Балалар • Кеше

Жазғы маусымда 3 миллионнан астам оқушы тынығады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл жаз мезгілінде еліміздің түкпір-түкпірінде 3,1 миллионнан астам оқушының демалысы, сауықтырылуы және еңбекке бейімделуі ұйымдастырылады. Жоспарланған іс-шаралар балалардың белсенді демалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамытуға және әлеуметтік бейімделуіне бағытталған, деп жазады Egemen.kz.

Жазғы маусымда 3 миллионнан астам оқушы тынығады

Фото: ашық дереккөз

Осы науқан аясында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам бала түрлі бағыттағы бағдарламалармен қамтылады. Бұған қоса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен тағы 10 мың оқушыға тегін демалыс мүмкіндігі беріледі.

Жазғы бағдарламаның мазмұны кең әрі жан-жақты. Балалар еңбек пен шығармашылық бағыттағы жобаларға, туристік-танымдық сапарларға, білім беру іс-шараларына, сондай-ақ халықаралық форумдар мен байқауларға қатыса алады. Бұл бағыттағы жұмыстар тоғыз министрліктің үйлестіруімен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылуда. Республикалық және өңірлік деңгейде арнайы штабтар құрылып, демалыс орталықтарының толық тізімі жасақталған.

Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету басты назарда тұр. Лагерьлердегі санитарлық жағдайлар, тағам сапасы, су жағалауларындағы және спорттық алаңдардағы қауіпсіздік талаптары қатаң қадағаланады. Сонымен қатар, ата-аналар мен балалар үшін арнайы жадынамалар, қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтар мен гайдбуктар дайындалып, таратылмақ.

Биыл өңірлерде «Киелі Шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сияқты бірқатар жаңа форматтағы жобалар іске асырылады.

Жалпы, жаз мезгілінде республика көлемінде жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы алаң және 512 шатырлы мен киіз үй типіндегі лагерь кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігінде балалар үшін ыстық тамақпен қамту қарастырылған.