Әдебиет • Бүгін, 08:30

«Ібіліс биі»: үміт пен адам тағыры

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында ғана Нобель сыйлығын қанжығалаған мажарстандық жазушы Ласло Краснахоркайдың әлемге танымал романы «Ібіліс биі» – әдебиет пен философияның үйлесімінен туған ерекше туынды. Автор бұл шығармасында белгілі бір би ырғағын еске түсіреді. Осы бір тұйық әрі беймә­лім құрылым романның ішкі әлемін, ондағы кейіпкерлер тағды­ры­ның мәнін айқындайды. Кейіпкерлер үміт қуған сайын күйзе­ліске көбірек түседі, қашқан сайын сол баяғы басталған жеріне қайта оралады. Қазақтың «дүние – дөңгелек» деген бір ауыз сөзінің қандай ғаламдық философияға айналғанын еске түсіріңіз.

«Ібіліс биі»: үміт пен адам тағыры

Тарих пен философияның тоғысы

Бұл – жай ғана көркемдік тәсіл емес, Ницшенің «мәңгі қайталану» идеясымен үндес философиялық ой. Неміс ойшылы өмірдің әр сәті шексіз қайталанып отырады дегенді айтқалы талай уақыт өтті. Сол қайталануға төтеп беру – өмірді бар күйінде сүру һәм шынайы қабылдау. Ал Краснахоркайдың кейіп­керлері бұл мәңгілік шеңбер­ден шыға алмай, үміттің де, еркіндіктің де жалған бейнеле­рін ғана көреді.

Енді бір сәт осы роман жазыл­ған уақыт пен орынға назар ау­дарайықшы. Шығарма жазылған өткен ғасырдың 80-жылдарындағы Мажарстан – социа­листік жүйе дағдарысқа ұшы­раған, ұжым­шарлар күйре­ген, сенім мен құндылықтар жоғалған кезең еді. Міне, осы тарихи ахуал Ницше философиясына тән «құндылықтар дағда­рысының» нақты көрінісіне айналған. Краснахоркайдың батпаққа батқан, жаңбырдан көз ашпаған шағын ауылы – сол қоғамның тиіптік үлгісі, рухани кеңістігі.

Романдағы құрылымның өзі – мәңгі қайталанудың көркем моделі. Алғашқы алты тарау алға жылжиды, кейінгі алты тарау кері бағытта баяндалады. Мысалы, соңғы сөйлем тағы да басындағы көрініске әкеледі. Мұны автордың шығармашылық стилі деп қабылдаған жөн. Бірақ бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын да аңдаған дұрыс. «Қазан айының соңғы күнінің бір таңы болатын. Салқын жаңбырдың алғашқы тамшысы ауылдың батысындағы тұзды жазыққа тамған сәтте, Футаки кездейсоқ қоңырау үнінен шошып оянды». Шығармадағы сөйлем­дер осындай шұбалаңқы да күрделі. Ал оны түсіну үшін автордың негізгі идеясын, осыған дейінгі шығар­машылық әлемін зерттеу керек.

Автор әр сөйлем сайын, әр кейіпкердің іс-әрекетін баяндаған сайын есіңе салатын тұйық шеңбер – адам өмірінің өзгермейтін тағдырын бейнелейді. Осы роман туралы түсірілген режиссер Бела Таррдың жеті сағаттық фильмінде де дәл осы ырғақ анық бері­л­еді: тоқтаусыз жаңбыр, жай­басар қимыл, ұзақ кадрлар. Бәрі де уақыттың тоқтап қалған­дай әсерін көз алдымызға әкеледі.

 

Алдамшы құндылықтар баяны

«Ібіліс биі» – үмітке қарсы роман. Жазушы біз көп иек сүйейтін үмітті адамды алға жетелейтін күш емес, таңдаудан айыратын тұзақ ретінде көрсетеді. Ауыл халқы өзін құтқарады деп екі алаяқ адамға сенеді, бірақ бәрі баяғы азап пен алдануға кез болады.

Осындай ойлары арқы­лы автор үміттің өзін қоғам­дық ал­дау тетігі ретінде әш­ке­­ре­лейді.

«Ібіліс биін» оқыған әде­биет сыншылары оны көбіне­се пессимистік шығарма ретін­де бағалапты. Бірақ бұл шығар­маның негізгі астары – үмітсіз­діктің өзінен өмірге деген құл­шыныс табу. Аңдасаңыз, Красна­хоркай оқырманды жұбатып, «бәрі жақсы болады» демейді. Керісінше, ол адамды шындықтың ауыр жүгін көтеруге жетелейді.  Әлемге бұрыннан таныс, ал бізге есім-сойы енді жеткен Краснахоркай адамзаттың ең ұлы да ауыр сұрағын қайта өзімізге қояды. Бұл сұрақ «үміт жоқ жерде өмірдің мәні бар ма?» деп аталады. Бұған жа­уап бар ма, жоқ па, білмейміз. Бірақ осы жауапсыздықтың өзінде нағыз өмірдің нышаны бар сияқты.

Баяғыда ақылман Ницше «өмірдің қиындығына қара­мас­тан, біз оны қайта-қайта таңдауға дайын болуымыз керек» дегені адамзаттың ойы­нан әлі кете қоймағаны рас. Ал біз сөз етіп отырған «Ібіліс биі» – дәл осы таңдаудың әдеби көрінісі.