Фото: Ашық дереккөз
Мұндай көрсеткішке музей инфрақұрылымын дамыту, экспозицияларды жаңарту және заманауи форматтарды енгізу арқылы қол жеткізілді. Әсіресе жастар мен туристерге арналған жаңа жобалар келушілер ағынын арттыруға ықпал етіп отыр.
Бүгінде республика аумағында 285 музей жұмыс істейді. Олардың қатарында 5 республикалық музей, 12 музей-қорық, 15 өңірлік тарихи-өлкетану музейі, 71 мемориалдық, 16 көркемөнер музейі және қалалық, аудандық, ауылдық деңгейдегі мәдени мекемелер бар.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, музейлер тек сақтау орны ғана емес, сонымен қатар ағартушылық және танымдық орталыққа айналып келеді. Жыл басынан бері елімізде 1219 көрме ұйымдастырылып, жаңа экспозициялар мен тақырыптық залдар ашылды. Сонымен қатар 4200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілген. Олардың ішінде дәрістер, экскурсиялар, білім беру бағдарламалары және интерактивті жобалар бар.
Салада ірі көрме жобаларын жүзеге асыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында республикалық және халықаралық деңгейде 28 маңызды жоба іске асырылған. Бұл жобалар еліміздің тарихы мен мәдениетін кеңінен таныстыруға бағытталған.
Қазақстан музейлері шетелдік әріптестермен де белсенді байланыс орнатып отыр. Осы кезеңде 26 халықаралық көрме, фестиваль және салалық форумға қатысқан. Бұл өз кезегінде халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, музей саласының дамуы ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызды тетігіне айналып отыр. Қазіргі көрсеткіштер Қазақстанда музей мәдениетінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.