Статистиканы сөйлетсек, қалада әлеуметтік дамудың әлеуеті артқан. Шаһардың даму қарқынын экономикалық өсіммен өлшесек, 2024 жылы қала бюджетіне 2 трлн теңгеден астам қаржы түсіпті. Бюджет түсімдерінің 93%-ы меншікті кірістерге тиесілі. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 17,6%-ға, сауда – 14,5%-ға, қаржы және сақтандыру қызметтері 12%-ға, ақпарат және коммуникация 11,3%-ға, жылжымайтын мүлік операциялары – 6,9%-ға, көлік және қоймалау салалары – 5,7%-ға өскен.
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35,6%-ға артқан. Инвестиция құрылымында жетекші орынды өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, қаржы және сақтандыру салалары иеленіп отыр. Қаланың экономикалық табысына стратегиялық жоспарлау мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бастамалардың серпін бергені байқалады. Әсіресе, машина жасау (137,5%), полиграфия (143%), тамақ өнеркәсібі (100,8%), химия өнеркәсібінде (117,1%) едәуір ілгерілеу бар.
Жылдың алғашқы айларындағы көрсеткішке жүгінсек, қалада жалпы құны 2 402,4 млрд теңге болатын 200-ге тарта жоба қолға алынған. Бұл шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының дерегінше, 2025 жылы құны 555,1 млрд теңге болатын 45 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында «Changan», «Chery», «Haval» маркалы жеңіл автокөліктер шығаратын мультибрендті зауыт, «Wildberries» логистикалық орталығы, сондай-ақ шыны ыдыс пен арматуралық тор өндіретін кәсіпорын бар.
Әлеуметтік дамудың әлеуеті
Күн санап аумағы артқан шаһарда әлеуметтік салаларды жетілдіру маңызды міндет. Өткен жылы бюджеттің әлеуметтік бағдарлануын қамтамасыз етуге 1,6 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған болса, оның 38,7%-ын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, туризм секілді әлеуметтік салалар құраған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,8%-ға ілгері. Қаланың әр жерінде ашылған әлеуметтік қолдау орталықтары, бұқаралық спортқа баулитын алаңдар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарламалар әлеуметтік даму бағытындағы оң динамиканы көрсетеді.

Биыл тұңғыш рет бюджет көлемі 2,5 трлн теңгеге жетіп отыр. Жыл басында қаржы басқармасы бюджет негізінен әлеуметтік саланы, инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, қалалық ортаны цифрландыруға бағытталғанын атап өткен болатын. Күні кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздескен қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов 2025 жылы Алматыда барлығы 24 білім нысанының құрылысы аяқталғанын мәлімдеді.
«Сапалы білім беруге қолайлы жағдай жасау – стратегиялық мақсат. Әр бала қауіпсіз әрі заманауи ортада оқуы үшін жаңа оқу орындарын салып, ғимараттарды жаңартып жатырмыз. Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 22 500 оқушыға арналған 12 жаңа оқу мекемесі бой көтерді. Оның ішінде 7 білім ордасы жаңа оқу жылының басында ашылды», деді Б.Шаханов.
Екінші оқу тоқсанында «Құрамыс», «Шұғыла», «Қарағайлы» шағын аудандарында, C.Әшімов пен Егізбаев көшелерінде 5 заманауи оқу ордасы іске қосылады. Сонымен қатар жеке инвесторлар есебінен 11,7 мың оқушыға арналған 8 оқу ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бұл білім нысандарын келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай 900 орындық жатақханасы бар Абай атындағы мектеп-интернат салынғанын, сондай-ақ Алатау, Наурызбай аудандарында 890 орындық екі жаңа оқу нысанының құрылысы жалғасып жатыр.
Тұрғындардың денсаулығын қорғау – қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта 2030 жылға дейін мегаполисте 32 жаңа, 14 ескі медициналық нысанды жаңғыртуды қамтитын 46 денсаулық сақтау мекемесін дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік, барлық жаңа нысандар заманауи стандарттарға сай салынып, клиникалық-диагностикалық орталықтармен жабдықталатынын айтады. Бұл медициналық қызметтердің әр тұрғынға қадамдық қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде қалада 8 жаңа медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Туризм тынысы кеңейді
Алматы – еліміздің әуе қақпасы. Елге табан тіреген туристердің басым бөлігі ең алдымен Алматыға аялдайды. «Қала экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететін салаларды одан әрі ілгерілетуіміз қажет» деген қала әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистің туристік тартымдылығын арттыруға басымдық беріп отыр.
Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанованың айтуынша, өткен жылы Алматыға 1,3 миллион турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға артық.

«Елімізде 10,5 миллион азамат ішкі турист саналады. Алматының Дүниежүзілік туризм бойынша бәсекеге қабілеттілік индексінде 66-орыннан 57-орынға көтерілуі саланың даму қарқынын көрсетеді. Қаламыз – болашақ туризмінің айнасы. Мұнда экономикалық даму мен әлеуметтік жауапкершілік қатар жүреді. Себебі инклюзивті, тұрақты туризм қағидаттарын белсенді дамыту маңызды», дейді А.Ещанова.
Алматыға табан тірейтін шетелдік туристер саны көбейген. Бұл қала экономикасына септігін тигізіп отыр. 2024 жылы туризм саласынан түскен салық 90,7 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 есе артқан. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетіп, 2,1%-ға ұлғайды. Бұл жүйелі әрі белсенді маркетингтік саясаттың жемісі. Алматы халықаралық туристік рейтингтерде – CNN мен Booking.com секілді платформаларда саяхаттауға арналған ең тартымды бағыттардың бірі ретінде танылып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша алматылық туроператорлар шетелдік серіктестермен 156 келісім жасасып, 2027 жылға дейін 110 мыңнан астам шетелдік туристі қабылдауды көздеп отыр. Бұл тұрғыдағы күтілетін экономикалық кіріс 165 млн АҚШ доллары (бір туристің орташа шығыны 1 500 доллар деп есептелген). 2025 жылы Туризм басқармасының негізгі міндеттері таулы аймақтардағы жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, қонақүй қорын кеңейту, сондай-ақ іскерлік туризмді өркендетуга бағытталды. Бұл шаралар туристер легінің артуына серпін береді.
Алматы тарихи ескерткіштерімен, тұмса табиғатымен танымал. Мұнда келген жанның аңсары ең алдымен шың басындағы Шымбұлақ пен Көктөбеге, мұзарт биіктегі меруерт Медеуге ауатыны анық. Алматының туристік әлеуетін танытатын бұл үш нысан аймақтың паспорты іспетті. Бүгінде «Медеу» спорт кешенін жаңарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Екі жылға жоспарланған жаңғыртудан кейін «Медеу» халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік орталық мәртебесін сақтап, келушілерге одан әрі тартымды бола түспек. Сондай-ақ қалада бой көтеретін, сыйымдылығы 35 мың адамға арналған жаңа футбол стадионының құрылысына жіті көңіл бөлінеді. Жаңа стадион UEFA-ның 4-санат талаптарына сай болуға тиіс.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды туризм саласын шаһардың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды драйверлердің бірі ретінде атап, тиісті басқармаға туристік инфрақұрылымға инвестиция тарту, Алматыны ішкі және халықаралық деңгейде тартымды туристік бағыт ретінде дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Білім саласындағы серпін
Кез келген саланың кеңге қанат жаюы үшін білікті маман даярлаудың маңызы зор. Мегаполисте инновациялық қадамдарға қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан. Еліміздегі жоғары оқу орындарының үштен бірін құрайтын қалада 80-нен аса ғылыми зерттеу институттары жұмыс істеп, 150 мыңнан астам студент білім алады. Ұлттық зияткерлік әлеуеттің негізі қаланған мегаполисте, әсіресе, ғылыми инфрақұрылымға маңыз беріліп отыр. «Alatau IT City» ақпараттық технологиялар паркі, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар инновациялық жобаларды қолдап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал етуге тиіс. Шаһар ғылым мен білімнің, инновация мен зерттеудің тоғысқан нүктесі. Қолға алынған ғылыми инновациялардың нәтижесінде бизнес пен капиталдың оң динамикасы байқалады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық мамандықтардың беделін арттыру үшін қалада 1 770 орындық, 418 жатақхана орны бар екі колледж салынып жатыр. Оларда телекоммуникация, машина жасау, инновациялар бағытындағы мамандар даярланады.
Алматы – «ақылды» қала
Бүгінгі нарықтағы ғаламдық бәсеке барысында жетекші мегополистер сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге өтіп жатыр. Алматыда да бұл бағытта елеулі өзгеріс көп. Соның бірі жаңа тұрпатта дамыған көлік жүйесінің қызметі. Автобус парктерін жаңарту деңгейі артқан. Электробустарды қала бағыттарында жүргізу ең алдымен экологияға тиімді. Орталық аумақтардағы жол жиектеріне тұтастай велодәліз түсті. Алматыны тыныш аудандармен, кейін қосылған елді мекендермен байланыстыру мақсатында қолданысқа берілген метро бекеттері тұрғындарға жайлылық тудырып отыр. GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі жұмыс істейді, барлық автобустарға бейнебақылау орнатылған. Оған қоса тасымалдаушыларды субсидиялауға қатысты жолаушылардан түскен шағым бойынша айыппұл салу ісі жүзеге асқан. Қалада ЖКА-на қатысты фото-бейнефиксация жүйесі жұмыс істейді.

Көлік жүйесін реформалау ісі үздік халықаралық мамандармен бірге жүзеге асып жатыр. Олардың арасында қоғамдық көлік кеңістігі мен көшелерді модернизациялаумен айналысатын айтулы компаниялар бар. Бірер жыл бұрын Алматы «Ақылды қалалар» цифрлы трансформациясын бірігіп жүзеге асыруға бағытталған байқауда үздіктер қатарынан көрінген болатын. Елу ең үздік әлемдік практика мен инновациялық жобаның финалдық үштігіне Алматымен қатар «Анкара парк» туристік жобасымен Түркия астанасы Анкара мен «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» бағдарламасымен Хорватия астанасы Загреб енген болатын.
Мазмұнды мәдени жобалар
Биыл қала театрлары Парижден Мәскеуге дейінгі 20-дан астам мемлекетте өнер көрсетті. Қуыршақ театры мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры еліміз атынан Авиньон фестивалі мен Чехов атындағы халықаралық театр фестивалінде сахнаға шықты. Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халық аспаптарының көрмесі өтті. Кейінгі үш жылда Алматы қаласы мәдени ынтымақтастықты кеңейту мақсатында 18 халықаралық меморандумға қол қойған.
«Біз бай дәстүрді сақтап қана қоймай, әлем таныған Алматының мәдени брендін қалыптастыруға тиіспіз. Жыл басынан бері қалада 1 300-ден астам мәдени іс-шара өтіп, оларды 1,3 млн-нан астам адам тамашалады. Мәдениетті тек мереке күндері емес, күн сайын сезінгіміз келеді. Әр тұрғын өз қуанышын саябақта, көшеде, өз ауласында таба алатындай ахуал қалыптастыруымыз қажет», дейді қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған рухани жобалар, түрлі фестивальдар, экологиялық акциялар, жәрмеңкелер, флешмобтар, кітапханаларда апта сайын өтетін әдеби кештер мегаполистің мәдени болмысын айшықтайды.
Бүгінде мәдениет саласының үш ірі нысанын жаңартуға қатысты ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Олардың қатарында «Райымбек батыр» мемориалдық кешені де бар. Биыл наурыз айында Н.Сац атындағы театрды кешенді жаңарту басталды. Жауапты мамандар заманауи тұрпатта жаңартылған ғимараттың тарихи келбеті сақталатынын мәлімдеді. Алдағы уақытта театрдың сыйымдылығы артады. Сонымен қатар Жазушылар одағы ғимаратын жаңарту жобасы аяқталуға жақын. Қайта жаңғырған нысанды ұлттық әдебиетті дамыту мен мәдени бірегейлікті нығайтуға бағытталған әдеби, ағартушылық, баспа бастамаларына арналған рухани алаңға айналдыру көзделген.
Қала әкімінің баспасөз қызметі, қосымша үш жаңа мәдени нысанның – Жастар театрының, Цирк пен Зообақтың жобалау жұмыстары жүріп жатқанын, биыл Наурызбай, Түрксіб аудандарында олимпиадалық бассейндері бар екі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынатынын хабарлады. Келер жылы тағы төрт спорт кешенінің құрылысы қаланың Саялы, Ақжар, Қарасу, Шұғыла шағын аудандарында бастау алады.
Алматы – Тәуелсіз еліміздің іргесі қаланған қастерлі мекен. Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздер, ұлттық валютамыз осында бекітілді. Бүгінде Алматы білім, ғылым, мәдениет, іскерлік орталығы ретінде дамып келеді. Кейінгі жылдары қалаға жаңа аумақтар қосылып, көлемі екі есеге ұлғайды. Халық саны да еселеп өсті. Қазір Алматыда банктердің, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Осында ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 мекемесінің өкілдіктері Орталық Азияның өңірлік хабына айналып отыр.
АЛМАТЫ