
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Екінші дүниежүзілік соғысты жан-жақты зерттеп, шынайы баға беру қажеттігі хақында айтқан еді. Президент айтқан шынайы баға архив деректеріндегі құпиялар ашылып, шаң арасында жатқан мәліметтер жарық көргенде ғана берілетіні баршаға мәлім. Бұл орайда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру барысында белсене қызмет атқарып жатқанын ұйым белсенділерімен әңгімелескенде анық байқадық. Ұйым еріктілерінің айтуынша, майданда қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру ісі Жеңістің 80 жылдық мерейтойынан кейін де саябырсымау керек.
«Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларымыз туралы ізденіс ешқашан тоқтамауы қажет. Олар туралы деректерді тауып, жинап, қорыту жұмысы 80 жылдықтан кейін де жалғаса береріне сенемін. Өйткені еліміздегі майдангер ата-бабалары туралы дерек іздеуші ұрпақтың саны 2 млн адамнан асады. Аталары туралы ақпарат іздеген сол 2 млн азаматымызға көмектесу – біздің міндетіміз», дейді ұйым төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов.
Осы орайда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің еріктісі Мейірхан Нұрқайдарқызы соғыста қаза тапқан немесе із-түзсіз кеткен жауынгерлердің дерегін іздеудің географиясы жыл сайын кеңейіп, мұрағаттарды ақтару әдістері жетіліп жатқанын алға тартты.
«Бұл жұмысқа мейлінше ерікті жастарды, тарихшы-ғалымдарды, қоғамдық белсенділерді тартып, оларды дерек іздеуге үйретіп, арнайы топ құрдық. Бүгінде жұмысымызды қалың бұқараға насихаттайтын сайтымыз жұмыс істеп тұр. Аталарының дерегін іздеген азаматтар жедел желімізге хабарласып, тапсырыс бере алады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы атқарған шаруалар туралы үздіксіз материал жариялап отырамыз. Бүгінге дейін бізге 10 мыңнан аса өтініш келіп түсіп, 4 мыңнан аса майдангердің мәліметі табылды. Қазір біздің ай сайын орта есеппен 40-50 жауынгердің жерленген жері мен әскери жолын анықтауға мүмкіндігіміз бар», дейді М.Нұрқайдарқызы.
М.Нұрқайдарқызының айтуына қарағанда, майданда із-түзсіз кеткен сарбаздарды іздеу ісінде бірнеше кедергі бар. Ресми құжаттардың көбінде майдангерлердің аты-жөндерінің 50 пайызы бұрмаланып жазылған. Бұған басты себеп соғыс жылдарында құжат толтырушылардың дені сарбаздардың есімін есту арқылы жазған. Мысалы, Сақауов Оспан есімі құжаттарда Соколов Остап болып жүр. Сондай-ақ қазақ тіліндегі сингармонизм заңдылығы (үндестік) есімдердің түрліше жазылуына әсер етеді екен. Мысалы: «бек – пек», «бай – вай», «ғали – галей», «жан – джан – чан» деп жазылуы мүмкін. Демек, ресми құжатта Батырғалидың – Батургалей, Бақытжанның – Багиджан, Вахиджан болып жазылуы әбден мүмкін.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің белсенділері осындай түйткілді шешіп, қаншама тағдырға жан бітірді. Әр тапсырыстың артында аталары туралы мәлімет іздеген ел азаматтарының үміті тұр. Сол үмітті ақтаған сәттегі қуанышты ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.
«Мұрағаттағы құжаттардан дерек іздеудің өзіндік алгоритмі бар. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің еріктілері ұзақ жылғы тәжірибенің арқасында талай түйінді шешудің тәсілдерін меңгеріп алды. Мәселен, кейде біз тек дауыссыз дыбыстарды сақтай отырып іздеу жүргіземіз. «Бақытжан» деген майдангерді – Б – Т – Ж – Н дыбыстары арқылы іздесеңіз, іздеу нәтижесінде «Батджан», «Бахиджан», «Багиджан», «Багчан», «Балиган» деген атауларға кездесесіз. Сосын оның тегі, туған жері, майданға аттанған елді мекені арқылы әрі қарай қазып, шөп арасынан ине іздегендей еңбектенеміз», дейді ерікті Айгүл Айтова.
Кейінгі бір жыл бедерінде «Egemen Qazaqstan» басылымында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған ондаған мақала жарық көрді. Ол жарияланымдардағы тың деректерді табуға да осы Айгүл Айтова көмектескенін айта кеткен абзал.
«Осы ұйымда ерікті болып жұмыс істегеніме төрт жылға жуықтады. Бірақ тәжірибем одан да көп. Осыдан он шақты жыл бұрын Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған нағашы атам Әділбай Жарлығаповтың деректерін ресейлік сайттардан іздеп, жерленген жерін анықтадым. Ол кісі Сталинград шайқасына қатысып, 1943 жылдың 7 қаңтарында ауыр жарақат алып, госпитальда көз жұмыпты. Анам әкесі соғысқа кеткенде әлі қырқынан да шықпаған шақалақ екен. Майдангердің артында қалған жалғыз тұяғына, яғни анама бұл хабарды айтқанымда жанары жасқа толып, қатты толқыды. Сол күнгі әсер маған аталардың дерегін іздеудің маңызын терең ұқтырды. Артынша өз атам Рамазан Айтбаев туралы мәліметтер іздеуді бастадым. Небәрі 18 жасында майданға аттанған атамыз туралы еш дерек табылмады. Бір күні Instagram-нан «Атамның аманаты» парақшасын көріп, Рамазан атамды іздеуге тапсырыс қалдырдым. Сол күні ұйым қызметкері Марфуза Сейітнұрқызы хабарласып, ерікті болуға шақырды. Бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Содан бері осы ізгі жұмысты бар ынтаммен атқарып жүрмін. Мен үшін ерікті болу – ұлы миссия, әрі жауынгерлердің ұрпағы ретіндегі азаматтық парызым», дейді А.Айтова.
Қорғаныс министрлігінің отставкадағы майоры Фарида Үшкемпірова да «Атамның аманаты» ұйымына өз еркімен ерікті болғанын айтады.
«Осыдан төрт жыл бұрын бұл ұйымға іздеуші ретінде белгілі бір тәжірибемен келдім. Бірнеше жыл бойы күйеуімнің соғысқа алғашқы күндері аттанып, хабарсыз кеткен ағасын өз бетімше іздеп жүрдім. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Орталық архивімен хат-хабар алмасып, «Память народа», ОБД «Мемориал» сияқты деректер базасын қанша ақтарсам да, ұзақ уақыт бойы ешқандай нәтиже болмады. Тіпті Ресей тарапынан «мұндай адам тізімде жоқ» деген ресми жауап та келді. Соған қарамастан, үмітімді үзбей, іздеуді жалғастыра бердім. «Память народа» сайтындағы деректер жаңартылғаннан кейін, аталған туысымның «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ұсынылғаны жөнінде марапат парағы табылды. Осы дерекке сүйеніп, ағамыздың әскери борышын өтеген артиллериялық полкін анықтадық, әскери іс-қимылдар журналына қол жеткіздік. Ол жерде оның қай жерде, қай күні ауыр жарақат алғаны және қайтыс болғаны туралы нақты ақпарат берілген. Осылайша, ресейлік іздеушілер мен Тверь облысы Зубцов ауданындағы Шеколдино ауылындағы «Зубцовский рубеж» мектеп іздеу отрядының көмегімен туысымыздың жерленген жерін анықтап, есімі бауырластар зиратына жазылды. 2019 жылдың 9 мамырында күйеуім аталған жерге барып, туған жерінің топырағын апарып, Жеңіс күніне арналған шараларға қатысты. Осы оқиғадан кейін бұл жұмыстың маңызын терең түсініп, «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымына ерікті ретінде қосылдым», дейді Ф.Үшкемпірова.
Еріктілердің өмірі таңғажайып оқиғаларға толы. Мәселен, 2022 жылы Ленинград облысы Колпино қаласының маңындағы бауырластар зиратынан тізім келіп, еріктілер ондағы қазақ сарбазының есімдерін әлеуметтік желілерге жариялаған. Бір азамат хабарласып, тізімдегі 35-36-сарбаз өз аталары екенін айтады. Қызығы сол, қостанайлық Әлімбатыр Жабағинов пен Күшқар Құлмұхамбетов бір күні қаза тауып, бір жерге жерленіпті. Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін олардың балалары үйленіп, өмір бойы әкелерінің бірге соғысқаны мен бірге жерленгенін білмей өткен.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі майдан даласында тікелей қазба жұмысын жүргізу ісін де үйлестіріп келеді. Мысалы, ұйым еріктілері жыл сайын Калуга облысында (Калуга бағытында бес қазақ дивизиясы соғысқан) өтетін «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Қазба кезінде табылған отандастардың туыстарын тауып, сүйегін елге әкеліп жерлеу ісін де ұйымдастырады. Осыған дейін ұйым 20-дан аса майдангердің мәйітін туған жерге әкеліп, арулап жерлеуге мұрындық болған. Мәселен, «Атамның аманаты» жуырда ғана Оразғали Айболанұлы Белубаев пен Петр Капитонович Оконечниковтің мүрделерін Мәскеуден Астанаға жеткізуге атсалысты.
Рас, жұмыр жер бетіндегі зұлматты жеңіп, бізге бейбіт өмір сыйлаған боздақтардың алдында бәріміз қарыздармыз. Себебі майданда шейіт кеткен бір боздақтың есімі ұмытылса, бір тағдырдың ізі өшеді. Тіпті әр жауынгердің тағдырын зерттеу арқылы жалпы халықтың тарихын жазып шығуға болады. Сол себепті де Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қазақ ұлтының сіңірген өлшеусіз үлесін бұқараға әйгілеп, аталардың дерегін іздеп жүрген еріктілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.