
Жинақта Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлия Молдағұлова және майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовпен бірге есімдері беймәлім 130 қазақ жауынгерінің майданнан жазған хаттары топтастырылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз әкесінің соғыстан оралмаған туған ағасы Қасым туралы естелігі берілген.
Мұндағы хаттардың дені – Ұлттық ғылым академиясының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынған. Кітаптың жалпы редакциясын университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов басқарған. Мазмұнды іс-шара барысында ол аталған жинақты осы оқу орны ғалымдары дайындағанын ерекше атап өтті.
«Кітапқа майданнан жазылған хаттар жинақталды. Оның ішінде бұрын еш жерде жарияланбаған хаттар бар. Біз осы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Өйткені әлі күнге дейін көптеген қазақ отбасында жақындарының соғыстан жазған хаттары сақталған. Шындығында, мыңдаған хат әлі жарық көрмей жатыр. Бір жағынан, қанды қырғынның қасіретін ұғынуға мұрағат дүниелері аздық етеді. Соғыс сұмдығын сол оттың ортасында жүрген жауынгерлердің елдегі туған-туысқандарына жазған хаттары да ашып бере алады. Осылай біз жас ұрпаққа соғыстың қатыгез бейнесін түсіндіріп, бейбітшіліктің құнын біле аламыз», деді Е.Сыдықов.
Жинақтағы хаттар жақсы сұрыпталған. Мұнда қазақ жауынгерлерінің мөлдіретіп жазған көңіл сырлары мен сол ауыр кезеңдегі көріністер шынайы айшықталған.
Таныстырылымда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов жаңа жинақтың іші толған тағдыр мен тарих екенін жеткізді.
«Бұл кітапты жайбарақат оқи алмайсыз. Қазіргі жастарға соғыстың зұлматы қандай екенін ұғындыратын құнды еңбек. Мұра жинау оңай емес. Майданда құрбан болған аталарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмасын», деді ол.
Сондай-ақ іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткерлері Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, жазушы Шәрбану Бейсенова сөз алып, бағалы еңбектің құндылығы туралы парасатты ой қозғады.