Фото: Polisia.kz
Polisia.kz-тің мәліметінше, 2 сәуір күні полицияға жас жігіт жүгінген. Оның айтуынша, таныстық TikTok платформасында басталған. Ол көмек сұраған бейнероликті көріп, кейін WhatsApp арқылы хат алмасуды жалғастырған. Бір айдан соң әлгі қыз өзін ауыр науқаспын деп таныстырып, емделуге ақша сұраған.
Банк басшысының бейнесін қолданған: Желіде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Алғашында сұралған сома 13 мың теңге болған. Алайда уақыт өте келе «емге қажет қаражат» көлемі ұлғая берген. Біраз уақыттан кейін жігітке қыздың қайтыс болғаны хабарланған. Артынша оған өзін жерлеу қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар, кейін «марқұмның көршісімін» деген әйел хабарласып, 4 баланы асырауға көмек сұраған.
Осылайша, жәбірленуші барлығы 64 рет ақша аударған. Қаражат табу үшін ол бірнеше несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алған. Алаяқтық әрекет жігіттің әпкесі оның хат алмасуы мен аударымдарын көргеннен кейін ғана әшкереленген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны анықталып, оның іске қатысы тексеріліп жатыр.
Алаяқтықтың алдын алу: Ұстаздар арасында арнайы акция ұйымдастырылды