Мұнда банк несиесін 30 күннен, ал микронесиені 1 күннен аса уақытқа кешіктірсе жаңа несие алу қиындайтыны жазылған. Қаржы сарапшысы Меруерт Қуанышбекқызы жаңа ереженің қоғамға қалай ықпал ететінін айтып берді.
Сарапшының айтуынша, бұрын бизнеске, көлікке, үйге арналған ресми несие мен тұтынушылық несие мүлдем бөлек болды. Банктердің жеке тұлғаларға арналған скоринг жүйесінде тұтынушылық несие көрінбейтін.
– Яғни адамның жалақысы 500 мың теңге болса, ресми несиесі 150 мың теңге деп көрсетіледі де, 250 мың теңге тұтынушылық несиесі көрінбейтін еді. Сонда 400 мың теңгесі несиеге кетіп, өзіне аз қаражат қалатын. Сол себепті қазір екі несие түрін қосып, бір жүйеге енгізуі өте дұрыс, – деді М. Қуанышбекқызы Jibek Joly телеарнасындағы «БҮГІН. Live» бағдарламасында.
Қоғам үшін бұл шешім пайдалы болғанымен, сатумен айналысатын кәсіпкерлер үшін тиімсіз, себебі олардың тауарлары сатылмай қалуы мүмкін.
– Қазір тауарлардың көпшілігі бөліп төлеу әдісімен алынатыны жасырын емес. Бөліп төлеу деп аталғанымен, бұл да несиенің бір түрі. Ондағы жасырын пайызын банкке кәсіпкердің өзі төлейді немесе кәсіпкер сол шығынды тауардың құнына қосып қояды, – дейді бағдарлама қонағы.
Маманның пікірінше, Қазақстанда несиесіз өмір сүруге болады. Ол үшін қаржылық жоспар құрып, импульсивті сауда жасамай, маркетинг құрбаны болмай, қосымша табыс көзін көбейтуге тырысу керек.
– Шетелде керісінше, тұтынушылық несие аз. Бизнес үшін алынған несиелер көп. Қазір несиесін төлей алмай жүрген азаматтардың 90 пайызы – кепілсіз несие алғандар. Бұл жерде сын-қатер деңгейін болжай алмаған, клиенттің төлем қабілетін, жалақысын тексермеген банктер де кінәлі. Сөйте тұра, борышкердің мүлкін алып қойып, есепшоттарын бұғаттайды, кәсібін дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан кепілсіз несиені азайтып, шектеулер енгізу қоғамдағы қарыз жүктемесін азайтады, – деді М. Қуанышбекқызы.