Фото: bbc.com
Лондондағы зертхана
Лондонның солтүстік-батысындағы шағын зертханада үш шойын қол баяу қимылдап тұр. Кәдуілгі саусақтары бар екен. Қысқыш емес, айнымаған адамның бас бармағы, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбегі. Уысы бірде ашылып, бірде жабылып тұр. Нағыз адам қолы дерсіз.
«Біз Терминатор жасағымыз келмейді», дейді Shadow Robot компаниясының директоры Рич Уокер әзілдеп.
Ұзын шашты, көзілдірікті, сақалды ол нағыз ғалымнан гөрі еркін ойлы суретшіге көбірек ұқсайды. Бірақ өз компаниясын мақтанышпен таныстырып жүр.
«Біздің мақсат – адамға көмектесетін, өмірін жеңілдететін, үй шаруасының бәрін атқара алатын әмбебап көмекші робот жасау», дейді ол.
Алайда бұл тек ыңғайлылық емес. Бұның астарында Ұлыбританиядағы ең өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік күтім саласындағы дағдарысты шешу ниеті жатыр.
Қарттар күтіміндегі қиындық
Өткен жылғы Skills for Care ұйымының есебін тиянақ қылсақ, Англияда ересектерге күтім көрсететін 131 мың жұмыс орны босболған. Ал Age UK дерегіне сүйенсек, Англияда 65 жастан асқан екі миллион адам қажетті күтімге қол жеткізе алмай отыр.

Фото: AFP via Getty
Болжам бойынша, 2050 жылдары халықтың төрттің бірі қарттар қатарына қосылады. Бұл жағдай күтім жүйесіне одан әрі салмақ түсірмек. Міне, осы тұста роботтар көмекке келуі мүмкін.
Бұрынғы үкімет күтім саласында қолданылатын роботтарды дамытуға 34 миллион фунт инвестиция құйған. 2019 жылы олар:
«Келесі 20 жылда автономды жүйелер, соның ішінде роботтар да, біздің өміріміздің қалыпты бөлігіне айналады, өмір сүру, жұмыс істеу және жүру тәсілімізді өзгертеді», деп мәлімдеген.
Бірақ бұл мәселені шынымен шеше ме? Оқырман, қарт ата-анаңыздың күтімін темір машинаға сеніп тапсырар ма едіңіз?
Жапониядағы роботтар: күтім мен жаттығу
Жапония бізге келешектің келбеті қандай болатынын көрсеткендей. Он жыл бұрын олардың үкіметі қарттар үйіне арналған роботтар өндірісін қолдау үшін субсидия бөле бастаған. Себебі елде егде жастағы адамдар көбейіп, күтушілер жетіспей жатыр.
Лондондағы Куин Мэри университетінің профессоры, жасанды интеллект маманы Джеймс Райт жеті ай бойы жапон қарттар үйінде роботтардың қалай жұмыс істейтінін бақылады.

Фото: NurPhoto via Getty
Үш түрлі робот сыналған:
-
HUG – жапондық Fuji компаниясы жасаған. Ол адамды төсектен орындыққа немесе дәретханаға көтеріп апаруға көмектесетін жетілдірілген жүріс арбасына ұқсайды.
-
Paro – бала теңіз түлкісіне (тюленьге) ұқсайтын жұмсақ робот. Ол деменциямен ауыратын адамдарды тыныштандыру үшін жасалған.
-
Pepper – шағын, достық бейнелі адам тәрізді робот. Ол қолдарын қимылдатып, жаттығуларды көрсетіп, қарттармен бірге дене жаттығуын жасайтын.
Бастапқыда профессор Райт роботтардың күтушілердің жұмысын жеңілдетеді деп ойлаған. Бірақ тәжірибе керісінше нәтиже көрсеткен.

Фото: Getty
«Роботтарды күтіп, қуаттап, тазалау – күтушілердің өз уақытын жейтін негізгі жұмысқа айналды. Біраз уақыттан соң олар роботтарды қолдануды тоқтатты, өйткені жұмыс тым көп, ал роботтар жиі бұзылып отырды», дейді ол.
HUG-ты тұрғындарға кедергі жасамас үшін үнемі жылжытып отыру қажет болған. Ал Paro кейбір науқастарды шамадан тыс эмоционалды байланысқа түсіріп, күйзеліске ұшыратқан. Ал Pepper тым аласа әрі дауысы биік болғандықтан, жаттығуларын адамдар ести де, көре де алмаған.
Робот өндірушілердің жауабы
Әрине, өндірушілер бұған өз уәжін білдірген. HUG – қазір ықшам әрі қолдануға ыңғайлы етіп жетілдірілген. Paro жасаушысы Така-нори Шибата роботтың 20 жылдан бері сәтті қолданылып келе жатқанын, оның терапиялық әсерін дәлелдейтін клиникалық деректер бар екенін айтты. Pepper – басқа компанияға сатылып, бағдарламасы жаңартылған.
Дегенмен профессор Райттың зерттеуі маңызды сабақ болған.
Зертханадан – тұрмысқа
Ноттингем университетінің профессоры Праминда Калеб-Солли қазір роботтарды күнделікті тіршілікке баулып жатыр.
«Біздің мақсат – роботтарды зертханадан шығарып, адам өміріне енгізу», дейді ол.
Сол үшін ол Emergence атты желі құрған. Бұл жоба робот жасаушылар мен бизнес өкілдерін, сондай-ақ қарт адамдарды байланыстырып, олардың роботтан не күтетінін анықтауға бағытталған.
Пікірлер әртүрлі: біреулер сөйлей алатын және қорқыныш тудырмайтын робот қаласа, енді біреулер «көрікті әрі сүйкімді» дизайнды қалайды. Бірақ көбінің басты талабы – робот өздігінен тазаланып, өздігінен қуаттанса екен.
«Біз роботқа қарамаймыз, робот бізге қарасын», дейді сауалнамаға қатысушы қарияның бірі.
Адам қолы секілді
Shadow Robot зертханасына қайта оралсақ, Рич Уокер ең қиын мәселенің бірі – адамның қолындай икемді робот қол жасау екенін айтады.
«Робот пайдалы болу үшін, ол адам сияқты әлеммен әрекеттесе алуы керек. Яғни, қолдың нәзік әрі дәл қимылдарын қайталай білуі шарт», дейді ол.
Робот қолында 100 сенсор бар. Ол металл мен пластиктен жасалған, әрі адамның қолындай мықты және икемді. Саусақтары бірінен соң бірі жылдам әрі дәл қимылдап, соңында «ОК» белгісін жасай алады. Тіпті бір қолымен Рубик кубигін де құрай алады.
Алайда әлі де қайшы ұстау немесе нәзік затты сындырмай көтеру сияқты ұсақ әрекеттерге икемденбеген.

Фото: Getty Images
«Адам қайшыны қалай ұстайды? Асылында бұл керемет құбылыс. Саусақ ұшындағы сезім арқылы қысымды реттейміз, кесу бұрышын өзгертеміз. Мұны роботқа қалай үйретеміз?» дейді ол.
Жобаның жетекшісі профессор Дженни Рид робот қолдың дизайнын жануарлар қозғалысын зерттеу арқылы жетілдіріп жатыр.
«Жануарлардың қозғалысы – табиғаттың ең ұтымды әрі әсем жүйесі. Әсемдік дегеніміз – тиімділіктің бір түрі», дейді ол.
Жасанды бұлшықеттер
