Іс-шара барысында министр Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Олардың қатарында халықпен етене жұмыс істеп жүрген қарапайым еңбек адамдары да бар. Соның ішінде Ақпарат, мәдениет, өнер салаларында қажырлы еңбегімен танылған мамандар да құрметке бөленді.
Марапат иелерінің қатарында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының және басқа да мәдениет мекемелерінің қызметкерлері бар.
Сонымен қатар «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің, «Хабар» агенттігі мен «Qazaqstan» телеарнасының, республикалық Ұлттық академиялық кітапхана және басқа да ұйымдардың қызметкерлері елеусіз қалмады. Олардың қатарында әріптесіміз, көп жылдан бері бас басылымда еселі еңбек сіңірген Қонысбай Шежімбайға «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды. Сондай-ақ «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Игорь Бургандинов пен экономика бөлімінің редакторы Юрий Фоменко «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Салтанатты рәсімнің соңында еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.