
Суретте Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен майдангер журналист Мұса Дінішев таспаланған. Қас-қағым сәтті тарихқа айналдырған фотокадр қаламын қару еткен қайсар жанның көзі тірісінде ерекше қадір тұтқан мұраларының бірі болыпты. Бүгінде Дінішевтер әулетінің мұрағатындағы бағалы қазына саналатын осынау сурет тарихты тек ресми құжаттармен емес, шынайы естеліктермен де сезінуге болатынын көрсетеді. Суреттің қай кезде, қалай түсірілгені, бейнедегі тұлғалардың тағдырына қалай әсер еткені туралы көрнекті опера әншісі, Еңбек ері Әлібек Мұсаұлы Дінішев әңгімелеп берді.
«Әкем Мұса Дінішев – Сталинградтан Берлинге дейінгі ауыр майдан жолын жүріп өткен. Ол Сталинград шайқасының қатысушысы еді. Соғыстың алғашқы екі жылында жаяу әскер құрамында саяси жетекші (политрук) болып қызмет етті. Сол кезеңде жаяу әскердегі саяси жетекшілерге өмір өте қауіпті еді. Себебі неміс әскері дәл осы лауазым иелеріне бағыттап оқ ататын. Сол қиын-қыстау заманда, тағдырдың қолдауы болар, әкем тірі қалды. Кейіннен оны Сталинград маңындағы майдандық газет редакциясына ауыстырады. Ол жерде әр ұлттың – қазақ, өзбек, украинның редакциясы болған. Әкем осы газетте қазақ бөлімінің тілшісі ретінде қызмет етті. Ол майдан шебінде жүріп, елден аттанған жауынгерлер туралы очерктер жазып, олардың ерлігін қағаз бетіне түсірді. Әкемнің архивінде сақталған сирек суреттердің бірі – Қазақстаннан шыққан өнерпаздардың майдан даласына концертпен келген сәті. Сол суреттердің бірінде ол әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевпен бірге түскен. Ал ең құнды естеліктің бірі – Сағадат Нұрмағамбетовпен түскен сурет. Ол 1945 жылдың мамыр айында, Берлинде түсірілген. Сол кезде Сағадат ағамызға Кеңес Одағының батыры атағы берілген еді. Жас офицердің ерлігі туралы жазу үшін әкем арнайы барып, оны іздеп табады. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, очеркке қажетті материалдар жинайды. Кейін осы сұхбат негізінде мақала жазылады. Екеуі бірге суретке түседі. Бұл – соғыстың соңғы кезеңінде, Жеңіс күнінің қарсаңында орын алған тағдырлы кездесу. Сағадат аға мен әкем соғыстан кейін өмір бойы аралас-құралас, сыйлас дос болып өтті. Біз де Сағадат ағаның үйінде талай болдық. Кейін ол кісімен әр жолыққан сәтімде сол Берлиндегі тарихи кездесуді, екеуінің әңгімесін, әкемнің Сағадат аға туралы жазған очеркін еске алатынбыз», дейді Әлібек Дінішев.
Тағдыр табыстырған ағалы-інілі майдангерлердің кейінгі өмір өнегесі елге мәлім. «Отан газетінің» әскердегі тілшісі болған Мұса Бөкенбайұлы соғыстан аман оралған соң ұлт баспасөзіне қалтқысыз қызмет етті. Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастаған ол «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының негізін қалап, ұзақ уақыт бас редактор қызметін атқарды, ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары болды.
Соғыстан кейін Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес армиясында қызмет етті. 1971 жылы генерал-лейтенант шенін алды. 1989 жылы отставкаға шыққанымен, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы, кейін еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Оқырман назарына ұсынылып отырған осы бір суреттің тасасында көңілге ой салар көп дүние жатыр. Бір ғана суреттен басталатын үлкен тарих – уақыт ағымында естеліктер көмескіленсе де, шын достық пен батырлықтың ізі ешқашан өшпейтінін аңғартып тұрғандай.
АЛМАТЫ