Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Қызылжар қырандары

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың төл тарихы әріден жылға тартады. Жар басына қонған екі ауыл қатар өрбіп, төсекте басы, төскейде малы қосылып, біте қайнасып кеткен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ұйымдасып шаруашылық құрады. Сол тұста «Абай» ұжымшары атанған.

Қызылжар қырандары

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Кез келген қазақ ауылдары тәрізді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтап, өсіп-өнген. Ел есін жинап, кемеліне келе бастаған кезде сүттей ұйыған дүниені дүр сілкіндіріп Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талды. Соғыс деген жалғыз ауыз сөздің қаншалықты қасірет ар­қалататынын ел айқын сезінген. Әйтсе де, «еркек тоқты құрбандық» дегендей, арыдағы азуын айға білеген аруақты аталардың жолымен Отан қорғауды парыз санаған. Қан қасап майданға шағын ауылдан елуден аса ер-азамат аттанған. Бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес. Әйтсе де, зұлмат соғысқа бір әулеттен төрт, бір әулеттен үш адам дегендей, қаншама боздақ кетті.

Уақыт көші алға жылжыған сайын бір кезде ұмытылмастай көрінген оқиғалардың да көмескі тартары бар. Қазіргі күні майдан даласынан аман келген ардагерлер де арамызда жоқ. «Орнында бар оңалар» дегендей, немере-шөберелері түтін түтетіп жатыр. Олардың жүрегінде аталарының қан майданда көрсеткен қаһар­мандық ерлігі, жорықты жолдар­дағы ерлік дастаны іспетті қажыр-қайраты сақталып қалған. Тұтас, түгел болмаса да жұқанасы. Осын­ша азаматқа ыстық ұя, ақ бесік болған осы топырақтан түлеп ұш­қан қырандар туралы айта кету – парыз. Кейінгі жасқа үлгі-өнеге болуы үшін.

Қан майданда ел қорғаған қа­һарман аталарымыздың бірі – Мейрамбек Камалов. 1942 жылдың 15 қаңтарында әскери комиссариаттан шақырту алған жас жігіттің көкірегінде басқыншы жауға деген өшпенділік оты лаулап тұрған. Алғашқы әскери дайындықтан өткеннен кейін Украина топырағын зұлым жаудан қорғауға қатысты. Сан мәрте жан алып, жан беріскен шайқаста қазақтың өрімдей жас жігіті асқан ерлік көрсете білді. Қайтпас қайсар мінездің арқасында қарулас достарының сенімді серігі, командирлерінің әрдайым тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп атқаратын сенімді сарбазына айналды. Ат жалын тартып мінгелі шаруашылықпен айналысып, шар болаттай шыңдалған дала ұлы құралайды көзге атқан мерген болған. Сонысына орай атқыштар полкінде қызмет етіпті. Майдан даласындағы қауіп-қатер алдымен атқыштарға төнері бар. Кейінгі ұрпағының айтуына қарағанда, қан қасап майдан даласындағы адамның ерік-жігері, қажыр-қай­раты таразы басына тартылар тұста жауынгерлігі жайында тіс жарып айта бермесе керек. Майдан даласында бірнеше рет жарақат алды. Әскери госпитальда емделіп шы­ғысымен қатарға қосылды. Соңғы рет снаряд жарықшағынан алған жарақаты өте ауыр еді. Ол Днепропетровск, Ферғана қала­ларындағы госпитальдарда ем қабылдады. 1944 жылдың маусым айында туған жерге оралды. Майдан даласынан келген соң М.Камалов бірден жұмысқа араласты. Ақмола облысындағы ауыл­дарда есепшілік қызмет атқара жүріп, ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Соғыс басталмай тұрып үйленген жары Қалиман Нұрмағанбетқызы екеуі 52 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Жарық дүниеге әкелген перзенттерін әкелік ақ махаббатымен, ананың ыстық мейіріміне бөлеп өсірді.

М.Камаловтың майдан дала­сын­дағы көзсіз ерлігі, бейбіт өмір­дегі ересен еңбегі елеусіз қал­ған жоқ. Ол ІІ дәрежелі «Отан со­ғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ең­бек ардагері» тәрізді бірнеше медаль­мен марапатталды. 1994 жылы 72 жасында өмірден озған май­дангердің есімі – туған елінің есінде.

Тағы бір майдангер Сағынтай Калиманов 1910 жылдың 10 қыр­күйегінде Қосшы ауылында туған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жастай жетім қалып, тәрбиесімен немере ағасы Калиман айналысса керек. Еңбекпен есейген жас жігіт 1927 жылы Рождественка ауылындағы машина-трактор стан­сасына жұмысқа орналасады. Қазақ даласына техниканың жаңа келе бастаған кезі. Тумысынан зерек, жалындаған жас жігіт трактор жүргізіп, комбайнға отырады. Техника тілін терең меңгерген адам болған екен. Әрдайым алдынан жұмыс үркіп отыратын Сағынтай ата – стахановшылар қозғалысының белді мүшесі, еңбек озаты. Ша­руа­шылық басшыларының бірі Н.Рафиковтің ұсынысымен Петропавл қаласындағы ауыл ша­руа­шылығы училищесінде оқып, жүргізушілік куәлігін алған.

Соғыс басталғанда ел қорғауды өзіне парыз санаған ол майданға баруға талай рет өтініш жасайды. Ал мұндағы шаруашылыққа да адам керек. Маман механизатор­ларды майданға аттандырмай, бронь арқылы босататын тәртіп болған. Сағынтай ата тым-тым алыста күндей күркіреп өтіп жатқан соғыс туралы еміс-еміс естіп, тылдағы жұмысты қарқынды жүргізсе, өз көмегі сол боларын түйсінген. Түнді күнге, күнді түнге ұластырып, табаны тастан тайма­ған тарланбоздай қажырлы еңбек етсе де шаршап-шалдықпайтын, мейлінше шыдамды адам болған. Ал майдан даласындағы қайғының қара бұлты шалғайдағы шағын ауылдың да аспанын түнерткен. Қаралы қағаздар бірінен соң бірі келіп жатыр. Осы жайды біле оты­рып, тылда жүргенін намыс санаған. Ақыры 1943 жылы 33 жасында майданға аттанған. Қысқа­мерзімді әскери дайындықтан өткеннен кейін шабуылдаушы батальонның құрамына енгізілген. Бұлардың батальоны – бесінші әуе десант армиясының құрамында.

Жастайынан батырлар туралы дастанды жадына тоқып өскен, ұлы ерліктің рухында тәрбиеленген Сағынтай жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды. Барлаушылар, десантшылар – үнемі майданның алғы ше­бінде. Қауіп-қатер де көп. Ол замандастарына сұрапыл соғыс туралы жадында жатталып қалған бірқатар естелікті айтқан да екен. Сол естеліктің сорабын қай­та жаңғыртсақ, өткен өмір ше­жіресі өзегіңді тілгілейді. Бірде арнайы тапсырманы орындап келе жатқанда қаумалаған қалың жаудың ортасында қалады. Ит тұм­сығы өтпейтін қалың орман­ның іші. Жау тылында үш күн жүріп әбден қажыған бұлардың тобын басқыншылар қолға түсіре­ді. Одан әрі де фашистердің «Освен­цим» концентрациялық лагерін­дегі адам төзгісіз жағдай. Дес бергенде тұтқынға түскен кеңес әскер­лерін америкалықтар азат етеді. Ендігісі – еңбек армиясы. Са­ғын­тай ата Башқұртстандағы Октябрьский қаласында бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге қатысады. Сол жерде өмірлік серігі Сайма апайға кезігеді. Екі жастың тілегі бір арнада тоғысып, отау көтереді. 1946 жылы елге оралады. Майдангер ата машина-трактор шеберханасына жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмаған. Қан қасап майдан даласында көзсіз ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. Бейбіт өмірдегі еңбегі де елеусіз қалмапты. Сайма әжеміз екеуі мынау жарық дүниеге он бала әкеліп тәрбиелеген.

Қызылжар ауылының май­дангерлерінің бірі Несіпбек Құр­манбаев 1912 жылы дүниеге келген. Соғыстың алғашқы күнде­рінен бас­тап майдан даласында қан кешіп жүріп, алдыңғы шептен табылған. Соғысқа дейін ұжымдастыру жұмы­сына белсене араласқан, емен­нің иір бұтағындай әбден шынық­қан жас жігіт майдан даласында да қазақ баласының рухы өр екенін көрсете білген. 1941 жылы Сталинград түбіндегі қиянкескі ұрыс­тан басталған жо­рықты жолдары жеңісті күнге дейін үзілмеген. 78 және 74-ат­қыштар дивизиясының барлаушылар ротасында қызмет еткен. 1942 жылы ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. Оң қолынан айырылған майдангер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Со­ғыстан кейін Петропавл қала­сында білім алып, ауыл шаруа­шы­лығының айтулы маманы атанған.

Жоғарыда есімдері аталған ардагерлерден бөлек бұл ауылдан май­­дан өтіне аттанған жандар көп еді. Солардың қатарында Серікбай Тү­сіп­баев, Қасқатай Акимжанов, Әбі­кен Қоспанов, Самат Садықов, Тө­­леген Омаров, Абдрахман Сүлей­ме­­нов және тағы басқалары да бар еді.

Құстың ұясындай жып-жылы, кішкентай ғана ауылдан осындай үлкен азаматтар шыққан. Біз бүгін аталар рухы ұмытылмасын деп ерлігін паш еттік.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15