Оқиға • 29 Сәуір, 2025

Енді құрылыс саласы портал арқылы бақыланады

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда құрылыс саласының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында жаңа бірыңғай портал енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді құрылыс саласы портал арқылы бақыланады

Фото: Ашық дереккөз

Министрліктің бастамасымен әзірленіп жатқан жүйе құрылыстың барлық кезеңдерін — жоспарлау, жобалау және объектіні салуды толық қамтиды. Бірыңғай терезе қағидаты бойынша құрылатын портал салалық жүйелерге үздіксіз өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

«Қазіргі уақытта жүйе 89 қаланың қалалық жобаларын және инженерлік инфрақұрылымның 92,4%-ын қамтиды. Қала құрылысы қызметінің ашықтығын, қала жобаларын әзірлеу мен іске асырудың сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік нысанның бірегей нөмірін енгізуді пысықтады. Бұл біріздендіру құжаттардың бастамадан бастап пайдалануға енгізілгенге дейінгі нысаналы мақсатқа сәйкестігін түпкілікті тексеруді қамтамасыз етеді», деді Қуандық Қажкенов.

Сонымен қатар, министрлік жасанды интеллекті пайдалана отырып, елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының іске асырылуын қадағалайтын технологияны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйе жергілікті жерлерді компьютерлік көру арқылы зерттеп, нақты деректерді бекітілген жобалармен салыстырады. Анықталған сәйкессіздіктер туралы ақпарат тиісті бақылау органдарына жіберіледі.

Цифрландыру жұмыстары құрылыс кезеңін де қамтиды. Осы мақсатта барлық құрылыс қатысушылары үшін бірыңғай цифрлық алаң — E-Qurylys платформасы іске қосылады. Бұл жүйе арқылы атқарушылық құжаттамаларды жүргізу, техникалық қадағалау есебін тапсыру, профилактикалық бақылау, біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру және рұқсаттардың бірыңғай тізілімін жүргізу мүмкіндігі беріледі.

Жаңа жүйе бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор есебінен іске асырылатын барлық құрылыс нысандарында міндетті түрде қолданылатын болады.