Фото: Ашық дереккөз
Санжар Әбішев Лондонда мектеп жасынан бері тұрады. Ол Ұлыбританиядағы атақты Malvern College колледжін және университетті тәмамдаған.
Саяси додаға Консервативті партияның өкілі ретінде түсіп, басты бәсекелестері – лейбористерден 350 дауысқа озып шықты. Нәтижесінде ол Вестминстер қалалық кеңесінің (Westminster City Council) атқарушы органына мүше болып енді. Бұл жаңалықты кәсіпкер Қанат Көпбаев өзінің әлеуметтік желісінде қуана хабарлады.
«Санжар Әбішев менің досымның ұлы. Қазақ отбасынан шыққан, британ элитасында ешқандай таныс-тамыры жоқ жігіт тек білімі мен еңбегінің арқасында осындай дәрежеге жетті. Бұл – оның үлкен саяси жолының бастамасы ғана деп сенемін. Өз ауданыңа, қалаңа және қазақ еліне пайдаңды тигізе бер», деп жазды кәсіпкер.
Айта кетейік Сент-Джеймс ауданы – Лондонның ең беделді әрі тарихи аймақтарының бірі санатында. Ол Букингем сарайына жақын, Пикадилли мен Регент-стрит көшелерінің арасында орналасқан. Бұл ауданда корольдіктегі ең қымбат жылжымайтын мүліктер мен тарихи Сент-Джеймс саябағы бар.
Асылжан ҚҰРМАНҒАЛИ