
«Соғыс басталған соң, біз, 6 жастан 10 жасқа дейінгі балалар төрт жыл бойы бел жазбай жұмыс істедік. Қазіргі жастар оған сенбейді. Өз балаларым да сенбейді. Мен егін егуге көмектестім, қозы бақтым, масақ тердім. Әкеміз соғысқа 1941 жылдың күзінде кетті. Одан кейін әкемнің інісі, оның артынан үлкен ағам кетті. Соның ешқайсысы оралған жоқ. Бір үйде 4 бала жетім қалдық, әкесіз өстік. Төртеумізді де әліппе танымайтын қарапайым анамыз оқытты, өсірді, тәрбиеледі. «Оқыңдар, қарақтарым, оқысаңдар адам боласыңдар» деп жүріп бәрімізге жоғарғы білім берді. Әкемнің ағасы Бейімбет Майлинмен бірге оқыған, Алматы облысының прокуроры болған кісі еді. Әкем де – көп оқыған адам. Мен бес жасымда әкемнің сандыққа салып қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын, Карл Маркстың «Капиталын» жүгірте оқитынмын. Әкем соғысқа кеткен соң, шешем қой фермасына жұмысқа кірді. Ол кезде соғыста жүргендерге бәленше биялай, бәленше шұлық тоқу керек, бәленше май салу керек деген міндеттеме жүктейді. Сондағы жұмыскерлеріміз – 6 жас пен 15 жастың аралығындағы балалар. Ересектеулері егін егеді. Ол кезде техника жоқ, өгізге соқа, тырмақ жегіп, қолмен сеуіп, қолмен орады. Олардың артынан біз сияқты 6-8 жастағы балалар масақ тереді. Бір масақты жерге қалдырмадық. Бір масақты ұжымшарға тапсырсақ, біреуін өзімізге беріп жүрген күн болды. Оны үйге әкеліп үгітіп, қуырып жейтін болдық. Нан дегенді көрген жоқпыз. Кисек – киімге, ішсек – асқа жарымай жүріп еңбек еттік» дейді кейуана.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда жұмыс істеген қаршадай балалардың еңбек тарихын, олардың жеңісті жақындатуға қосқан үлесін жан-жақты зерттеу маңызды. Бір ғана мысал, 1943–1944 оқу жылы Қостанай облысының мектептерінде 514 еңбек отряды құрылған. Олардан жасақталған 920 еңбек тобына 462 мұғалім, 69 белсенді жас жетекшілік еткен. Жастарды, балаларды еңбекке жұмылдырған 52 үгіт бригадасы жұмыс істеген. Аталған еңбек топтары төрт жыл бойы шаруашылықта еңбек етіп, көкөніс, картоп, дәнді дақылдар өсіріп, оны майданға жөнелтіп отырған.
Ашық деректерде төрт жылға созылған тыл майданында Спандияр Көбеев ашқан Ақсуат мектебінің оқушылары ерен еңбегімен ерекшеленгені айтылады. Спандияр ұстаздың өзі жетекшілік еткен бұл мектептің 62 оқушысы мен 7 мұғалімі 3 596 еңбек күнін орындаған. Бибіш апай – осы мектепте білім алған, ағартушы-ұстаздың көзін көріп, тәлімін алған үлгілі шәкірттің бірі.
Бибіш апай 6 мамырда 90 жасқа толды. Ұзақ жылдар бойы мектепте математика пәнінен сабақ бере жүріп, облыстық басылымға Спандияр Көбеевтің ұстаздық, адамгершілік, тәлімгерлік өнегесі хақында көптеген мақала жариялады.
«Адам болып туған соң адамға жақсылық жасау керек. Жақсылық қыла білсең, жақсылық өзіңе қайтады. Жаманшылық жасасаң, ол да өзіңе оралады. Сондықтан айналайындар, кітап оқыңдар. Еңбек етуден қашпаңдар. Соғыс болмасын! Бейбіт өмірдің қадірін біліңдер» дейді көпті көрген анамыз.
Сұрапыл соғыс жылдары Тобыл өңірінен 73 мың адам майданға аттанды. 24 мыңнан аса қостанайлық жауынгердің сүйегі ұрыс даласында қалды. 3,5 мың адам госпитальда жатып көз жұмды. 16 мың адам хабарсыз кетті.
Қазір өңірде көзі тірі 10 соғыс ардагері, 658 тыл еңбеккері, 9 концлагерь тұтқыны тұрады.
Қостанай облысы