
Оқу ағарту министрлігінің Бала құқықтары жөніндегі Батыс Қазақстан облысындағы уәкілі Жанат Нұрмағамбетовамен балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі жөнінде сөйлескенімізде: «Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу, қауіпті себептерін анықтау, суицид жұмсауға әрекеттенген адамдарды бақылау мәселелерін тікелей психикалық денсаулық орталығының мамандары жүргізеді. Сондай-ақ мұндай жағдайларды полиция тіркеуге алады. Ал менің салам – адам құқықтарын сақтау. Дегенмен бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл болғандықтан, қызметімнің бір бөлігі ретінде осы мәселемен де айналысуға тура келеді», деп бастады сөзін.
Ж.Нұрмағамбетова осыған дейін Батыс Қазақстан облысы аумағында «Amanat» партиясы филиалының жанынан құрылған комиссиямен бірлесіп, көшпелі отырыстар өткенін, сол отырыстардың бір тақырыбы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алуға арналғанын, бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде мобильді топ құру ұсынылғанын тілге тиек етті.
«Біз айтып отырған мобильді топтардың құрамына өңірдегі ақсақалдар, құрметті азаматтар, ата-аналар, мектеп, психологтер, т.б. кіруі керек. Яғни «ата-ана – мектеп – мемлекет» деген өзара әрекеттесу «үш тағаны» құрылады. Балалар омбудсмені қызметіне алғашқы кіріскен күнімнен бастап, барлық құзыретті органның өзара бірлесіп іс-қимыл жасау керек екенін айтып келемін. Себебі балалардың құқығын бұзу, қорқыту, оларды суицидке дейін жеткізу сияқты проблемаларды бір ғана мекеме, орган шеше алмайды. Қоғамның бұл проблемасы өздігінен шешілетіндей құр қол қарап отырмай, өзекті мәселелеріне уақтылы жауап беруге тиіспіз. Ол үшін мен айтқан «үш таған» бірлесе жұмыс жасауы қажет», дейді Бала құқығы жөніндегі уәкіл.
Сарапшы адам құқықтарын, әсіресе, балалардың құқығын сақтау мәселесінде киберқауіпсіздікке қатысты проблемаларды ұмытуға болмайтынын ескертті. Ол жасөспірімдердің суицидіне ғаламтордағы түрлі ойындардың себеп болатынын, мобильді қосымшаларға қатысты ата-аналардың арасында алаңдаушылық бар екенін айта келіп: «Интернеттегі түрлі қауіпті ойындар жасөспірімдердің нәзік психикасына әсер етіп, өте күрделі һәм қатал қадамдарға баруға итермелейді. Мобильді қосымшалардағы ойында жасөспірім ата-аналармен жанжалдасу, үйден қашу, белгілі бір деңгейлерден өткеннен кейін QR кодтары мен жеделхат арнасына сілтемелер алу секілді тапсырмаларды орындайды. Бұл тапсырмалар барған сайын ауырлап, жеткіншекті тікелей өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізеді. Біріншіден, біздің құзыретті органдарымыз осындай қосымшаны жүктеуге болатын платформаларды бұғаттауы керек деп ойлаймын. Екіншіден, ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері олардың қандай ойын ойнап жүргенін назардан тыс қалдырмауы қажет», деді.
Маманның айтуынша, балаларымыздың барлық қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Сондықтан да суицидтің алдын алу мәселесінде мемлекеттік құрылымдар, педагогтер, психологтер және ата-аналар қоғамы бірлесе әрекет ету керек. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз.