Аймақтар • Кеше

Ұлытау облысында әлеуметтік азық-түлік бұрышы ашылды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында халыққа қолжетімді бағада азық-түлік өнімдерін ұсынатын тағы бір әлеуметтік бұрыш ашылды. Жоба «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытау облысында әлеуметтік азық-түлік бұрышы ашылды

Жаңа сауда нүктесі Жезқазған қаласы, Анарқұлов көшесі 9В мекен-жайында орналасқан «Жанұя» шағын маркетінде ашылды. Мұнда тұрғындарға отандық және жергiлiктi өндiрушiлердiң азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан төмендетілген бағамен сатылады.

Қазір Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы «Жанұя» шағын маркеттерінде де осындай әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеп тұр. Бастама өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерін ұсынуға бағытталған. Сонымен қатар басқа да кәсіпкерлермен әлеуметтік бағыттағы сауда нүктелерін көбейту мақсатында келісімдер жүргізіліп жатыр.

«Әлеуметтік тауарларға халықтың сұранысы өсіп отыр. Қазір 40-тан аса әлеуметтік азық-түлік бұрышы ашылды. Біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Облыста Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Ұлытау облысы әкімдігімен бірлескен тұрақтандыру қоры бар. Тұрақтандыру қорында барлық тауар артығымен тұрады. Көкөністер сақтайтын қоймада картоп, сәбiз, қырыққабат, пияз бар. Біздер осы көкөністі сатылымда азая бастаған кезде желтоқсанның аяғына қарай әкеле бастаймыз. Нарық бағасынан төмен бағамен сатылады. Облыс орталығындағы «Шаруа» орталық базарында да азық-түлік қорымыз бар. Қазір Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданынан да тапсырыс түсіп жатыр. Алдағы жылдың басында оларда да осындай сауда орыны ашылады», дейді «Ұлытау» ӘКК Төрағасының орынбасары Ержан Жолдасов.

Ұлытау облысының әкімдігі мен «Ұлытау» ӘКК алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру арқылы өңір халқының әл-ауқатын арттыруға күш салмақ.


Ұлытау облысы