Әскер • Кеше

Айбыны асқақ армия

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Астана қаласында дәл бүгін – Отан қорғаушы күнінде үлкен ауқымдағы парад ұйымдастырылатыны күн ілгері белгілі болған. Әскери шерудің дайындық барысын тамашалап қайтқан тілшіміз бұл салтанатты іс-шарада Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісінің рәміздерінің біріне айналып, жұлдызы болып жарқыраған «Т-34» танкісінен бастап, бүгінгі заманауи әскери дрондардың да сап түзейтінін біліп қайтқан-ды.

Айбыны асқақ армия

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бүгін Астана төрінде өтетін парадтың басты жаңалықтарының бірі болып отырған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шеруде нақты қай түрі және нешесі ұшып өтетіні туралы Қорғаныс министрлігі ресми мәлімет таратпады. Бәлкім әскери құпия болар.

Дегенмен дайындық барысын көру мақсатында ұйымдастырылған баспасөз-турына барып-қайтқан тілшіміз қорғаныс саласы өкілдерінен отандық «Шағаланың» ұшып өтетінін анықтай алыпты. Ал түріктің әйгілі «Bayraktar»-ынан тамыр тартып, жетілдіріле түскен «Anka» дроны ту­ралы әзірге нақты ақпаратымыз жоқ. Десе де еліміздің әуе қорғанысы техника­лары­ның қатарында «Anka» дроны бар екені рас.

ва

Жалпы, жаһандағы және өңірдегі қазіргі геосаяси ахуал, әскери қақтығыстар ар­қаны кеңге салып жата бермей, етек-жеңді жинап, қауіпсіздікті қамдауға барынша мәжбүрлеп отыр. Бұл бұрынғы соғыс дәстүріндегідей жаяу әскер санын емес, тех­никаның, техника болғанда да бүгінгі озық өнімдерді көптеп жинауды талап етіп отыр. Себебі әріге бармай-ақ іргеміздегі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс техниканың да, соған сай тактиканың да түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында, өзге де маңызды жиындарда Үкіметке армияны жаңғырту ісін шындап қолға алуды үнемі тапсырып келеді.

Биылғы 26 ақпанда өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да армияны жаңғырту және әскери ин­фрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қарулы күш­терді одан әрі дамыту бойынша бір­қатар нақты тапсырма берген-ді. Әрине, сол тапсырмалардың ішінде әскери дрон­дардың әлеуетін арттыру мәселесі де болғанына еш күмән жоқ. Кейінгі уақытта еліміздің Қарулы күштері ұшқышсыз ұшу аппараттарын өрістетіп келеді. Яғни Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы аясында Қазақстан армиясын жоғары дәлдікті және жоғары технологиялық қару-жарақпен, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықтау басым бағыт­тардың бірі болып күн тәртібінде тұр.

Оған былтырғы Қазақстан армиясының құрамаларында және әскери бөлімдерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлім­шелері құрылғаны айғақ. Қорғаныс министр­лігінің ресми ақпаратына сүйен­сек, бүгінде қару-жарақ құрамында барлау­шы-соққыш ұшқышсыз ұшу аппа­раты «Wing Loong» және барлау ұшқыш­сыз ұшу аппараты «Skylark» бар. Түркия­ның қазіргі заманғы ұшқышсыз ұшу аппа­раты «Anka» тәжірибелік әскери сынақ­тардан сәтті өтіп, қару-жараққа алынды.

пр

Қазіргі таңда сала мамандары ұш­қышсыз ұшу аппараттарын қолдану бойынша халықаралық тәжірибені белсенді түрде зерттеп жатыр. Жалпы, бұл салада еліміз бауырлас Түркиямен етене байланыс орнатып, әскери әріптестікті нығайтып келеді. Біле білсек, Түркия қазіргі таңда әскери ұш­қышсыз ұшу аппараттарын өндіру әрі экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы елге айналды. Былтыр екіжақты әскери ынтымақтастық шеңберінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақ­сылықов Түркиядағы Saha EXPO-2024 халық­аралық көрмесінде болып, «Baykar Defence» компаниясының бас директоры Халук Байрактармен келіссөз өткізген. Сол сапарда министр Р.Жақсылықовтың еліміздің аумағында жедел деңгейдегі так­тикалық ұшқышсыз авиациялық жүйе­лер мен барражды оқ-дәрілер өн­дірісін оқ­шау­лау мәселесі бойынша Жол картасын әзір­леуді уағдаласып келгені қуантарлық.

Кейінірек, еліміздің әскери делегациясы Ыстанбұл мен Анкараға сапары кезінде әскери «Baykar», «Havelsan», «Aselsan» және «Transvaro» компанияларының зауыттарында, өндірістік шеберханаларында, жобалау бюроларында болып, олардың өн­діріп жатқан өнімдерімен толық танысты.

«Corlu» және «Kesan» оқу-сынақ полигонында түрік мамандары «Bayraktar Akici», «Bayraktar TB3», «Bayraktar TB2», «Bayraktar Kalkan» ұшқышсыз авиа­циялық жүйелерін және «Mosquito X» бар­ражды оқ-дәрілері өнімдерін прак­тика­лық түрде таныстырды. Бұйыртса, бұл әскери техни­­калар да отандық әуе қорғанысының қата­рына қосылып жатса, нұр үстіне нұр болар.

п

«Aselsan» және «Havelsan» компа­нияларының кәсіпорындарында қазақ­стандық сарапшылар жерүсті басқару радарлары, биіктік өлшегіштер, дрондарға қарсы жүйелер, географиялық талдау жү­йесі, әртүрлі симулятор мен кешен­ді жал­пыәскери операцияларды имита­ция­лық модельдеу құралдарымен танысты.

Келіссөздер нәтижесінде Қорғаныс министрлігі мен «Baykar» компаниясы арасында жұмыс кездесуінің хаттамасына қол қойылды. Онда түрік тарапының еліміз Қарулы күштеріне «Bayraktar Kalkan», «Bayraktar Mini» ұшқышсыз авиациялық жүйелерін және «Mosquito X» операциялық барражды оқ-дәрілерді әскери сынақтар өткізу үшін тегін беруге ниеттеніп отыр.

Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы құралдар әзірленіп, зерт­телуде. Алматы қаласындағы Радио­электроника және байланыс әскери-ин­женерлік институтының мамандары ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қару-жарақтың тәжірибелік партиясын жасап, оны қазіргі уақытта тәжірибелік пайдалану кезеңінен өткізіп жатыр. Бұл құрылғылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күресуге арналған, бұл ел­дің қорғанысы үшін өте маңызды, өйт­кені дрондарға қатысты қауіп өсіп келеді.

Еліміз жабдықтар жеткізуді әртарап­тандыру аясында Батыс компанияларымен де жұмыс істей бастады. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы уақытта кедергілер стансаларын және дрондарға қарсы қару­ларды сатып алу жоспарланған. Бұл әуе кеңістігін қорғау және дрондарға қарсы күрес мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізбек.

р

Кейінгі уақытта Қорғаныс министр­лігі оқу-әдістемелік жиын аясында ұш­қыш­сыз ұшу аппараттары жү­йесі опе­раторларының да жарысын ұйымдас­тырып жүр. 1 мамырда өткен жарысқа өңірлік қолбасшылықтар мен әскери оқу орындарының 25 командасы қатысты. Іс-шараны қорытындылаған Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазіргі заманғы ұрыста ма­ңыз­ды артықшылық тудыратын ұш­қыш­сыз ұшу аппараттарын пайдалану аясы кеңейіп, әскери әмбебап техникаға айналып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ операторлардың кәсіби қасиеттерді жарыс барысында толық көрсете алғандарын атап өтті.

Бұл жарыста лейтенант Сүндетбай Дүйсенбаев (41433 әскери бөлімі), сержант Ілияс Әбілқасов (30217 әскери бө­лімі), Құр­лық әскерлері әскери инсти­тутының жауынгері кіші сержант Роман Смирнов, Ақылбек Тыныштықов сынды операторлар кәсіби әскери екенін көрсете алды.