Әлихан Бөкейхан 1895–1897 жылдары Омбыдағы «Степной край» газетінде қызмет істеді. Газет 1893 жылғы 1 шілдеде «Степной листок» деген атпен оқырманға жол тартты. Бұл Омбыдағы алғашқы бейресми тәуелсіз газет еді, аптасына 2 рет шығып тұрды. Газеттің алғашқы редакторлары – К.Голодников, И.Сунгуров, П.Яшеров. 1895 жылы газет атауы «Степной край» болып өзгеріп, саяси жер аударылғандар үйірмесі мен жергілікті зиялылардың төл басылымына айналды. Осы кезде газетке редактор болып доғарыстағы генерал-майор Иван Соколов келді. Ол газетті 1895–1898 жылдары басқарды. Басылым жаңару идеясын насихаттап, өңірдегі жұмысшы, қарапайым халық мәселелерін жиі жариялай бастады. Сонымен қатар газетте қоғамдық-саяси, қаржы тақырыбындағы мақалалар, фельетондар, әдеби шолулар, Сібір мен басқа да өңірлерден шығатын басылымдарға шолулар жазылды. Сондай шолулардың біразын Әлихан да жазды. Ресейдің саяси, тарихи мемлекеттік музейі қорында сақталған «Степной край» газетінің ұжымы бейнеленген суретте Әлихан үшінші қатарда сол жақтан төртінші тұр. Сондай-ақ осы суреттен әріптесі әрі болашақ қайын атасы Яков Севастьяновты да көруге болады. Әлихан 1901 жылы Яковтың Елена деген қызына үйленеді.
Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлының пікірінше, қайраткер жалпы 30-дан астам бүркеншік есіммен мақала жазып тұрған. «Омбыдағы «Степной край» және «Иртышъ» газеттерінде, сондай-ақ Семейдегі «Семипалатинскій листокъ» газетінде «Читатель» деген бүркеншік атпен жарияланған барлық материалдың артында Әлихан Бөкейхан тұр» дейді ол. Біз Алаш қайраткерінің 160 жылдық мерейтойы қарсаңында оның «Степной край» газетінде жазылған мақалаларына шолу жасап көрдік. Әлихан газеттегі мақалаларын Читатель, V және А.Букейхановъ деген есімдерімен жазған. Читатель бүркеншік есімімен түрлі басылымдарға шолу жасаған. Әлиханның шолулары «Заметки читателя» деген айдармен жарияланып отырған. Газеттің 1985 жылғы №86 санында Читатель былай деп жазады: «Новости» газеті мынадай қате хабар жариялады: «Дала генерал-губернаторының бастамасымен Қостанайда орыс-қазақ прогимназиясы ашылады деп жазған еді. Сірә, олар не Қостанайды Дала өлкесіне жатқызған, не Дала генерал-губернаторын Торғай облысына қарайды деп ойлаған болар. Алайда біреу оларды жөнге салса керек, «Новости» қайтадан хабарлап, Қостанайдағы орыс-қазақ прогимназиясы Дала генерал-губернаторының емес, Торғай губернаторы Барабаштың мырза өтініші бойынша ашылатынын жазды, кеше біздің айтқанымыздай болды. Географияға мұқият болған жөн».

Сондай-ақ газеттің осы санында Читатель «Восточное обозрение» басылымына шолу жасап, Рим, Қытай және Кореяның одақ құрудағы тарихына тоқталса, басылымның №88 санында «Русские ведомости» газетінде жарияланған Тула губерниясы мектептеріндегі «егер мұғалім үйленетін болса, басшысының рұқсатын алу қажет», «үйлі-баранды мұғалімдер отбасына адал болу керек» деген секілді мұғалімдерге қойылған талаптарды сынға алады. Сонымен қатар Әлихан осы санда «Тургайская газета» басылымында жарияланған украин ақыны Тарас Шевченконың Орынбордағы кезеңі жайлы оны жақсы танитын жан жазған мақалаға шолу жасайды. «Айдаудың алғашқы күндерінде Т.Г. қатты мұқтаждық көрді. Сол кезде Орынборда қызмет етіп жүрген ағам оны біздің үйге көшіп келуге шақырды. Алайда ол біздікінде ұзақ тұра алмады. Өйткені сол тұстағы әскери губернатор, күмәншіл әрі сенімсіз адам Обручев поляк текті фамилия иелерінің үйінде Т. Г.-ні қалдыруды қауіпті деп тауып, оны гауптвахтаға көшіру, кейіннен Орск қаласына аудару туралы бұйрық шығарды» деп жазады Читатель. Сонымен қатар Әлихан «Степной край» газетінің 1896 жылғы №3 санында «Научное обозрение» газетінде жарияланған орыс тіліне аударылған ағылшын философы Герберд Спенсер туралы мақалаға шолу жасаса, №25-26 санда «Неделя» газетінде жарияланған Камышин уезінің бұрынғы земск басшысы Жеденов төңірегіндегі дауды талдап жазады.
Газетте Әлиханнның А.Букейхановъ атымен жарияланған мақалалары да бар. Соның бірі – басылымның №39 санындағы «Письмо въ редакцію» деген мақала. Ол «Сибирский вестник» газетінде жарияланған Қарқаралыдан К.Михайловтың жобасын қолдап жазған мақалаға қарсылығын білдіреді. Себебі автор мақаласында Әлиханды негізсіз айыптаған болатын. Әлихан мақаласында: «Қарқаралыда және Омбыда оқыған бүкіл уақытымда әр жаз сайын Далаға барып тұрдым, төрт жыл (1890–1894) Ресейде болдым, ал 1895 жылы жазда үш ай туған жерімде тұрып, тағы да далаға, Тоқырауын өзені бойына сапар шектім», – дей келіп, бірқатар дәлел келтіру арқылы мақала авторының пікірін жоққа шығарады. Айта кетейік, 1896 жылғы 30 қаңтарда өткен Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі мүшелерінің жалпы жиылысында қоғам мүшесі К.Михайлов «Дала өңірінің сауда-өндірістік өмірі» атты баяндама жасап, қазақ жеріне қатысты қате ақпарат келтірген еді. Сол уақытта қазақ даласын бес саусағындай білетін Әлихан Михайловтың уәжін жоққа шығарып, дұрыстаған болатын. «Сибирский вестник» газетіндегі мақала Әлиханның сол сынына қарсы ұйымдастырылғаны байқалады. Алайда Әлихан да қарап қалған жоқ, «Степной край» газеті арқылы нақты дәлелдерін ұсынды.
А.Букейхановъ атымен жарияланған тағы бір мақала газеттің 1897 жылғы №47 жылғы санына «...Молчать! Я отправлю Васъ въ полицію!» деген тақырыппен жарияланды. Әлиханның жазуынша, 5 мамыр күні Омбыдағы Бастауыш білімге қамқорлық қоғамы мүшелерінің жиылысында Холодов кеңес мүшелігіне кандидаттарды сайлау заңсыз өтті деп айыптаған. «Көпшілікпен бірге мен де осы «заң сақтаушы» мырзамен айтысуға мәжбүр болдым. Оның уәждерінің еш негізсіз, дәлелсіз, құр сөз екенін айтқан ескертпеме ол: «Үніңді өшір! Әйтпесе сені полицияға жіберемін!» – деп жауап қатты. Меніңше, кейбір әрекеттер айқындығы жағынан математикалық аксиомалардың бұлтартпас шындығынан кем түспейді және солар сияқты ешқандай түсіндірмені қажет етпейді: оларды тек атап өту керек. Мұны мен өз міндетім деп санаймын» деп жазады Әлихан.
Сондай-ақ «Степной край» басылымының 1897 жылғы №29 санындағы «Въ З.С. отд. географическаго общества» және №38 санындағы «Кто пишетъ «О предметахъ, очевидно, ему мало въдомыхъ?» деген екі мақаланы Әлихан V бүркеншік атымен жазған. Бірінші хабарда Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің жиылысы өтіп, онда князь Кудашевтің «Ақмола облысындағы жылқы шаруашылығының жай-күйі» тақырыбында баяндама жасағаны, сондай-ақ баяндамаға Ящеров, Шмидт, Касаткин, Теккер және Бөкейханның үн қосқаны айтылады. Ал екінші мақалада князь Кудашевтің хатына жауап жазылған. «Қадірлі князь маған реніш білдіріпті. Себебі мен Батыс Сібір бөлімінің 18 наурызда оқылған баяндамасы жайлы журналистік хабарымды жазғанда оның мәтінімен таныспаған екенмін. Князь мырза менің баяндама мәтінімен егжей-тегжей танысқанымды қалаған екен. Мен баяндаманы толық оқып шықтым» дей келіп, князь Кудашевті сын садағына алады.
«Степной край» газеті Әлиханның журналистік қызметінің бастауы болды. Орыс баспасөзінде қызмет ету арқылы қайраткер салиқалы тәжірибе жинап, кейін қазақ баспасөзінің қалыптасуына атсалысты. 1913 жылы 2 ақпанда жарық көрген «Қазақ» газеті іргетасында да Әлихан Бөкейханның еңбегі елеулі. Ол ұлттық баспасөзді дамытуға айрықша үлес қосып, қазақтың алғашқы кәсіби журналисі қатарында ұлт баспасөзінің қарыштап, дамуына ықпал етті.