Осы жоба аясында Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар аймақтық филиалында 10 гектарға 2080 түп апорт көшетін отырғызу жұмыстары басталды.
Бастама Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Астана 20» мемлекеттік қорының және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Жоба «Астана 20» қоры тарапынан қаржыландырылып отыр. Апорт жобасын қолдауға тартылған инвестиция көлемі 163 миллион теңгені құрайды.
«Алма» туралы айтқанда алма ағашының қазақ топырағына тән екенін әлемге әйгілі еткен академик Аймақ Жанғалиевтың есімі қатар аталады. Биолог-ғалым Қазақстан алманың отаны екенін ғылыми түрде дәлелдеп қана қоймай, оның 130-дан астам тұқымы болғанын растайды. Алатау бөктерінде алманың 150-ден астам сортын анықтап, құжаттандырған академиктің ғылымдағы іргелі істері жалғасын тауып жатыр.
Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаевтың айтуынша, Президенттің тапсырмасына орай іске асып жатқан жоба аясында үш жыл қатарынан Алматы облысында «ҚазҚСҒЗИ» ЖШС «Талғар» филиалы, «Байсерке-Агро» компаниясы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Алматы қаласы аумағындағы жалпы аумағы 110 гектарға апорт бақтарын жайқалту жоспарланып отыр. Осыған орай ғалымдар Апорт сұрпын телітуші материал ретінде жабайы алма ағашының 11 перспективалы түрін іріктеп алынған. Былтыр және биылғы жылы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде гермоплазма (тұқым) жинау мақсатында екі ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Апорт көшеттері Жоңғар Алатауының генетикалық резерваттарынан жиналған Сиверс жабайы алмасының (Malus sieversii) тұқымдарынан алынып, өсірілді.
90 жылға жуық тарихы бар еліміздегі бірден-бір помологиялық бақтың директоры, phd Сағи Солтанбеков қазіргі кезде помологиялық бақта 1700 сорт үлгілері сақталғандығын атап өтті. Айтуынша, осы сорттардың ішінде апортты жандыру жұмыстары 2011 жылы қолға алынған. Ғалым атап өткендей, апортқа ең жақсы тамырсабақ – Сиверс алмасы. Елімізде сиверс алмасын зерттеудің заманауи әдістері академик Мағжан Исиннің есімімен байланысты. Бүгінде әлемнің еш елінде кездеспейтін Сиверс алмасының орманы бізде елімізде орналасқан. Сағи Солтанбековтың айтуынша, ғалымдар үшін де, ғылым үшін де сиверс алмасының тарихы ғана емес, ғылыми маңызы да зор. Бұл түрдің ДНҚ құрылымы ерекше әрі көптеген ауруға төзімді келеді. Ғалымдар теңіз деңгейінен белгілі бір биіктіктегі мониторлық алаңдардан сиверс алмасының генетикалық резерватына қарай 30 формасын жинап, ДНҚ сараптамасына сәйкес оның 11-інің апортқа жақындығын анықтаған. Осыларды тамырсабақ етіп, апортты жандандыру ісінде қолданып жатыр.
«Апорт – өте кірпияз жеміс. Ол бір жыл күтім көрмесе, жемісін бермейді. Болжамға қарай, қайта жанданған апорт 7-8 жылдан кейін алғашқы өнімін бере бастайды. Өміршеңдігі 50-70 жылды құрайтын апорт ағашынан орта есеппен 40-60 кг алма алуға болады. Қазіргі кезде апорттың табиғи ерекшелігіне орай 1 гектарға 208 түп ағаш отырғызылып жатыр. Жақсы күтім болса, 1 гектардан 10-15 тоннаға дейін жеміс алуға болады. Бұл жоба ғылыми және аграрлық маңызымен қатар мәдени мазмұнға да бай. Апортты алқаптарды көбейтетін болсақ, еліміздің ұлттық бренді ретінде экономиканың да, азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі бола алады. Ал апорттың генетикалық сұрпын сақтап оны дамытуға бұл жоба үлкен серпін береді» дейді С.Солтанғалиев.
«Сауықтыру және көбейту биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі, профессор Светлана Долгихтың айтуынша, зерттеулер барысында жабайы алма мен сиверс алмасының ДНҚ сараптамасы алынған. «Генетикалық сараптама барысында сиверс алмасы мен апорттың бір кластерге жататыны анықталды. Бұл нәтиже апорт тарихын әлі де зерттеу қажеттігіне меңзейді. Бүгінде апорт Еуропа елдері, Үндістан, Ұлыбритания, тағы да басқа елдерде өседі. Бірақ ол жемістер дәл осы 900-1400 биіктікте, дәл осы экологиялық белдеудегідей қасиетке ие емес. Осы аумақтағы топырақтың құнары, ылғалдылығы апорттың генетикалық дамуына қолайлы мекен болып отыр» деп атап өтті профессор.
«Талғар» өңірлік филиалы, in vitro генофонд зертханасы және Апорт сортын жаңғырту қатарындағы бау-бақша дақылдары биотехнологиясы зертханасының ғалымдары вируссыз питомниктердің ғылыми негізделген жүйесін құруға негіз болатын алма сорттары мен тамыр сабақтарының вируссыз пребазиссіз генофондын құрумен де айналысады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік тапсырысын орындау шеңберінде ғалымдар еуропалық және Жерорта теңізі өсімдіктерін қорғау ұйымы және жаңа сорттарды қорғау жөніндегі Халықаралық одақ ретінде халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес құнды бес сортты және бес қорды сауықтыруды, бес қорды генотиптеуді жүргізді. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде вируссыз пребазис гендік қоры құрылды, олардың морфологиялық сипаттамалары бар генетикалық паспорттары жасалды, молекулалық зерттеулер зертханасы іске қосылды.
Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінің ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын үйлестіру орталығының жетекшісі Мұрат Қалмағамбетов алма бақтағы тәжірибе жұмыстарының барысымен таныстырып өтті. Айтуынша, алма бақ студенттердің теориялық сабақтарды тәжірибемен ұштастыруына кең мүмкіндік береді. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің агробиология факультетінің студенттері алма баққа келіп, апорт сортын жандандырудың әдіс-тәсілдерін үйренеді. Сорттарды сұрыптау, суғару технологиялары, басқа да өндірістік бағыттағы жұмыстар барысымен танысып, тәжірибе жинайды.
Қазіргі кезде ғалымдар авторлық патент алып, молекулярлы генетикалық технологиялармен жабдықталған зертханада замануи тәжірибелерін жалғастырып жатыр. Ал жоба шеңберінде инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, суару жүйелері жаңартылды. Су жинайтын бассейн салынды. Бау-бақша аумағы қоршалып, ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
АЛМАТЫ