Декларацияның 35 жылдығы халқымыздың ардақты перзенті, өткен ғасырдың басында «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған ұлы тұлға Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.
Әлихан Бөкейхан 1914 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған мақаласындағы «Бауырым Ахмет, Мирякуб! Сен екеуіңнің абақтың, орысқа газет-журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радищевтің (1749–1802) және Н.И.Новиковтың, «ақыл патшасы» атанған француз Вольтердің замандасы Дидроның, түрік Мадхат паша мен Ахмет Ризаның, тағы да сол орыс ойшылдары Чернышевский, Достоевский, Короленко және басқа белгілі тұлғалардың абақтысы емес пе? Шырақтарым, келер ұрпақ өздеріңді еске алғанда аталған ұлы тұлғалармен қатар қойып атаса не армандарың бар?» деп жазғаны ойға оралады.
Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының бастауында үш ұлы тұлға – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тұр. Тоталитарлық идеология бұл ақиқатты біржола өшіруге көп күш салғанымен, дегеніне жетпеді. Өйткені олардың ұлтқа сіңірген қызметі елдің жүрегінің төрінен орын алды.
Осы тұлғалардың қайраткерлігінің нәтижесінде заман сұранысына лайық жаңа сапа және мазмұндағы қазақ ағартушылығы қалыптасты.
А.Байтұрсынұлының маңдай терінің нәтижесінде өмірге келген қазақ тілі грамматикасы ұлттық ағартушылық қызметтің тәжі болды. Ана тіліміз әдебиет, өнер, ғылым тіліне айналды.
М.Дулатұлы Мәскеу абақтысында өзі туралы «Мен жақсы-жаман болсам да, қазақтың ескі саяси қызметкерімін» деп жазды. Тарихи шындық сондай, ол біртуар шығармашылық иесі болумен қатар, ұлт өмірінде ерекше орны бар саяси қайраткер тұлға ретінде қалыптасты. Басқаша болуы да мүмкін емес-тін. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан ұлттық саяси басшылықтың мақсатты қызметінің нәтижесінде өмірге ұлттық идеология келді. Ақаң оны «Алашорда идеологиясы» деп атады. Қазақ елі теориялық деңгейі бар ұлтқа айнала бастады.

Қазақ халқы империя кеңістігіндегі саяси қызметке тартылып, қысқа мерзімнің ішінде (1905–1917) үлкен саяси күрес жолынан өтті. Яғни 10–15 жыл көлемінде үкіметке петиция (құзырхат) жолдаудан саяси партия құру деңгейіне көтерілді. 1917 жылғы аласапыранда өмірге Қазақ комитеттерінің келуі, Алаш саяси партиясының құрылып, ол ұсынған кандидатуралардың сайлауда жеңіп шығуы, Алашорда үкіметінің орнап, Алаш әскерінің қалыптасуы – осының бәрі ұлттың үлкен күрес жолына шыққанының нақты көрінісі еді.
«Қазақ» газетінің Ахмет Байтұрсынұлымен тең дәрежеде шығарушысы Міржақып Дулатұлы ұлт өміріндегі сапалы жаңа тарихи кезең саяси өзгерістерінің басында жүрді.
Қазақ өмірін жан-жақты зерттеп білген ОГПУ тергеушілерінің М.Дулатұлын «номері бірінші қазақ ұлтшылы» атауы, әрине, жайдан-жай емес. Ол – ХХ ғасырдың басында қоғамдық ойдағы ұлтшылдық аталған ағымды қалыптастырған санаулы тұлғаның бірі. Алаш буыны ұстанған ұлтшылдық көзқарастың толық табиғи құбылыс екенін негіздеу үшін біз кезінде үнді халқының мемлекет қайраткері Дж. Нерудің «ұлтшылдық ұстаным ХХ ғасырдың басында бүкіл Азия кеңістігіндегі елдерге тән құбылыс болды» деген тұжырымына сілтеме жасап, айтып жүрдік. Үнді елі қайраткерінің беделіне сүйендік. Дж. Неру бұл тұжырымды өткен ғасырдың 40-жылдары абақтыда отырғанда жазған.
Алаш қайраткерлері отарлық езгідегі ұлттар үшін көзқарастық ұстаным ретінде ұлтшылдықтың өмірге келуін толық табиғи құбылыс ретінде қарастыру қажеттігін ХХ ғасырдың 20-жылдары-ақ айтқан.
Мәселен, М.Дулатұлы кеңестік номенклатура қатарына көз жұма ұмтылып, қазақ ұлтшылдығынан іргесін аулақ салуға тырысып, алашордаға қарсы ғайбат сөз айтпай таңғы шайын ішпеген отандастарына қаратып: «Ау, сендерге не болған? Кеше ғана қазақтың оқыдым, оңы мен солын таныдым дегендері түгелдей дерлік ұлтшылдық ұстанымда жүрді емес пе? Енді бүгін сендерге не болған? Қазақ мүддесіне қызмет істейтін заман Алашордамен бірге қалғаны ма?» деген ойды айта алды.
Жалпы, Алаш буынының қазақ елі ұлт-азаттық қозғалысын «толық табиғи да заңды құбылыс» деп бағалаған тұжырымы әлемдік социологиялық ойға қосылған тың әрі өмірлік тәжірибеге негізделген теориялық пікір болатын.
Осы уақытқа дейін қазақ зиялыларының ұлттық теңдікке қатысты ой-тұжырымдары белгілі себептерге байланысты ескерусіз қалып келді. Оларды теориялық тұрғыдан талдауға алып, университеттерде арнайы бағдарлама негізінде оқу үдерісіне енгізетін уақыт жетті. Бұл, әрине, арнайы тоқталуға лайық мәселе.
Осы жылы 20–21 қыркүйекте Парламент Мәжілісі төрағасы Е.Қошанов бастаған депутаттар делегациясымен бірге М.Дулатұлының елінде, яғни Қостанай қаласында ұлы қайраткерге арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатынасып, сондай-ақ туған жері Бидайық елді мекеніндегі осы тұлғаның кесенесіне зиярат етіп, музей үйінің реэкспозициядан кейінгі ашылуын, Торғай ауылындағы шараларды тамашалау сәті түсті.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлтын оятқан тұлға» атты бұл үлкен бағдарламалық шара аса жоғарғы деңгейде өткенін атап айтқан абзал. Маған ерекше әсер еткен көрініс – кезінде Торғай уезі Сарықопа болысы аталған бұл өңірдің қарасаң көз тоймайтын кербез де сұлу көркі еді. Кез келген қазақ баласының жанынан орын алатын мына өлең жолдарын ұлы ақын тура осы далада тұрып жазғандай:
«Кең дала, көресің ғой, ана жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан».
Далада тұрып алысқа көз салсаңыз, көкжиек тіптен қол жетердей жақын көрінеді екен. Даланың Міржақыптай ұлын қол бұлғап шақырып, әлемдік кеңістікке алып шыққан осы табиғат-Ана шығар. Іргелі университеттік білім алу оның арманы болды. Дегенмен, көзін ашса жанартаудай атылғалы тұрған табиғи талант иесіне Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебі мен Қостанайдағы бір жылдық педагогикалық курс жеткілікті еді. Қалған білімді ол өз бетімен ізденіп алды. Оның қаламынан туған ой-толғамдары, жасаған тұжырымдары ең үздік еуропалық университетті тауысқан ойшылдардың талдауларынан артық болмаса бір мысқал да кем емес.
М.Дулатұлы – сан қырлы талант иесі. Ол заманында шығармаларын бүкіл сауатты қазақ сүйсініп оқыған ақын, жазушы, публицист болумен қатар, ағартушы-педагог та еді. Оның математика пәнінен қазақ мектебіне арналған алғашқы оқу құралдарының авторы болғандығын бүгінде әркім біле бермеуі мүмкін. Ағартушының екі бөлімнен тұратын «Бастауыш мектепте оқылатын есеп құралы» атты еңбегі 1914 жылы Орынбор қаласындағы «Дин уа магишет» баспасынан жарық көрді. Қазақ баласын «математика патшасы – арифметикамен» ана тілінде таныстыруға жасалған алғашқы қадам болғандықтан, бұл еңбек ұлттық оқу-әдістемелік ой-пікірдің өркен жаюына жол ашқан құбылыс ретінде бағалануға тиіс.
Ректор Болат Тілептің қолдауымен, академик Алма Әбілқасымованың бастамасымен, қайраткердің ұрпағы, баспагер, медиа-менеджер Ерлан Сатыбалдиевтің қаржылық көмегімен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Міржақып Дулатұлы атындағы математика аудиториясының ашылуы – ұлы ағартушы-педагогке деген елінің құрметі әрі Алматы қаласының рухани өміріндегі елеулі оқиға.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҰҒА академигі