Өшпес даңқ • Кеше

Қолбасшы Нұрмағамбетов

70 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Біздің ұрпақ қаршадай қазақ батыры Сағадат Нұрмағам­бетовтің ерлігіне бала жастан қанық. Қызмет бабында танысқанымызға бірталай уақыт болған еді. Кездесіп, сұхбат алу туралы алдын ала келіскенбіз. Соған орай қолбасшы уақытқа сыр бермеген қапсағай тұлғасымен орнынан қопарыла тұрып, қарсы алды. Өз басының қадірін білетін және шынайы ізетті бағалайтын ілтипатты қалпы. Бар зейінін маған ауда­рып, әңгімеге шынайы ықылас танытты. Тарихи тұлғамен жүздесу жанға жағымды әсер қалдырған еді.

Қолбасшы Нұрмағамбетов

Жеңіс туын желбіреткен

Мемлекет қайраткері, Кеңес Одағының батыры, ескі одақтың әскери саласында қазақтан ең жоғары дәрежеге жеткен қол­басы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, бірінші «Ха­лық қаһарманы» Сағадат Қо­жах­­мет­ұлы Нұрмағамбетовтің өмір жолы – ерлік пен елдіктің жарқын айғағы. Өзара әңгімеміз Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті жылдары жайын­да бас­талып, егемен елдің Қару­лы күштерін құрудың жай-жап­са­рына қарай ойыса берді. Ардагер­дің естелігі өткен кезеңдердің қым-қуыт оқиғаларын және оның қатысушыларын көз алдымызға әкеледі.

Батырды тыңдай отырып, алыс­­та қалған қатал да сұрқай жыл­­дар елестейді. Бір уақ оның «ызға­рынан», тіпті бойымыз тоңа­зы­ғандай болады. Әне, 6-7 жасар балдырған есіктің көзінде бүрісіп, көктемгі жаңбырдың жылымық суына алақандарын кемерлей тосады. Бұл оның анасынан айы­рылған алғашқы көктемі еді. Әкесі Қожахмет осы ұлы дүние есігін ашқанда бақилық болыпты.

Мектепте жақсы оқығанының арқасында трактор бригадасына есепші болып орналасады. Еңбек жолы тәп-тәуір басталғандай екен. Әттең, соғыс келіп килікпесе... Сағадат онда Ақмоладағы Саяси-ағарту курсында оқуда еді. Кезек­ші болғандықтан, оқу орнына өзгелерден ертерек келген. Сы­ныптың терезелерін шалқайта ашып, тақтаны тағы бір сүртіп шықты. Біртіндеп өзгелері де жинала бастады. Жастар емес пе, бәрі де бейқам қалыпта ойнап, күліп, мәз-мейрам. Ойда-жоқта сыныпқа директор келіп кірді. Түрі өрт сөндіргендей боп-боз. Жастардың әзіл-қалжыңы кілт тыйылды. Ол оң қолын баяу жоғары көтеріп, ерні ғана жыбыр етті: «Балалар тынышталыңдаршы». Олар ескер­тусіз-ақ қыбыр етпей тұрған. Бірақ директор мұны ажыратар халде емес секілді. Сәл күмілжіп барып, «соғыс басталыпты» деге­нін­де даусы мүлде жат естілді. Тө­бе­лерінен жай түскендей. Суық хабар жүрекке шаншудай қадалған. Кейінгі уақытта көп алаңдап, қызу тал­қы­лап жүрген үрейлі күдіктің шынға айналған жайы бар. Бәрі де есеңгіреп қалғандай. Барлық арман-мақсат бірден сағымға айналып жүре берді. Осы үнсіздікті тағы да директордың даусы бұзды: Алаңда митингі болғалы жатыр, соған қатысыңдар». Митингіде сөйлегендер көп болды. Фашистік Германияның соғыс жарияламай, шекараны бұзғаны айыпталды. Бұрынғы соғыстардың да жау үшін абыройсыз аяқталғаны сөз болды. Басқыншылардың күйрей жеңілетіні, Қызыл армияның же­ңе­тіні туралы жалынды мәлім­де­мелер жасалып жатты.

Ұжымшар басқармасы саяси-ағарту курсында оқып қайтқан Сағадатқа есепшілікпен қоса клуб меңгерушісінің міндетін жүктейді. Клуб үйінің ішкі бір жақ қабырғасын Кеңес одағының үлкен картасы көмкеріп тұратын. Ол соның бетіне кеңес әскерінің шегінген жолын, ара-тұра ілгері басқан қадамын да қызыл жалау­шалармен белгілеп отырады. Майданнан радио арқылы жеткен соңғы мәліметтерді елден бұрын біліп, ізін суытпай ауылдастарына жеткізеді.

Келесі жылы Сағадат өзі секіл­ді жастармен бірге Түрікмен­станға жол тартты. Өзі ойлағандай, бірден майданға бармағанмен, ауданның әскери комиссары айтпақшы, жаудың «сыбағасын» жақсылап беру үшін даярлықтан өтетін болды. Бұл – 1942 жылдың шілдесі. Алайда межелі жер – Байрам-али кентіне жеткендерімен, қай­та­дан «көшуге» тура келеді. Сөй­тіп, Кушка қаласындағы пуле­метшілер курсында оқуға кіріседі. Командирлерінің дені – оқ пен оттың ортасынан оралғандар. Олар өрімдей жастардың оңай нысанаға айналмауы үшін біл­генін үйретіп, қатаң талап қояды. Көп ұзамай, майданға аттанатын күн де келіп жеткен. Алғашқы взводтарға даярлықтары жақсы деген курсанттар таңдап алынуда. Сағадат пен жерлестері Геннадий Никитин, Мәкен Бекмағамбетов те – осы қатарда. Сонымен, 1943 жылдың 26 сәуірінде «бірін­ші­взводшылар» әскери әзірлікті толық аяқтап, майданға аттанады.

Махачкаладағы әскери портта олар кемеден пойызға ауысып, әуелі Краснодарға, одан әрі өздері бекітілген Қызыл тулы 9-атқыштар корпусының штабына да жетті. Бұлар әскер сапына қосылғанда жау Қырым стани­цасы аумағында қарсы шабуылдап жатыр екен. Сағадат станокты пулемет взводына командир болып тағайындалады. «Максим» пулеметі – ауыр бол­ғанымен қаһарлы қару. Коман­дир ретінде қарауындағы үш бөлімшені басқарып, оқ-дәрімен қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ ол қаруласының бірі оққа ұша қалса, оның орнын басуға әзір тұрып, ең мерген атқыштан олқы түспеуге тиіс. Әйтеуір, ты­ным жоқ: жауынгерлер уақты­лы тамақтанды ма, жауды бақылау­дың барысы қалай, пулемет да­йын ба, кезекші қалғып кеткен жоқ па – бәрі де алаңдатады. Қа­рауындағылардан кеш жатып, ерте тұрады. Қызыл армия 43-тің жазында ірі жеңістерге жетті. Сталинград пен Кавказда, Орлов-Курск доғасында «қорқаулардың» аса ірі әскер топтары ойсырата тал­қандалды.

Лейтенант Нұрмағамбетов қызмет ететін 8-дивизия 1943 жылғы 20 тамызда қорғаныс айма­ғын басқа бөлімшелерге тапсырып, Донбасқа табан тірейді. Бұл – Кеңес одағындағы аса ірі өнер­кәсіптік орталық. Оған гитлершілдер өз құжаттарында «Шығыс Рур» деген ат беріп, басы бүтін «меншіктеп» алыпты. Адам мен табиғи ресурстары көп стратегиялық маңызды аймақтан жау оңайлықпен ай­рыл­мақ емес-ті. Миус өзенінің жағалауынан «Миус-майдан» бетон бекінісі сұстана сес көрсетеді. Әсіресе Днепр мен Днестр өзенде­рінен өтудің машақаты мен қай­ғысы көп болыпты. Бірқатар қару­­лас жолдасы мәңгіге көз жұ­ма­­ды. 1944 жылдың тамыз айын­­да 8-гвардиялық дивизия Висла өзенінің жағалауына жеткен. Аталған өзеннің бір саласы – Пилица өзенінен Нұр­ма­ғам­бетовтің батальоны бірінші болып өтеді. Фашистер қайта-қайта өңмеңдеп, маза таппай, «қырандардың» қанаттарын қайы­рып, қайтадан суға тоғыт­қанша жанталасады.

Осы алапат айқас күндері ди­ви­зия­лық газет комбат Нұр­ма­ғамбетов басқаратын бөлім­шенің ерлігі туралы жазып, үлгі етеді. Ол ерлігі үшін өзінің Батыр атағына ұсынылғанын, әрине, кейін біле­ді. Сағадат Қожахметұлы Сол­түс­тік Кавказ бен Украинаны, Мол­давия мен Польшаны азат етуге қатысады. Асау Днепр, Оңтүстік Буг, Днестр, Пилица, Висла, Одер, Шпрее және басқа да өзендерді кешіп өтіп, Берлиндегі үкіметтік ғима­раттарды шабуыл­даған­дар­дың қатарында да батыл­дығымен көзге түседі.

Берлинмен екі арадағы Альт-Ландсберг қаласында 27 ақпанда Сағадат Нұрмағамбетовке КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының жарлығымен Кеңес Одағының батыры атағы берілгені жарияланады. Қаруластар жерленіп, қызыл сарбаздың ескерткіші қойылған Трептов саябағы қазір көпшілікке танымал. Мұнда 1945 жылдың сәуір айында жантүр­шігерлік шайқастар өтеді. Айна­ланы солқылдатқан танкілер жап-жасыл аймақты соқаша жыртады.

Жеңіс күні таяп келе жатты. Берлиннің көшелерінде жан алып, жан беріскен шайқастар жалын атады. Авиация министрлігі мен гестапоның ғимараттары да кеңестік «қырандардың» қолына өтті. Империялық канцеляриямен екі ортаны төбе-төбе қирандылар ғана бөліп тұрды. Эсэсшілердің ең бір азғындары ажал іздеп, 1 ма­мырда түні бойы арпалысып баққан. Ақыры, зеңбіректер тура көздеп атып, империялық сарай мен жерасты орындарын отқа орайды.

Империялық канцелярияға 1050-полктің С.Нұрмағамбетов және В.Емельянов, М.Бойцов бастаған батальондары алғашқы­лардың қатарында басып кіреді. Келесі күні 2 мамырда, елең-алаң­­да штабтан Рейхстагтің алын­­ғаны хабарланған. Майдан­дық газеттердің тілшілері Мұса Діні­шев пен Қалмақан Әбді­қадыров Сағадатты арнайы із­деп келіп, очерктер жариялайды. Жерлестермен мұндай кездесулер аса қуанышты. Бұл туған жерге деген сағынышын баса ал­мағанымен, ел-жұртпен қауышар күннің жақсы хабаршысындай еді.

 

Тәуелсіз елдің қорғаныс министрі

Әуе кемесі аспан төсімен уа­қыттан оза жүзеді. 1995 жылы, Жеңістің 50 жылдығында сәті түс­пеген сапарға сол көктемде, араға он жыл салып қана жол ашылғандай. Отты жылдарының өзекті өртер өкініші де, сала­уат айтар рақымы да – Сағадат Қожахметұлының әрқашан жадында. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Жеңістің 60 жылдығына байланысты Достастық мемлекеттері басшыларының ұсынысын қабыл алып, 9 мамыр – «Келісім мен зерде күні» деп жарияланған еді. Соған орай Халықаралық ұйым адамзатты нәсілшілдіктің мұрагері – терроризм мен экс­тре­­мизмді және ксенофобия­ны дәріптеген идеологиялық доктриналарға қарсы күресте күш біріктіруге шақыруды көздейді. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 2005 жылғы 9 мамырда Екінші жаһандық соғыстың құрбандарын еске алуға арналған сессиясында С.Нұрмағамбетов те сөйлейтін болып ұйғарылыпты. Мұндай құр­мет ескі одақтың бұрынғы респуб­ликаларынан жал­ғыз С.Нұр­мағамбетовке көр­сетілген.

Батыр форумға жиналғандар алдында сұрапыл соғыс қасіретін жайып салып, мәртебелі ұйымға мүше елдердің басшыларын бей­біт­шілікті нығайтуға шақырған. Қазақ елінің, өзі бастауында тұр­ған, төл Қарулы күштері сол бейбіт өмірдің «қалқаны» екені түсінікті. Президенттің «Қазақ­стан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» Жарлығы шыққан 1992 жылдың 7 мамыры – Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтеді.

Кезінде қалыптасқан қауіпсіз­дік жүйесін сақтай отырып ұлттық армияны қайта құру аса қиынға соғады. Оның тауқыметін еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов өз басынан кешті. Айталық, үш айдың ішінде Достастықтың Біріккен қарулы күштерінің әскери құры­лымдарын қабылдап алып, оларды тікелей басқару жүйесін құру қажет еді. Ал қай істің болса да кадр мәселесіне келіп тірелері мәлім. Бірақ қазақ командирлері жоққа тән. Сол тұста республика аумағында 250 мың әскер орналасса да, соның ішінде қазақтан бірде-бір полк командирі болмапты. Командирлердің бәрі – негізінен орыстар мен украиндар. Олар өздерін айдалада қал­ғандай сезініп, тарихи Ота­ны­на жеткенше асықты және көп­шілігі солай жасады. Кейбір бөлімдерде офицерлердің жартысына жетер-жетпесі ғана қалған. Әсіресе полкқа дейінгі командирлер жетіспейді. Министр штат кестесі бойынша басқару аппаратын құруды шапшаң қолға алады.

Аса жауапты лауазымдық міндетін ойдағыдай атқару үшін құс ұйқылы жұмыс жасайтын күн туған. Сол бір қысылтаяң шақта, ең алдымен, өте қымбат тұратын және сансыз көп әскери техника мен қару-жарақтарды, әскери қалашықтарды сақтап қалу аса керек болды. Күрмеуін күткен қисапсыз мәселе қоздап шыққан кезеңдегі Сағадат Қожах­­метұлының іскер әрі сабыр­лы шешімдерін әріптестері лайық­ты бағалай білді. Ол әс­кери бөлім­дерді аралап, ұлт­тық ала­­лаудың болмайтынын түсінді­руден аянбады.

Бір атап айтарлығы, әскери қыз­метшілерді әлеуметтік қол­дау жөніндегі заң шапшаң қабыл­данды. Соның арқасында офицерлер елдеріне барамыз десе, басқа мемлекет екеніне де қарамастан, олардың тегін сапар­лап қайтуы­на мүмкіндік берілді. Бұрынғы одақтас респуб­ли­калардың басқа ешбірінде мұндай заң жоқ еді. Соның арқасында әскерилердің көңіл күйі сабасына түседі. Бұдан кейін басшы құрамға қатаң талап қойылып, Отан қауіпсіздігінің шаралары нақты жүзеге асырыла бас­тады.

Тәуелсіз елдің тұңғыш Қор­ғаныс министрі лауазы­мына лайықты адамды ізде­генде таң­даудың Сағадат Қожахметұлы­на түсуі де заңды еді. Ол – Қарулы күштердің өз адамы. Оның үстіне кейбіреу қанша мойындағысы келмегені­мен жас республиканың салиқалы әс­ке­ри саясатымен келіспеу қи­сынсыз болатын. Сөйтіп, сол 1992 жылдың 8 желтоқсанында «әскер ықшам да шапшаң әрі сақадай-сай даярлықта болуға тиіс» деп қорғаныс қабілетін нығайтудың бағыттары айқындалады.

Сондықтан қаржы мәселесі өз алдына, кадр жетімсіздігінің орнын толтыру көкейкесті еді. Офицерлер қатарын көбейту мақсатында кіші лейтенанттар даярлайтын 3 айдан 9 айға дейінгі қысқамерзімді курстар ұйымдастырылады. Екінші дү­ние­жүзілік соғыс жылдарында осындай курстар болғанына және олардың өзін-өзі ақтағанына пулеметшілер курсының түлегі Сағадаттың өз басы куә. Бастапқы кезеңдегі әскери саясаттың негізі бағыттары 1993 жылғы Әскери доктринада түбегейлі айқындалады. Аталған доктрина басқа да заң­дық және нормативтік-құқылық актілермен бірге егемен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әскери құрылысты дамытудың берік іргетасына айналды. АҚШ, ҚХР, Түркия мен Германияның әскери ведомстволарымен тығыз байланыс орнатылады. Шекара бойымен қауіпсіздік «белдігін» тарту, ұжымдық қауіпсіздіктің негі­зін қалау, ядролық қауіпті тө­мен­дету шаралары қолға алынды.

Министр дамыл таппайды: бір­де ұшу алаңында жүрсе, енді бірде әскери бөлімге кетіп бара жатады. Ол, әсіресе, ТМД мемлекеттерінің басшылары қол қоятын «Өзара қауіпсіздік пен ынтымақтастық туралы» шарт­ты дайындау барысында да дау-дамай туғанын ұмытпайды. Бар­лық қорғаныс министрі сол жолы Ташкентте жиналған. Сан алуан пікір таласы әбден демігіп, өзара жүз шайысуға аз қалған. Сон­да Сағадат Қожахметұлы сөз алып, баршасы мүдделі ұсынысын дәлелдеп шығады.

Сағадат сардар Орта-Азия әскери округі құрылған күннен бастап қолбасшының орынбасары дәрежесінде қызмет еткенінің арқасында кадрлар құрамына, олардың қарым-қабілетін бір­шама білетін. Қолынан іс келеді, әскери істі біледі, ел мен жерге адал болады деген азаматтарды жан-жақтан, тіпті запастан да шақыруды қолға алған. Сөйтіп, қалыптасқан шетін жағдайда бөлімдердің ко­мандирлерін батыл түрде жауапты қызметтерге тағайындау жүзеге асырылды. Бір қуаныштысы, олар өздеріне көрсетілген сенімді ақтады. Осын­дай үміт үдесінен көрінген әскерилер қатарында сол кездегі полковниктер (қазіргі генералдар) Жарболов, Ертаев, Сихимов, Щацков, Әубәкіров, Халиков, Еламанов, Ибраев, Васимов, Тасболатовтарды ризашылықпен жадында сақтады. Ал әскери кадрлардың ұлттық құрамындағы кереғарлық орталықтың алақол саясатының салдары еді. Әділет­сіздік жанға батқанымен, оны дауыстап айту екіталай болатын.

Соғыс уақытында қазақтан едәуір дарынды командирлердің шыққаны мәлім. Олар от-жалында шың­далып, айтарлықтай тәжіри­бе жинақтаған және армиядағы жо­ғары лауазымдарға лайық аза­­мат­тар еді. Амал не, кереғар кеңес­­тік саясаттың кесірінен қа­зақтың іскер офицер кадрлары кері ысырылып, әскери комиссариаттарға жіберілді немесе өздері запасқа шығып кетіп жатты. Мәселен, соғыстан кейінгі кезеңде дивизия командирлігіне екі-ақ қазақ ұсынылыпты.

Шындығында, әскери ұлт кадр­­лары көп болмағанымен, жоқ та емес еді. Тағы бір қиындық Алма­тыдағы Жоғары әскери ко­ман­да­лық училищеге квотаның орта­лықтан бекітілуіне қатысты еді. Жөн-жосықсыз шектеудің салдарынан аталған оқу орнындағы қазақтардың саны 10 пайыздан аспауға тиіс екен. Бізге Ресей мен Украинадан, басқа да республикалардан келіп оқыды. Егер жаңағы квота 30 пайызға белгіленген күнде, ұлт кадрларының қалып­тасуына пайдалы болмағы сөзсіз.

Сағадат ағаның өзіне келсек, Мәскеудегілердің тағар кінәсі болмаса да лауазым бойынша тиесілі генерал-лейтенант атағын сегіз жыл күттірді. Сол сияқты республикадағы жедел қимыл бригадасының құрамы түгелдей дерлік орыс азаматтарынан болды. Олардың әуелде құрылған рес­публикалық Қорғаныс комитетіне бағыну үш ұйықтаса да түсіне кір­мейді. Сондықтан солқылдақ кадр­лар біртіндеп ел мұратына адал азаматтармен алмастырылды.

Қазақ сардарлары мен сарбаз­дарының, әлбетте барша қару­ластардың басын қосып, төл ар­миямыздың алтын қазығы болу перзенттік парызы екенін өз кезінде Сағадат Қожахметұлы айтудан жалыққан емес. Олардың иығына түсетін жауапкершілік жүгі де өзгелерден ауыр. Ел іргесі­нің амандығына нағыз отан­шыл азаматтардың ғана жаны ауы­рады. Ал әскери қызмет – аса қия­мет шаруа. Әртүрлі отбасы­нан шыққан, көрген-білгені мен оқып-тоқығаны алақұла жас­өс­­пірімдерді тәрбиелеудің қиын­дығы көп.

Батырдың туған жері Ақкөл селосында даңқты жерлестері С.Нұрмағамбетовке арнап аш­қан мұражай бар. Жәдігерлер батырдың өнегелі өмір жолын жаңғыртып, «Сталинская правда» газетіндегі мақалалар Сағадат ағаның ерліктері жайында сыр шертеді.

Жеңіс сүйіншісін естіген сәт­тегі тебіренісі Сағадат ағаның мәңгі есінде қалды: «2 мамыр күні Рейхстаг алынды. Қуанышта шек болмады. Бас киімдерімізді лақтырып, қарудың бәрінен ас­панға оқ атып жатырмыз. Түске қарай жаудың жеңілгенін туралы хабар жетті. Еркімнен тыс толқып кеттім. Қаруластарды құшақтап, сүйе беріппін. Біреулер күлсе, енді біреулер жылап, сосын бәрінің де өз білгенінше ән мен биге басқаны есімде».

Туған еліңнің тәуелсіз екенін сезіну және соған шамаң келгенше үлес қосу – зор бақыт. Бұл әр­қашан жаныңды шуаққа бөлей­ді. Дегенмен қаһарман өзін алаң­дататын жайларды да жасырмаған. Әсіресе зейнет­керлерге, мүгедектер мен же­тім-жесірлерге, көпбалалы отбасы­ларға әлеуметтік көмек пен қол­дау­ды әлі де болса күшейту керек-ақ. Сағадат Қожахметұлы сол қамқорлықтың алтын арқауы әділет деп білді. Әсіресе жастар қай салада болсын әділетті сезінсе, олар туған елі мен жері үшін ештеңеден де тайынбайды. Себебі мемлекеттің халықтың шынайы жанашыры екеніне сенімді азаматтардан ғана нағыз патриоттар шығады. Республикада бұл тұрғыда ай­тар­лықтай жұмыс атқа­рылып жатқаны құптарлық.

Бейбітшілік – адамзаттық жоға­ры құндылық. Барлық сая­си, экономикалық, диплома­тия­лық және әскери мүмкін­дік­тер агрес­сияға қарсы жұмы­л­дыры­лады. Сағадат Қожахметұлы халқы­мыздың тәуелсіздік пен бейбіт­шілікті бәрінен қымбат санап, оған берік қорған боларына кәміл сенді.

 

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

жазушы