Сұхбат • Бүгін, 09:45

Жұмабай ДОСПАНОВ, әскери тарихшы: Ерлік ешқашан ұмытылмайды

350 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы әлі толық зерттелген жоқ. Былтыр Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасына назар аударды. Бұл жобаны атыраулық әскери тарихшы Жұмабай Доспанов қолға алған еді. Мақсат – 1941–1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың тарихын зерттеу, отандық майдангерлердің ерлігін кейінгі буынға кеңірек насихаттау. Осы орайда Жұмабай Доспановпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Жұмабай ДОСПАНОВ, әскери тарихшы: Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Жұмабай Орынғалиұлы, бұл жобаны іске асыру қашан басталып еді? Оған не түрткі болды?

ж

– Кеңес дәуірінде көп мәлімет ашық айтылмады. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, түрлі марапатқа ұсыныл­ғанымен, ерлігі ескерусіз қалған қазақ майдангерлері аз емес. Міне, осындай себептен 1994 жыл­дың көктемінде сол кездегі «ҚазақТүрікМұнай» бірлескен ком­­паниясының бас директоры Бақ­тықожа Ізмұхамбетов, Жазу­шылар одағы Атырау облыс­тық фи­лиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев үшеуміз жоспар құрған едік. Сұрапыл соғыста қан кешкен майдангерлердің ерлік жолын терең зерттеуді мақсат тұттық. Көздегеніміз – Жеңістің 80 жылдығына дейін 80 томдық кітап шығару. Осы кезге дейін әрқайсысы 7 кітаптан тұратын 56 том жарыққа шықты. Енді маусым айында тағы 24 томды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.

– Ауқымды жобаны іске асыруда қандай деректерді зерт­те­ді­ңіздер?

– Әрине, бұл – оңай іске асырылатын жоба емес. Неге? Өйткені архивтегі деректерге қол жеткізу қиындық тудырды. Қолға түскен деректерді саралап, жүйеге келтіру біраз уақыт алды. Мәселен, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» деп аталатын 10 томдық кітапты баспадан шығардық. Елімізде бұрын дәл осындай деректер қамтылған кітап болмаған еді. Бұл кітаптарға 8 400-ден аса қазақ офицері туралы мә­ліметті құжатымен енгіздік. Олар Қазақстанда, өзге де республикаларда дүниеге келген. Оның ішінде 120 офицер батальон басқарған. Артиллерия дивизионына – 20, авиация эскадрильясына – 2, партизан отрядына 7 қазақ офицері жетекшілік еткен. Подполковник шеніне сай командирлердің саны – 149. Ал аталған әскери құрылымдардағы аға офицер-майор шеніндегі қыз­меттерді атқарған қандастар аз емес. Мәселен, комиссар міндетін 55 офицер атқарыпты. Бұған қоса 162 қазақ офицері командирдің саяси орынбасары, 145-і сап жөніндегі орынбасары, ал 79 қандас штаб бастығы болған.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында дайындалған 25 том­дыққа 12 056 қазақ офицері енгі­зілді. Олардың арасындағы 654 қанда­сымыз өзге елде туған. Алдыңғы кі­тап­тағы аға буын лауазымында бол­ған 590 сардардың саны енді 961-ге жетті. Оның ішінде 185-і – батальон, 39-ы дивизион командирі болғаны нақтыланды.

Полк басшылығында қызмет атқарған қандастар туралы көрсет­кіш те айтуға тұрарлық. Полк ко­мандирі – 16, полк комиссары – 10, полк ко­мандирінің саяси орынбасары – 13, полк командирінің сап бойынша орынбасары – 33, өзге орынбасарлар – 3, штаб бастығы – 20, авиаполк штурманы – 2, полк комиссарының орынбасары – 5, полк партия бюросының секретары – 66, полк қызметінің бастығы – 143, полк командирі мен штаб бастығының көмекшілері – 73. Барлығы 384 қа­зақ полкте аға офицер қызметін атқарған.

Бригада басшылығында аға офицер-майор шеніндегі міндетті атқарғанын айтпағанның өзінде подполковник қызметіндегі қа­зақтар аз емес. Мәселен, партия комис­сиясының секретары – 7, бригада қыз­­метінің бастығы – 13, саяси бөлім бас­тығының орынбасары – 6, штаб бө­лімшесінің бастығы – 6. Барлығы – 32.

Дивизия басшылығында подполковник шені бар офицерлерге жүк­телетін лауазымды атқарған қан­дастарымыз да бар. Партия комис­­сиясының секретары – 7, дивизия қызметінің бастығы – 14, саяси бөлім бастығының орынбасары – 3, штаб бастығының орынбасары – 3, штаб бөлімшесінің бастығы – 9. Барлығы – 36.

Корпустағы подполковник ше­ніне лайық лауазымда болғандар дерегі мынадай: саяси бөлімнің аға нұсқаушысы – 5, әскери три­буналдың мүшесі – 1, артиллерия штабы бас­тығының көмекшісі – 1, саяси бөлімнің инспекторы – 2, саяси бөлімнің үгітшісі – 1, штаб бөлімі бастығының аға көмекшісі – 5, бөлім бастығының көмекшісі – 6. «СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штабтары жандарындағы жедел өкілетті лауазым 59 қазаққа жүктелген.

– Соғыстағы ерлігі ескерілмей қал­ғандар туралы деректерге тоқ­талсаңыз...

–Жеңістің 75 жылдығы қарса­ңында «Не ставшие Героями Совет­ского Союза» деген атаумен 3 томдық кітап шығардық. Бұл атаққа ресми ұсынылған, бірақ берілмеген бұрынғы 15 одақтас републикадан 8 097 майдангер бар екен. Мәселен, алдыңғы бестікте Ресей (5 118), Украи­на (1 521), Қазақстан (417), Бе­ларусь (224), Өзбекстан (157) елдері бар. Ресейдегі 5 аймаққа Алтай өлкесі (227, біреуі – қазақ), Мәскеу облысы (182), Орынбор облысы (176, бесеуі – қазақ), Татарстан (176) мен Саратов облысы (176, үшеуі – қазақ) кіреді. Ал 56 ұлттың бірінші ондығына мыналар енеді. Олар – орыс (5 304), украин (1 443), белорус (214), татар (179), қа­зақ (166), өзбек (102), армян (85), гру­зин (83), еврей (80), әзербайжан (64).

Ал Кеңес Одағының батыры атағына бірнеше рет ұсынылса да берілмегендер арасындағы қазақтың ержүрек ұлдары бар. Өзге ұлттың бір өкілі 4, ал тоғызы батыр атағына 3 рет ұсынылған ғой. Соғыстағы ер­жүректілігі үшін 207 майдангер 2 рет ұсы­нылыпты. Дәл осы топта 22 қазақстандық болған. Оның ішінде 6 қазақ бар.

Сол алты батыр қазақ кім еді? Олар – Зейтен Байжанов, Қабыш Көк­­таев (Павлодар облысы), Құдай­берген Жансеріков, Мінайқұл Сағын­дықов (Алматы облысы), Саға­дат Нұр­мағамбетов (Ақмола облысы) пен Сейіт­хан Темірбаев (Қостанай облысы).

Орал қаласының тумасы Любовь Тележинская да – батыр атағы беріл­меген отандық майдангердің бірі. Ол 301-атқыштар дивизиясының 1 052-атқыштар полкінде Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге екі жарым жыл соғысқан.

– Жеңістің 80 жылдығы қар­саңында «Қару мен қалам» атты тарихи-құжатты анықтамалық кітап жарыққа шықты. Кітапқа қанша қаламгердің дерегі енді?

– Президенттің Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге байланыс­ты берілген тапсырмасына орай осындай кітап жарыққа шықты. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен «Қару мен қалам» атты майдангер-қаламгерлер хақындағы кітапты шығару үшін тек жеке құжат дерек­терін іздестіріп, зерттеу жүргіздім. Бұрын 70-80 қаламгердің дерегі белгілі болған. Бұл – 224 беттік тың кітап. Оған 215 майдангер-қалам­гердің дерегі енді.

– Соғыс кезінде қазақ тілінде де газеттер шығып тұрды емес пе?

– Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың 1 шілдесінде кеңес одағындағы қазақтардың саны 3 млн 220 мың болған. Соғысқа 18-60 жас аралығындағы 575 мың қазақ алынған. Қызыл армия құра­мындағы 22 майданның 15-інің құрамындағы қазақтар саны 30 мыңнан асқандықтан, майдандық әскери кеңестерінде майдандық газеттер жанынан қазақ редакциялары ашылды. Былайша айтқанда, 15 майдандық газет шығып тұрған.

Мәселен, 2-Қиыр Шығыс майданында жарық көрген «Дабыл» газетінің редакторы майор Ж.Ай­­мұратов болса, капитан Р.Айт­жанов, ұйымдастырушы-тілші, аға лейтенант Е.Қалиев, тілші-ұйымдас­тырушы, тілші-ұйымдастырушы аға лейтенант Ж.Тілеков жұмыс істеген. Ал Брянск майданында «Жауды жоюға!» газетінде аудармашы, аға лейтенант Ә.Тұрымбетов, 1-Балтық жағалауы майдандық «Жауға қарсы аттан!» газетінің редакторлары – майо­р С.Машақов, майор О.Нұр­сейітов, майор Ж.Аймұратов, әдеби қыз­меткерлер капитан А.Закарин, аға лей­тенант Д.Әбілев, лейтенант Қ.Көпішев, лейтенант С.Омаров, аудармашы капитан Ә.Тұрымбетов, тілші капитан Е.Тасанбаев.

Ал «Қызыл армия» газетін І Беларусь майданында тілші-ұйым­дас­тырушылар лейтенант Т.Ақ­шолақов, лейтенант Қ.Әбдіқадыров, капитан М.Дінішев шығарып тұрған. «Қызыл әскер ақиқаты» газетінде капитан Ғ.Әбішев әдеби қызметкер, аға лейтенант Х.Нұрмұхамедов тілші-ұйымдастырушы дайындап отырған. «Майдан правдасы» Вол­хов майдандық газетін шығаруға редакторы капитан Н.Қурабаев, ІІ Беларусь майданында газет редакторы майор А.Елшібеков, тілші-ұйымдастырушылар капи­тан Ж.Молдағалиев, капитан С.Ес­батыров, аудармашылар политрук Р.Айтжанов, әкімшілік капитаны С.Сейітов, лейтенант С.Мәуленов атсалысқан. «Отан намысы үшін» Воронеж майдандық газетінің редакторы аға лейтенант С.Құлбабаев, редакциясында аудармашы аға лейтенант К.Сүгірбеков ұйымдастырған. І Украин майдандық газетіне майор С.Құлбабаев жетекшілік етсе, аға лейтенант Ш.Кәрібаев тілші-ұйымдастырушы қызметін атқарған.

«Отан үшін!» Солтүстік-Батыс майдандық газетінің жауапты редакторы капитан К.Усманов, әкімшілік лейтенанты С.Сейітов қазақ редакциясында аудармашы болған. Кейін майор К.Уманов ІІ Беларусь майдандық газетіне жауапты редакторы ретінде қол қойған. Ал «Отан үшін ұрысқа!» газеті Карель майдандық газеті болған. Оған майор Н.Қурабаев редактор болса, тілші-ұйымдастырушылары капитан Р.Айтжанов, капитан Т.Қорабаев, Б.Жұмағалиев, аудармашысы – аға лейтенант Ә.Бектемісов.

«Отанды қорғауда» Ленинград майдандық газетінің жауапты редакторы майор К.Усманов, лейтенант Т.Әшімбаев аудармашы, ре­дак­тордың орынбасары, аға лей­­тенант А.Сыздықбеков тілші-ұйым­дастырушы міндетін абыроймен атқарды. «Совет жауынгері» газеті Оңтүстік-Батыс майданы, ІІІ Украин майданында шығып, қазақ ре­дакциясының редакторы майор Ы.Дүйсенбаев, ал майор Ә.Сәр­сенбаев әдеби қызметкер, капи­тан Н.Ай­дарғалиев тілші-ұйымдас­ты­рушы, лейтенант Ж.Сейіт­қазиев кор­­ректор болған. Өзбек редак­ция­­сының редакторы – майор Ф.Кама­лов.

«Сталин туы» газеті Оңтүстік майданында, кейін ІV Украин майданында шығарылып, газет редакторы ретінде майор Ә.Ипмағамбетов, лейтенант Қ.Әбдіқадыров әдеби қызметкер болған. «Сталиндік жауынгер» газетінде аға лейтенант Ә.Бектемісовке аудармашылық міндет жүктеліпті. Забайкалье майданында «Суворовский натиск» газетін майор С.Елагин майдан өмірі бөлімінің меңгерушісі, лейтенант Қ.Көпішев тілші-ұйымдастырушы ретінде дайындаған. Ал «Суворовец» басылымы 2-Балтық жағалауы май­данында кең таралып, оның қазақ редакциясы бойынша тілші-ұйымдас­тырушысы капитан Қ.Сүлейменов болған.

– Соғыстан кейін есімі кеңінен танылған қаламгерлерді атап өтсеңіз?

– Шындығында елімізде со­ғыстан кейінгі танымал болған қаламгерлердің арасында майдангерлер аз емес. Мәселен, Кеңес Ода­ғының батырлары Мәлік Ғабдуллин, Иван Воронин, кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілген Бауыржан Момышұлы бар. Бір қызығы, Иван Воронин 1945 жылы ақпан және нау­рыз айында Кеңес Одағының батыры атағына екі рет ұсынылғанымен, алғашқыда оған Александр Невский ордені берілген. Ол соғыс аяқталған айдың соңында ғана батыр атанды.

Тағы бір деректі айтайын, Вла­димир Зятьков алғашқыда 1944 жылы, кейін 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылыпты. Бірақ оның ерлігі бастапқыда «Жауын­герлік Қызыл Ту», одан соң «Ленин» орденімен бағаланыпты. Ал Егемқұл Тасанбаевқа 1957 жылы бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін Со­циалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Батыр атағына ұсынылғанымен, ерлігі еленбеген қаламгерлер арасында Михаил Васильченко, Ана­толий Гайдин, Василий Юров, Ва­силий Явров бар. Оларды «Ле­нин», «Жауынгерлік Қызыл Ту», ІІІ дәре­желі «Суворов» ордендерімен марапаттаумен шектелген.

Қазақ қаламгерлері арасынан Қасым Қайсенов Қазақстанның Халық Қаһарманы, Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Ақын Жұбан Молдағалиев пен жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Кеңес Одағының батыры атағы берілмесе де, сұрапыл соғыста ба­тылдығымен танылған әр май­дан­гердің ерлігі ешқашан ұмы­тыл­майды. Өйткені олар – бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған қаһармандар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15