
Ағзамның отбасындағы үлкендер жағы ауыл шаруашылығына бейім жандар екен. Көктемгі дала жұмыстарын еңсергеннен кейін ұлымен бірге шағын алқапқа құлпынай егіп, отбасылық табысты арттыруға бел шешіп кіріспек. Студенттің айтуынша, бірінші жылы отбасы мүшелерімен бірге 30 соттық алқапты игеруге ден қоймақ.
«Шынтуайтына келгенде, біздің үйдің адамдары мал және егін шаруашылығына бұрыннан бейімделген. Биылдан бастап, құлпынай егуге құлшынып отырған жайымыз бар. Турасын айтсам, жұрт табыс көзіне теліп жүрген бұл кәсіп біздің отбасы үшін бейтаныс әлем екені рас. Әйткенмен, ата-анам мен бауырларымның осы бір қадамыма шынайы қолдау білдіріп отырғаны қуантады.
Құлпынай егудің машақаты көп екенін жақсы білемін. Біріншіден, жердің құнарлылығы басты рөлге ие болса, екіншіден, дайын алқапқа тыңайтқыш себу керек. Онсыз іс өнбейді. Сондай-ақ арық-атызды тазарту жұмыстарына ден қойған ләзім. Осы үдерістің бәрі сәтімен іске асқанда ғана ойдағыдай өнім алуға болады. Ал бұл жұмыстар табанды еңбекті қажет етеді», дейді А.Расылхан.
Оның айтуынша, әуелде құлпынай өсірудің қыр-сырын көршілес Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы достарынан естіп, қызығушылығы оянған екен. Кейіннен дақылдың қалай бапталатынын өз көзімен көру үшін Қазығұртқа арнайы барыпты да. Қазғұрттық достарының іскерлігіне тәнті болған ол өзі де құлпынай өсірудің жолдарын жан-жақты қарастырған.
«Қазығұрт жақта құлпынайды молынан өсіріп, ішкі нарықты таза өніммен қамтамасыз етіп отырған азаматтардың қарасы қалың екеніне көзім жетті. Олар жылына 1 гектар жерден 15-20 тоннаға дейін өнім алады. Түсінген адам үшін бұл дегеніңіз – әжептеуір табыстың көзі ғой. Алдағы күндері құлпынай көшеттерін ауылымызға алып келіп, алқапқа орналастыратын боламыз. Одан кейін аталған дақылды баптау жұмыстарын қолға алуға ниеттіміз.
Жаңа істі қолға алған жастың сөзіне сенсек, ол 30 соттық алқапқа құлпынайдың «Алба», «Альбион», «Клери» деп аталатын тұқымдарынан алынған көшеттерді отырғызбақ. Қажетті 20 мың көшетті көрші өңірден әкелуді жоспарлап отыр.
Ақиқатын айтсам, қандай да бір жұмысты бастар кезде, оның мехнаты аз емес екенін сезінемін. Осы жылы еккен құлпынай жақсы өнім берсе, алдағы уақытта алқап көлемін ұлғайту жоспарымда бар. Арнайы қондырғылары бар жаңа технологияны қолдану арқылы өнім көлемін арттыру мәселесін де қаперден шығармаймыз. Өйткені қазір барлық дүниенің көркеюі жаңа технолгияны тиімді пайдалануға байланысты болып тұр. Ал су мәселесіне келсек, ешқандай қиындық жоқ. Ағын су алқаптың басына жетіп тұр», дейді ол.
Ағзам жаңа технологияның өнім көлемін арттыратынына бек сенімді. Сол үшін де бақша дақылын тамшылатып суару технологиясы арқылы баптауға ниетті. Қазіргі таңда жұмсақ пластиктен жасалған су құбырын, құлпынай көшетін орналастыратын топыраққа қажетті арнайы қара клеенканы дайындап қойған.
Жастайынан еңбек даласында шыныққан Ағзам бүгінде құлпынай өсіру ісін қолға алуға құлшынып отырса, ілгеріде жүйрік баптап, көкпар тартыпты. Әрине, аттың жалында өскен жуалылық жігіттер үшін бұл таңсық емес. Кейіннен құс шаруашылығына ден қойыпты. Оның қорасында тауықтың «Брама», «Амрокс», «Адлер» және тағы басқа түрі бар. Ол тауық өсіруді өзінің хоббиі санайды. Әр тұқым әр қорада бөлек тұр. Аналық тауықтан жиналған жұмыртқаны да жан-жаққа жіберіп, өткізіп отыр. Жас кәсіпкер тауық асыраумен қатар, инкубатордан балапан шығару ісіне де айрықша ден қойған.
«Турасын айтсақ, әркім өзіне ұнаған іспен айналысқаннан ұтылмайтыны даусыз. Мен де өз қалауыма сай еңбек етіп, жұмысымның рахатын көріп жүрген жанмын. Үйдегі бауырларыммен бірге қызмет етіп жүргенімізге қатты қуанамыз. Дала жұмысы адамды ширата түсетіні сөзсіз. Соны қаперден шығармаған жөн. Ал қандай да бір жаңа кәсіппен қосымша айналысу дегеніңіз – отбасының табысын үстемелейтіні даусыз. Қысқасы, өзіме қолға алған кәсібім ұнайды. Бар ынта-жігеріммен еңбектенгендіктен болар, жұмыстан жаным жай табады.
Құлпынайдың жөні бөлек қой. Ал тауық түрлерін асырау да мехнаты көп шаруа екені рас. Дер кезінде жемін беру, дәрісін уақтылы егу, витаминмен қамтамасыз ету де оңай емес. Әсіресе, жұмыртқаны жарып шыққан сап-сары балапандар қамқорлықты көп қажет етеді. Оған өз балаңа қарағандай қарауың керек», дейді А.Расылхан.
Нәсібін кәсібінен іздеген жас жігіт жұмыртқа арқылы балапан басып шығаратын инкубаторды қомақты қаржыға сатып алыпты. Сөзіне сенсек, қондырғы арқылы бір демде 1 056 бас балапанға дейін басып шығаруға болады екен.
Бала күнінен еңбекке араласқан Ағзам шаршау дегенді білмейді. Ол дала жұмысы адамды шаршатпайтынына, қайта ширықтыра түсетініне бек сенімді. Құлпынай өсіруді құнттаған азаматтың бұдан басқа да жоба-жоспары мен арман-мақсаттары баршылық. Алайда Ағзам алдымен құлпынай өсіру ісін мықтап жолға қойғысы келеді.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы,
Бәйтерек ауылы