
Сапар барысында депутат Бұқтырма су қоймасының жағалауын аралап, облыстық Кәсіпкерлер палатасының туризм кеңесімен кездесіп, саладағы қордаланған мәселелерді талқылады. Олардың қатарында өңірді дамытуға арналған бас жоспардың жоқтығы, электр қуатының жиі ажырауы, интернет пен байланыс сапасының төмендігі, инфрақұрылымның әлсіздігі және табиғатты аялау мәдениетінің жеткіліксіздігі бар. Бұл түйткілдер табиғи байлығы мол аймақтағы туризмнің өркендеуіне елеулі кедергі келтіріп отыр.
«Кәсіпкерлер инвестиция құюға әзір, туристер келуге ынталы. Бірақ қай жерде қандай құрылыс жүргізілетіні, қандай нысандар жоспарланғаны белгісіз. Жарық жиі сөнеді, интернет сапасы нашар. Мәселен, Үлкен Нарындағы визит-орталықта туристер арнайы іздейтін жергілікті бал, пантокрин, қайың қабығынан немесе саздан жасалған бұйымдар мүлде жоқ. Ал Алтайға келген қонақ сапардан естелік, сыйлықсыз кеткісі келмейді. Мұндай өнімдер – өңірді танытудың маңызды құралы», деді депутат.
Екатерина Смолякованың айтуынша, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен қолдау шаралары қарастырылғанымен, Шығыс Қазақстанның туризм әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Соңғы төрт жылда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі туризмнің үлесі 3,7%-дан 3,2%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіш – әлемдік орташа деңгейден үш еседей аз, сондай-ақ климаты ұқсас көрші мемлекеттерден де артта қалып келеді.
«Дүниежүзінде туризм – жұмыс орындарының 10 пайызы, экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы. Бізде де табиғи және мәдени байлық жеткілікті. Тек жүйелі қадамдар мен сапалы серпіліс қажет», деп түйіндеді халық қалаулысы.
Бұған дейін депутат Маңғыстау және Алматы облыстарындағы туристік аймақтарды аралап, инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасы, экология және туризмді ілгерілету мәселелерін көтерген еді. Шығыстағы жұмыс сапары да жалғасып, алдағы күндері тұрғындар мен кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалады. Жиналған пікірлер мен ұсыныстар Парламентте талқылауға ұсынылмақ.