Денсаулық • Кеше

Ер адамдар неліктен психологиялық көмекке сирек жүгінеді?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Британдық ғалымдар ер адамдар психологиялық көмекке неліктен сирек жүгінетінін зерттеді. Personality and Individual Differences журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, toxic masculinity яғни үстемдікке, қатыгездікке және сезімсіздікке бейім көзқарас ерлердің эмоциясын жасыру әдетін күшейтеді. Ал бұл, өз кезегінде, психологиялық қолдауға жүгінбеу тенденциясын тудырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ер адамдар неліктен психологиялық көмекке сирек жүгінеді?

Зерттеу Ұлыбританиядағы Эссекс университеті мен Эссекс психикалық денсаулық серіктестік ұйымының ғалымдары Ева Хортон, Нэйтан Шермерхорн және Пол Ханел тарапынан жүргізілген. Олар ерлер арасындағы агрессия мен үстемдікке құрылған дәстүрлі гендерлік түсініктердің эмоцияны тежеп, психологиялық көмек алуға қалай әсер ететінін талдады.

Ғалымдар екі кезеңнен тұратын зерттеу жүргізді. Бірінші кезеңге 220 адам (оның ішінде 66 ер адам) қатысып, олардан агрессия, үстемдік және эмоцияны жасыру деңгейін анықтайтын сауалнама алынды. Нәтижесінде агрессив және үстем көзқарасты ерлер өз сезімін әлсіздік деп қабылдайтыны, ал эмоциясын көрсетпеуге тырысатыны анықталды.

Екінші зерттеуде 264 ер адамнан «эмоциялық қиындықтар кезінде көмек сұрауға дайын болар ма едің?» деген сұрақ қойылды. Эмоциясын тежейтіндер психологиялық көмекке, не мамандарға, не достарына, не жақындарына жүгінуге құлықсыз екенін көрсетті.

Ғалымдар мұны «жанама байланыс» деп сипаттайды: токсикалық еркектік мінез тікелей емес, эмоцияны шектеу арқылы көмек сұрау ықтималдығын азайтады.

Зерттеу авторлары мұндай түсініктің қауіпті екенін айтады. Себебі ерлер арасындағы суицид көрсеткіші әйелдерден әлдеқайда жоғары, ал психологиялық қызметтерге жүгіну көрсеткіші төмен.

Мамандар ерлерге арналған психологиялық бағдарламаларда эмоцияны көрсету әлсіздік емес, батылдық екенін түсіндіру маңызды дейді. Себебі ерлер өз сезімін басып тастау арқылы тек өз денсаулығына зиян келтіреді.