Словакияның жерасты газ қоймаларын жасау әдістерімен бөлісуге әзір екендігін, сонымен бірге, төртінші буындағы атом реакторын жасауда Қазақстан және Жапо­ниямен ынтымақтаса іс-қимыл жасауға әзірлігін жеткізді. Жақсыбай САМРАТ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.