Қазақ пен татар халықтарының тілі ортақ, діні ортақ, ділі ортақ, мәдениеті де ортақ екені белгілі. Қазан төңкерісіне дейін қазақтың көптеген тұлғасы Қазан қаласының оқу орындарында білім алды. Солардың қатарында Ахмет Бірімжан, Мұхамеджан Қарабаев, Иса Қашқынбаев, Жансұлтан Сейдалин, Уәлихан Танашев, Әбубәкір Алдияров, Садық Аманжолов, Арынғазы Боштаев сияқты қайраткерлер бар. Қазан қаласы алдымен қазақ қайраткерлерінің ізі мен қолдарының табы қалған шаһар ретінде қадірлі.
Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақстанның әдеби аспаны» атты көрме ашылды. Осы көрмеде еншімізге қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларымен қатар осы заманғы қадамдарын үш тілде таныстыру құрметі бұйырды. Қазандықтар классиктеріміз Абай, Мағжан, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов шығармаларымен жақсы таныс екендіктерін аңғартты. Соның ішінде кітапханамыздың атын алған Сәбит Мұқановтың татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқаймен достығы туралы әңгіме екі жақ өкілдерінің аузынан көп айтылды. Сәбең Ғабдолла Тоқайды «Шығыс поэзиясының алыбы» деп жоғары баға берген. Осы жерде әдебиеттің мәдениеттерді жақындастырудың ерекше кілті екеніне әбден көзіміз жетті.
Елімізден апарып, көрмеге қойылған барлық басылымдарды Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасына сыйға тарттық. Ұлттық кітапхана мен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.
Көрмеден соң Ұлттық кітапханаға саяхат жасадық. Ол екі ғимараттан тұрады екен, ежелгісі XVIII ғасырда салынған бұрынғы Қонақ ауласында орналасқан, екіншісі – жаңа корпус. Кітапхана 1865 жылы ашылып, қазір барша Ресейдің ірі мәдени орталығына айналып отыр. Кітапхананың қорында 3 миллионнан артық дана кітап бар, соның ішінде сирек қолжазбаларды, көне фолианттар мен бірегей архив материалдарын қамтиды. Қордағы коллекциялар – әлемнің 50 тілінде. Кітапхана іргесінің қалануы ХІХ ғасырда орыс ағартушысы И.Второвтың 903 атаулы 1 908 дана кітабын қалалық муниципалитетке сыйлауынан басталған. Осынша кітапты қайда сыйғызарын білмеген қала басшылығы кітапхана тұрғызуға мәжбүр болған екен.
Кітапхана қоры кітаптар ғана емес, әлемнің барлық елдерінен жазылып алынған газеттер, журналдар, карталар және т.б. басылым өнімдеріне толы. И.Второвтың үлгісімен талай адам кітап қорларын кітапханаға мұраға берген көрінеді. Сондықтан мұнда ұрпақтар жалғастығы деген түсінік те жиі айтылады.
Кітапхана басшылығы мен ұжымы жылы көңілдерімен ақжарқын күйде қарсы алды. Әсіресе кітапхананың басшысы Мәдина Фатыхқызының жарқын көңіліне тәнті болдық.
Есте қалған ерекше оқиғалар да аз болған жоқ. Соның ішінде татар жазбасының ежелгі руникалық символдарынан кириллицаға дейін 287 әріпті пайдаланғаны есте қалды. Демек татар әдебиетімен егіз дамыған қазақ жазбаларында да соншалық әріп болғаны ғой. Кітапхананың жаңа ғимаратындағы осы заманғы технологиялар да ұмытылмас әсер қалдырды. Олар бұрынғы дәстүрді жалғастыра отырып, жаңа инновациямен жымдаса үйлескен.
Мәдени күндер аясында Қазан қаласының басқа кітапханаларымен де таныстық. Шаһарда Ұлттық кітапхананың 50 филиалы бар екен. Соның ішінде №13 «Сандуғаш» атты филиал өзінің адамға, оқырманға деген қызметін айрықша сәнді, жоғары мәдениетпен көрсеткендігімен есте қалды.
Бейбітгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА,
С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облысы кітапханасының директоры
ПЕТРОПАВЛ