Жаңа Конституцияда мемлекет 2019 жылдан бері жүйелі түрде ұстанып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар мен адам құқықтары үйлесімді түрде көрініс тапты. Преамбулада біртұтас Қазақстан халқының бірлігі, Ұлы Даланың тарихи сабақтастығы, Әділетті Қазақстан идеясы, заң үстемдігі мен қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдениет пен табиғатты аялау қағидаттары айқындалды. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, зияткерлік меншікті сақтау, кемсітушілікке жол бермеу нормалары нақты бекітілді. Діннің мемлекеттен бөлінетіні және қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады. Сол сияқты әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты насихаттауға жол берілмейтіндігі нақтыланды. Ендеше, референдумда мақұлданған Конституцияда жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселесін толыққанды ескерілді деуге толық негіз бар. Онда халықты ұйыстыруға және Қазақстанның серпінді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған барлық негізгі қағидаттар мен құндылықтар қамтылған. Өйткені біртұтас Қазақстан халқының осы ел мен жерге деген жауапкершілікті өз мойнына алуы бірлік ұғымына жаңаша мазмұн-мағына беріп, оның жасампаз отаншылдық түсінігімен үндестігі айқын көрініс тапқаны анық.
Жаңа Ата заң – инновациялық, яғни жаңа әрі кәсіби тұрғыда әзірленген, жан-жақты және ашық түрде сараптамадан өткен құжат. Құрамына еліміздіңбарлық әлеуметтік топтары мен аймақтарының өкілдері, мамандар кірген, 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия барлық ұсынысты жүйелеп, саралаудан өткізді. Комиссия отырыстарында сарапшылар қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізбей, Қазақстанның жаңа Негізгі заңын қабылдау қажет деп тапты. Жаңа Конституцияны қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге әбден болады. Бұл – осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы.
Бірінші кезекте адам құқықтарының Конституцияның арқауына айналғанын атап өткен жөн. Өйткені бас құжаттың преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары ең басты құндылық ретінде алғаш рет айқын жарияланып отыр. Бұл азаматтық қоғам мен жеке тұлғаның құқықтарын қорғаудың жаңа конституциялық негізін қалыптастырады. Екіншіден, билік жүйесінің қайта құрылуын бұрынғы қос палаталық Парламент моделінің орнына бір палаталы Парламент – Құрылтайдың енгізілуінен көруге болады. Бұл өзгеріс мемлекеттік билік жүйесін жеңілдетіп, оның жұмысының тиімділігін арттырып, шешім қабылдау үдерістерін үйлестіретін ықпалды құрылым құруға бағытталған. Үшіншіден, Ата заң құқықтық мемлекет қағидаттарының күшеюіне, азаматтардың әділ құқықтық қорғанысқа ие болуына және цифрлық құқықтың дамуына кепілдік береді. Төртіншіден, қоршаған орта және әлеуметтік жауапкершілік мәселесін шешу конституциялық деңгейде мемлекеттің басты міндетіне айналмақ. Бесіншіден, инновациялар, білім, ғылым және мәдениетке басымдық беріліп, стратегиялық бағытретінде Негізгі заңда көрініс тапқан.
Жаңа Ата заңның артықшылықтарына келер болсақ, онда құқықтық қауіпсіздік пен болжаушылық саласында заңдардың тұрақтылығын, заң үстемдігін күшейтуге ерекше назар аударылған. Конституцияда мемлекет билігінің әрекеттерін нақты заңды шеңберлермен шектеп, азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар енгізілген. Бұл бизнестің, шетелдік инвесторлардың сенімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сол сияқты Ата заңда этносаралық және конфессияаралық үйлесімділік қағидалары мемлекеттік идеология деңгейінде қарастырылып, оның әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық келісімді бекемдеудегі рөлін көтеруге көңіл бөлінген. Ал Конституциядағы азаматтық қатысу мен демократиялық институттарға қатысты тұстарынан азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, жаңа институттар құру арқылы халық пен биліктің қарым-қатынасын жақсарту мақсатын аңғару қиын емес.
Ата заң – халықтың еркіне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы моделін қалыптастыруға бағытталған қоғамдық келісім іспеттес. Онда адам капиталы, білім мен ғылым стратегиялық тармақ ретінде анықталып, инновациялық экономиканы дамытуға құқықтық негіз жасалған. Сонымен қатар халықаралық құқық нормаларына сәйкес серпінді саясат жүргізуге көңіл бөлінген. Бұл елдің экономикалық және әлеуметтік даму стратегиясын конституциялық деңгейде бекітуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған институттық реформалар билік тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін жаңа белеске көтеруге негізделген. Бұл өзгерістердің өзегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып, бұқараның мұң-мұқтажын биік мінберлерде жеткізетін пәрменді қоғамдық институттарды қалыптастыру мақсаты тұр. Осы арқылы азаматтардың ертеңгі күнге деген нық сенімін оятып, қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогті нығайту көзделіп отыр. Сонымен қатар Ата заңымызда халықаралық интеграция мен жаһандық жауапкершілік қағидаттарына басымдық берілген. Елдің сыртқы саяси бағыты бейбітшілік сүйгіш, прагматикалық және халықаралық құқықтың іргелі нормаларына негізделген бағдар ретінде айқындалды. Бұл – конституциялық түзетулер Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін асырып, геосаяси кеңістіктегі рөлін нығайтуға, сондай-ақ ұлттық мүдделерімізді жаһандық деңгейде қорғауға бағытталған стратегиялық қадам.
Республикалық референдум негізінде қабылданған жаңа Конституция – еліміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік келбетін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді реформалардың алтын қазығы. Бұл тарихи құжаттың басты ерекшелігі – адам құқықтары мен заң үстемдігі қағидаттарын мемлекеттіліктің мәйегі ретінде бекітіп, билік институттарын заман талабына сай қайта құрылымдауында жатыр. Сонымен қатар Ата заңда ғылыми-инновациялық даму принциптеріне басымдық беріліп, мемлекетіміздің болашаққа бағытталған стратегиялық тұғырлары мен алдыңғы қатарлы даму моделі айшықталды. Аталған стратегиялық мақсаттар Қазақстанның ХХІ ғасырдағы орнықты даму траекториясын қалыптастыруды көздейді. Сондықтан бұл Конституция елдің саяси жүйесін жаңартып қана қоймай, әділетті қоғам мен гүлденген мемлекет құрудың берік құқықтық кепіліне айналды.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері