Алматы • Бүгін, 17:31

Сезініп көруге болатын фотокөрме: Алматылықтар «су астындағы өмірді» тамашалады

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда еліміздің су асты маржандары мен сирек кездесетін жануарларды қорғау мәселесін қозғайтын «Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала» атты фотокөрме ашылды. Бір жағынан көрме халықаралық ғалымдар мен отандық зерттеушілердің теңіз тіршілігіне қорған болып, биоалуандығын сақтауға үндейтін фотожұмыстарының басын қосып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Сезініп көруге болатын фотокөрме: Алматылықтар «су астындағы өмірді» тамашалады

Су астындағы әлемге шақыратын көрмені Canon компаниясы Қазақстан Республикасындағы Зоология институты мен Гидробиология және экология институтының қолдауына сүйене отырып ұйымдастырса, бұл бастамаға британдық Coral Spawning International зертханасы мен Сейшел аралдарындағы Nature Seychelles табиғатты қорғау ұйымы мұрындық болып, «World Unseen: Coral Matchmaking» ғаламдық жобасын жалғастырды.

Көрмеге келушілер Үнді мұхитының маржан рифтерінен бастап, Қазақстанның суайдындарына дейін саяхаттап, Жер ананың табиғи тепе-теңдігіне тәуелді экожүйелердің нәзіктігін тамашалай алады. Фотосуреттер, ғылыми оқиғалар мен заманауи технологиялар арқылы су астына «сүңгу» мүмкіндігіне ие болады.

Сол сияқты көрмеге қазір зертханаларда өсіріліп жатқан маржандардың фотосуреттері де қойылған. Мысалы, Coral Spawning International ұйымының негізін қалаушылардың бірі әрі теңіз биологы Джейми Крэггс өз зертханасында маржандар уылдырық шаша алатын табиғи жағдай туғызуға қол жеткізгенін көруге болады.

Нәтижесінде Лондон көшелерінің біріндегі шағын ғимаратта сансыз жабдықтар мен аквариум орналасқан бөлмеде маржандар көбейе бастайды. Осыдан кейін зертхана Nature Seychelles ұйымы маржандарды қалпына келтіруге көмек көрсету бағдарламасының арқасында (ARC) Сейшел аралдарында тағы бір «филиалын» ашқан.

Елордада «Заң мен тәртіп» фотокөрмесі өтті

Ендігі жерде бұл зертхана генетикалық тұрғыдан төзімді маржан түрлерінің қорын қалыптастыру міндетіне кіріскен. Бақылауға болатын көбейту әдісі түсін сақтайтын және климаттың қолайсыз өзгерістерінің әсеріне қарамастан тіршілік етіп, көбейе алатын жаңа маржандарды шығаруға септесіп жатқанын айта кетуге болады. Демек, бұл тәжірибе маржан рифтерін қалпына келтіруге, қорғауға ықпал етеді.

Теңіз биологы Джейми Крэггс осы мәселеде Canon компаниясының көрнекілік технологиялары өте үлкен рөл атқарып, көбею процестерін бұрын тек арман болып келген айқындықпен бақылауға мүмкіндік беріп отырғанын айта келе: «Сондықтан енді біздің басты назарымыз зертханада өсірілген жас маржандарды рифке тікелей қондырудан бастап, генетикалық тұрғыдағы алуан түрлі маржандардың тіршілігін бақылай алатын шешуші кезеңдерге ауып отыр», дейді.

Зертханадағы алғашқы нәтижелер көңіл қуантады, өйткені, шамамен 65 мыңдай жас маржанның тамырланып жатқаны тіркелген, яғни Сейшел аралдарындағы рифтердің генетикалық алуандығы мен жылуға төзімділігін арттыруға әбден болады. Бұған әдетте генетикалық жағынан бірдей маржандар шығаруға қол жеткізетін дәстүрлі «маржан өсіру» әдістерінен бас тарту арқылы қол жеткізілген.

Көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жобаның арқасында ғалымдар Праслен аралында арнайы ашылған жерүсті зертханасында бірінші рет маржандардың уылдырық шашуына қол жеткізген.

«Мен қаншама адамның жұмысының жемісін көрсететін уақыт келгеніне қуаныштымын. Қазақстанда адамдар маржан рифтерін қалпына келтіру тақырыбына күмәнмен қарайтын шығар, өйткені біздің елде теңіз жағалауы жоқ. Рифтердің жойылуы бізге еш әсер етпейтіндей болып көрінеді. Бірақ мүлдем олай емес. Табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Теңіз экожүйесінің 30%-ға дейінгі рифтерде шоғырланған. Маржандармен симбиозда өмір сүретін балдырлар фотосинтез арқылы оттегін бөледі. Біз әрбір екінші тынысымыз үшін мұхитқа қарыздармыз. Сондықтан жобаның жетістіктерін отандастарыммен бөлісу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымыз», дейді Canon компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Марал Рахимжанова.

Өз кезегінде Зоология институтының бас директоры Роман Ященко теңіздегі биоалуантүрлілікті сақтау тақырыбы тек жағалауда орналасқан елдер үшін ғана емес, Қазақстан сияқты құрлық ішіндегі мемлекеттер үшін де аса өзекті екенін атап өтті. Себебі мұхит жаһандық климаттық жағдайларды қалыптастырып қана қоймай, барлық құрлықтық экожүйелерге әсер етеді.

«Сейшел аралдары да, мұхиттар да бізден алыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың жануарлар дүниесін сақтау Қазақстан үшін де өте маңызды. Өйткені Әлемдік мұхит еліміздегі климат пен табиғи тепе-теңдікке тікелей ықпал етеді. Көрмеде тек кораллдар ғана емес, Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар да ұсынылған», дейді Роман Ященко.

Ғалымдарымыз қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 200-ге жуық тіршілік иесіне жойылып кету қаупі төніп тұрғанын алға тарта келе, Қазақстандағы жан-жануарлардың фаунистикалық алуантүрлілігін зерттеп, түрлерін сақтау жөніндегі түрлі амалдарды ұсынып отыр.

Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова экологиялық қауіп-қатерлер Каспий аймағы үшін де өзекті екендігін айтады.

«Біз Каспий итбалығының тіршілік ететін ортасын, көбеюіне кері әсер ететін негізгі қауіптер мен факторларды зерттеп жатырмыз. Бұл түр Каспий теңізінің экожүйесінде маңызды рөл атқарады, оның жойылып кетуі қоршаған ортаның тепе-теңдігі бұзылуына әкелуі мүмкін», дейді институт қызметкерлері.

Айтқандай, көрмеге Зоология институтының ғылыми қызметкері Дмитрий Малахов пен Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанованың, табиғат фотографы Владислав Якушкиннің, бёрдвочер Геннадий Дякиннің жұмыстары, сондай-ақ дизайнерлер Владимир Тимоханов пен Тимофей Банниковтің сирек кездесетін балықтардың иллюстрациялары да қойылған.

Көрмеде зертханада өсірілген Акропора маржанының бедерлі фотосуреті ерекше орын алып тұр. Өйткені мұндай басып шығару әдісі көзі нашар көретіндер үшін өнер туындыларын «саусақпен көруге» мүмкіндік береді.

Фотокөрмеде полицияның бір күні

Соңғы жаңалықтар