
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Берлинге шабуыл
Екінші дүниежүзілік соғыста «Берлин операциясы» атымен әйгілі аса ірі шабуыл 1945 жылғы 16 сәуірден 8 мамырға дейін 23 күнге созылды. Операция барысында кеңес әскерлері батысқа қарай 100-ден 220 шақырымға дейінгі қашықтыққа жылжыды. Соғыс майданының ені 300 шықырымды құрады. 1945 жылғы сәуірдегі әскери-саяси жағдай кеңестік қолбасшылықтан Берлин бағытындағы неміс әскерлерінің топтарын жоюды, Берлинді басып алуды, Эльба өзеніне шығып батыс одақтастарының әскерлерімен қосылуды, операцияны қысқа мерзімде дайындап, жүргізуді талап етті.
1945 жылдың басында Еуропадағы соғыс Берлин шайқасымен аяқталатыны белгілі болды. Бірақ Германия астанасына кім бірінші жетеді, Батыс одақтастарының әскерлері немесе кеңес әскері ме деген сұрақ ашық күйінде қалды. Ал шын мәнінде Берлин үшін ақтық айқас кеңес қолбасшылығы еншісінде болып, шаш етек шығын мен ауыр айқас кеңес әскерінің мойнына жүктелді.
Берлин операциясы миллиондаған сарбаз, жүздеген мың техника, артиллерия мен авиация қатысқан және әскери-саяси нәтиже бойынша да табысқа қол жеткізілген Екінші дүниежүзілік соғыстың ірі операцияларының бірі болды. Кеңес әскерлері Шығыс Еуропа арқылы өтіп үлгерді және Берлинге тезірек жетуге бел байлады. Осы әскери-стратегиялық шабуыл операциясында Кеңес армиясы неміс-фашист әскерін талқандады. Аса ірі шабуылмен Берлинді басып алды және гитлерлік Германияны капитуляцияға мәжбүрледі.
1945 жылы сәуірдің басында кеңес-герман майданында 11 неміс-фашист армиясының құрамына кіретін 167 дивизия, 14 бригада, 30 жауынгерлік топ және 17 дивизияның қалдықтары әрекет етті. Берлинді және оның маңын қорғауға үш армия бөлінді (9-дала, 3- және 4-танк). Оларда бір миллионға дейін сарбаз бен офицер, 10 400-ге жуық қару-жарақ пен миномет, 1500 танк пен шабуылдау зеңбірегі бар 85 дивизия болды. Олардың іс-қимылын әуеден Берлиннің 6-әуе флоты мен әуе қорғаныс күштері авиациясының 3300 ұшағы қолдады.
Германия толық капитуляцияланғанға дейін фашистік армияның басты күштері кеңес армиясына қарулы қарсылық көрсетті. Одер мен Нейсе өзендері бойындағы майданда фельдмаршал Фердинанд Шёрнер басқарған «Орталық» армия топтарының бір бөлігі мен генерал-полковник Хельмут Хайнрицидің «Висла» армиясының жауынгерлік топтары қорғады.
Кеңес қарулы күштерінің Берлинге батыл шабуылын күте отырып, неміс-фашист қолбасшылығы ірі күштерді Одер мен Нейсе бойына шоғырландырып қана қоймай, Германия астанасының маңында қорғаныс шекараларының қуатты жүйесін құрды. Қорғаныс жұмысына әскерлер, жергілікті тұрғындар, әскери тұтқындар мен шетелдік жұмысшылар тартылды, бұл астана айналасындағы қорғаныс қоршауларын қоса алғанда, жалпы көлемі 90 шақырымға дейінгі Одерден Берлинге дейінгі қорғаныс құрылысының тұтас жүйесін құруға мүмкіндік берді. Одер бойындағы үш қорғаныс жолағы және Берлиннің қоршаулары атыс құралдарымен, миналық қоршаулармен, атыс құралдарына арналған бетондалған құрылыстармен, танкіге және жаяу әскерге қарсы кедергілермен, айналма қорғанысқа бейімделген қуатты тірек пункттерімен тығыз қорғанды. Берлинде тоғыз қорғаныс секторы құрылды.
Одер мен Берлин арасындағы жер қорғаныс үшін тиімді болды. Зееловск биіктіктері, Одер, Нейсе, Дама, Шпрее өзендері, арналардың, темір және тас жолдардың қалың желісі, тас ғимараттары бар қалалардың көптігі – осының бәрі келе жатқан әскерлердің іс-қимылын қиындатты. Одер мен каналдардағы су деңгейінің көтерілуін пайдалана отырып, олар шабуылды қиындату үшін бірқатар ауданды су басуға дайындады.
Одерде табанды қарсылық көрсете отырып, гитлершілер бір мезгілде Германия астанасын қорғауға мұқият дайындалды. Берлин қорғаныс ауданының үш айналма жолы болды, ал қалада тоғыз қорғаныс секторы құрылды. Берлинді қорғау туралы арнайы бұйрықта әскерлер әр көше, әр үй үшін шайқасуға тиіс екені айтылды.
Алапат шайқас
Неміс қорғанысының мықтылығын, шабуылға арналған жергілікті жердің қиын жағдайын, неміс-фашист топтарының ірі күштерін, Берлин маңындағы және қаланың өзінде шайқастарда қатты қарсылықтың болатынын КСРО Жоғарғы Бас қолбасшылығы жақсы білді. Сондықтан Бас қолбасшылық Германия астанасын иелену жөніндегі операцияны жүргізуге үш майдан тобын қатыстырды: І Беларусь майданы – қолбасшысы маршал Г.К.Жуков, ІІ Беларусь майданы – қолбасшысы маршал К.К.Рокоссовский және І Украин майданы – қолбасшысы маршал И.С.Конев. Олардың құрамында 159 атқыштар дивизиясы (2,5 млн адам, 6250 танк және АБЖ, 41 600 қару-жарақ пен миномет, 7500 ұшақ) болды.
Берлинге шабуылдауда негізгі рөл маршал Г.К. Жуков қолбасшылық еткен І Беларусь майданына берілді. Бұл майдан Берлинге баратын ең қысқа жолдағы кеңес әскерлерінің стратегиялық тобының орталығында орналастырылды. Оның басқа майдандармен салыстырғанда әскери күштері мен құралдары басым еді. Оған Берлинге 4 жалпыәскери және 2 танк армиясының күштерімен басты соққы жасау, қарсыластың қорғанысын бұзу, 9-неміс армиясының негізгі күшін Берлинге кіреберісте жеңіп, Германия астанасын басып алу міндеті қойылды.
Маршал К.К.Рокоссовский қолбасшылық еткен ІІ Беларусь майданының әскерлеріне – Шведт қаласының солтүстігіндегі учаскеде Одер өзенін басып өту, қарсыластың 3-танк армиясын талқандау, оның Берлин ауданына кетуіне жол бермеу міндеті жүктелді. Операцияның 12-15 күні Деммин, Варен, Виттенберг қалаларының шебіне шығып, Берлин үшін ұрыс кезінде солтүстіктен І Беларусь майданының басты күштерін қамтамасыз ету ұйғарылды. Осы міндетті орындауға майдан қолбасшысы үш армиядан, бір кавалериялық, бір механикаландырылған, үш танк корпусынан тұратын соққы беретін топ құрды.
Маршал И.С.Коневтің басшылығындағы І Украин майданына Гросс-Гастрозе, Пенцих шекарасынан шабуылға өтіп, Шпремберг, Бельциг бағытында 4 жалпыәскери және 2 танк армиясының күштерімен басты соққы жасау ұйғарылды. Ол жаудың 4-танк армиясын талқандап, операцияның 10-12 күндері Белиц, Виттенберг шебіне, одан әрі Эльба бойымен Дрезденге дейін жетуі керек болды. Осымен І Беларусь майданы әскерінің оңтүстігінен сенімді қорғануға қол жеткізілді әрі Берлинге Чехословакияда әрекет еткен «Орталық» әскер тобының құрамаларының келуіне жол берілмеді.
Берлин операциясы 16 сәуірде басталып, І Беларусь және І Украина майдандарының әскері осы күні шабуылға көшті. ІІ Беларусь майданы (қолбасшы К.Рокоссовский) 18 сәуірде шабуылға шықты. Оның әрекеттері де Берлинді алу үшін үлкен маңызға ие болды, себебі олар кеңестік соққы күштерінің оң жақ қанатын жауып тұрды. 16-19 сәуір аралығында кеңес әскерлері қарсыластың Одер-Нейсе қорғаныс шебін жарып өтті. Г.Жуковтың әскері жаудың бірінші қорғаныс жолағынан өте жылдам өтті. Олардың шабуылына 4 мыңға дейін танк, 22 мың артиллерия ұңғысы, 4 мыңға жуық ұшақ қолдау көрсетті. Операцияның алғашқы күнінде ғана жау позицияларын бомбалауға ұшақтар 15 мың мәрте әуеге көтерілді. Алайда келесі күні немістер есін жиып, олардың қарсылығы Зееловск биіктіктеріне жақындаған сайын күшейе түсті. Берлинге өтуде бөгет болған осы биіктіктерді ұстап тұруға немістер басты күшін жұмылдырды. Бұл жерде кеңес әскерлері ерекше шығынға ұшырады. Соған қарамастан, неміс жоғары қолбасшылығы осы аймақта кеңестік шабуылдың үдей түскенінен қорқып, Берлинге жақын орналасқан барлық дерлік резервтерді және неміс астанасын тікелей қорғайтын әскердің бір бөлігін осында әкелді. Кеңес әскері үшін бұл әрекет оңды болды. Бұл кейінірек Г.Жуков атап өткендей, жаудың «үлкен қателігіне» айналды: «Берлиннен және оның төңірегінен жақындап келе жатқан резервтерді кеңестік ұшақтар мен танктер қиратты. Сондықтан кеңестік әскерлер Берлинге шабуыл жасағанда қаланың кейбір аудандары жалаңаш қалды. Резервтерді Берлин ауданынан шығара отырып, қарсылас үздіксіз қорғаныс желісін бұзып, неміс астанасының қорғанысын әлсіретті және алда келе жатқан күшті шабуылға қарсы тұра алмады.
21 сәуірдің аяғында І Беларусь майданының 2-гвардиялық танкі, 3-және 5-соққы жасаушы армиясы Берлиннің солтүстік-шығыс шетіне жетті. Алдыңғы әскерлердің бір бөлігі қаланы солтүстіктен айналып өтіп, Эльбаға қарай жылжыды. 24 сәуірде Бранденбург ауданында біріккен І Беларусь және І Украин майдандарының әскери құрамалары Берлиндегі неміс әскерінің қоршауын жапты. 25 сәуірде І Украин майданының әскері Эльбада генерал О.Бредлидің 12-америкалық армия тобының әскерімен кездесті.
Кеңес әскерінің ілгерілеуі германиялық қолбасшылықты састырды. Олар Рейхстагтың қорғанысын күшейтуге 28 сәуірге қараған түні Берлиннің орталығына парашютпен теңіз жаяу әскері батальонын лақтыруға мәжбүр болды. Сөйтіп, кеңес әскері Рейхстагқа барар жолда қатты қарсылыққа кездесті. Сол күні Берлиннің әскери коменданты Н.Э.Берзариннің Берлиндегі биліктің толық кеңестік әскери комендатураның қолына ауыстыру туралы №1 бұйрығы шықты. Қала тұрғындарына Германияның ұлтшыл-социалистік партиясы мен оның ұйымдарының таратылатыны, олардың қызметіне тыйым салынатыны жарияланды. Бұйрық сондай-ақ халықтың мінез-құлық тәртібін белгілеп, қаладағы өмірді қалыпқа келтіруге қажетті негізгі ережелерді белгіледі.
28 сәуірде ІІ Беларусь майданының әскерлері неміс әскерлерінің маңызды қорғаныс пункттері – Эггезин, Торгелов, Пазевальк, Штрасбург, Темплин қалаларын шайқаспен алды. Кеңес әскерлері 15-30 шақырымға алға жылжып, Штеттин айлағының оңтүстік жағалауын тазартып, 285 елді мекен мен 49 теміржол стансасын басып алды. Сол күні Әскери кеңес шешімімен Рейхстагты басып алуға тағайындалған батальондардың жауынгерлеріне қызыл тулар таратылды. Бұл әрекет әскери жауынгерлерге шабыт берді. Бөлімше командирлері Рейхстагқа бірінші болып кірген жауынгерді Кеңес Одағының батыры атағына ұсыну туралы тапсырма алды.
Үкімет ғимараттарын иеленуге генерал В.М. Шатиловтың 150-атқыштар дивизиясының және полковник А.И.Негоданың 171-атқыштар дивизиясының бөлімдеріне бұйрық берілді. Германия астанасындағы шайқас үдеді. 29 сәуірде Рейхстаг үшін қанды қырғын басталды. Берлин операциясына қазақстандық 118, 313-атқыштар дивизиялары, 209-атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік көрсетті. Айтпенбет Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен келді. Соғыстан кейін А.Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде қойылды. Рейхстагқа шабуыл жасау құрметіне ие болғандар қатарында қостанайлық 151-атқыштар бригадасы негізінде 1943 жылдың соңында құрылған 674-атқыштар полкі де бар еді. Осы полктің 1-батальоны 30 сәуір күні үшінші шабуылдан кейін Рейхстаг ғимаратына алғашқылар қатарында енді. Рейхстаг төбесіне взвод командирі лейтенант Р.Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г.Булатов бірінші болып Жеңіс туын қадады.
Операцияның аяқталуы
Дәл осы күні, яғни 30 сәуірде А.Гитлер кеңес жауынгерлерінің басшылық жайғасқан кеңсе аумағындағы бункерге енуін күтпестен өз-өзіне қол жұмсады. Ол Германияның астанасын тастап кеткісі келмеді, өйткені оның қатысуы неміс солдаттарын жігерлендіріп, әскерлерге жоғары жауынгерлік рух сыйлайды деп шешті. Бірақ оның үміті ақталмады. Өмірінің соңында ол кеңес одағына шабуыл жасап, үлкен қателік жасағанын мойындады. Өз-өзіне қол жұмсаған күні ол Ева Браунмен бірге кеңсесінде қамалып отырды. Бірнеше минуттан кейін оқ атылды. Гитлер мен оның әйелінің мәйітін жанармай құйып, оны қасындағылар кеңсенің ауласында өртеп жіберді. Үгіт-насихат министрі Дж.Геббельс те өз-өзіне қол жұмсады. 2 мамырда жаудың қарсылығы толығымен тоқтатылды. Қала қорғанысының қолбасшысы генерал Г.Вайдлинг бастаған Берлин гарнизонының қалған бөліктері берілді. Осы күні бүкіл Берлин қаласының әскери күші қаруларын тастады. 3 мамырда қолбасшы Г.Жуков Рейхстагты аралап, оның ішкі жағына көптеген кеңес жауынгері сияқты өз қолтаңбасын қойды. 5 мамырда қаланың шет аймақтарынан батысқа қарай шепті бұзып өтуге әрекеттенген ұсақ топтар жойылды. Екі күннен соң үш майданның әскерлері Эльба алабында ағылшын-американ әскерлерімен кездесті. 8 мамыр күні сағат 22-ден 43 минут өткенде Берлин қаласы жанындағы Карлсхорст деген жерде германдық қолбасшылар өкілдері тізе бүгу туралы актіге қол қойды. 9 мамыр Жеңіс күні болып жарияланды.
Берлинде неміс әскерінің жалпы шығыны 880 мың адамды қамтыды. Оның 400 мыңы қаза тапса, 480 мыңы тұтқынға алынды. Фашистік Германия жаяу әскерден тұратын 70 дивизиясынан, моторлы техникалы 23 дивизиясынан айрылды. Берлин операциясы кезінде кеңестік әскердің жалпы шығын саны 352 мыңға жетті. Оның ішінде қайтарымсыз шығын (қаза тапқандар, із-түзсіз жоғалғандар) 78 мың адамды құраса, 274 мың адам жараланып, контузия алды. Берлин операциясындағы ерліктері үшін қазақстандық 27 адамға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Ал Берлинді алуда әуе арқылы шабуылға қатысқан ұшқыш Т.Бигелдинов бұл атаққа екінші рет ие болды. 38 жерлесіміз І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, бұл награданың үш дәрежесінің де толық иегерлері атанды. Түрлі деректер бойынша «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталғандар саны шамамен 1 100 000 адамды құраса, оның біразы қазақстандық болды.
Берлин үшін шайқаста жауынгерлер мен командирлер ерекше ерлік пен батылдық көрсетті. 27 миллион кеңестік және 603 мың қазақстандық адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс Берлин операциясымен аяқталды.
Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы