Ғылым • Кеше

Агроклиматтық аймақтарда карбамидті қолданудың өндірістік сынақтары туралы келісім жасалды

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы KMG PetroChem компаниясымен бірлесіп, карбамидті әртүрлі агроклиматтық аймақтарда қолдануға қатысты кешенді өндірістік сынақтар мен ғылыми зерттеулер жобасын алғаш рет іске қосты, деп жазады Egemen.kz.

Агроклиматтық аймақтарда карбамидті қолданудың өндірістік сынақтары туралы келісім жасалды

Аталған жоба «Ғылым академиясы және бизнес: инновациялық даму жолы» тақырыбындаөткен ғылыми-өндірістік кеңесте таныстырылып, тараптар меморандумға қол қойды. Бұл құжат ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын институционалдық тұрғыда нығайтудың және интеграциялық жобаларды дамытуға ұзақ мерзімді негіз қалау жолындағы маңызды қадам болып табылады.

- Нарық конъюнктурасының жылдам өзгеріп отырған жағдайында қазақстандық бизнес үшін бағыт-бағдар табу барған сайын қиындай түсуде, әсіресе климат, шикізаттың әлемдік бағалары мен логистикалық шектеулер сияқты сыртқы факторларға айтарлықтай тәуелді ауыл шаруашылығы саласында. Мұндай жағдайда интуицияға ғана сүйенген инвестициялар көбіне негізсіз әрі шығынды болып жатады. Сондықтан ғылыми верификацияны басты шарт ретінде айқындайтын жаңа басқарушылық парадигма қажет: алдымен - стандартталған зерттеулер мен сынақтар, содан кейін - индустриялық деңгейге дейін кеңейту. Дәл осылай әлемнің жетекші аграрлық экономикалары жұмыс істейді,- деп атап өтті Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев. 

Ұлттық ғылым академиясы мен «KMG PetroChem» ЖШС арасындағы отандық карбамид өндірісін іске қосу жобасы шеңберіндегі ынтымақтастық - жаңа ғылыми-индустриялық үлгінің қалыптасуының айқын мысалы болып табылады.

«KMG PetroChem» ЖШС (АО «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 100 пайыз еншілес ұйымы) басқарма төрағасы Дияз Дияновтың айтуынша, еліміздіңаграрлық саласы үшін карбамид — жай ғана тыңайтқыш емес, ол өнімділікті арттырудың, жер ресурстарын тиімді пайдаланудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады.

«Елде ауыл шаруашылығы әлеуеті зор болғанымен, минералдық тыңайтқыштарды қолдану деңгейі әлі де өте төмен. Қыркүйек айының басында ШЫҰ аясында CNPC компаниясымен карбамид өндіретін зауыт салу жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды — бұл жоба жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтын маңызды қадам.Жылына 800 мың тоннаға дейін тыңайтқыш өндіру қуатына ие зауытты іске асыру фермерлерді қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтады және бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсуіне берік негіз қалайды» деді Д.Даянов.

Академия ғылым мен бизнестің өзара байланысы мен тиімді іс-қимылының стратегиялық тұрғыдан негізделген моделін құрастыруға ықпал етіп отыр. Бүгінгі таңда академия негізгі аграрлық аймақтарда сынақтарды үйлестіруде. Атап айтқанда, бұл жұмыстар А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (Ақмола облысы), Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (Алматы облысы), Қарабалық тәжірибе станциясының (Қостанай облысы) және «Наурыз» шаруашылығының (Ақтөбе облысы) базаларында жүргізілуде.Біртұтас әдістемелік негізде бақылау және тәжірибе нәтижелері, енгізу мөлшері мен мерзімдері, қолдану тәсілдері (негізгі және үстеп қоректендіру) салыстырылады, сондай-ақ топырақтың ылғал қоры мен жай-күйі ескеріледі.Сонымен қатар шаруашылық деңгейінде экономикалық есептеулер жүргізілуде: өнімділіктің өсу құны, өзін-өзі ақтау шегі анықталады.Зерттеулердің қорытындысы ретінде әр аймақ пен дақыл түріне арналған нақты ұсыныстар мен ашық регламенттер әзірленеді.

Бұл келісім ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығының, сондай-ақ бизнестің ғылыми зерттеулерге инвестиция салуы арқылы олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізудің нақты үлгісі болмақ. Талқылаулар барысында карбамидті қолдану тәжірибесі қарастырылып, отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту барысы, сондай-ақ мұнай-газ химиясы мен аграрлық сектордың өзара ықпалдастығы арқылы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалды.

АЛМАТЫ