Таным • Бүгін, 08:50

Үш алып жеткізген ой

6 мин
оқу үшін

Ұлтқа қызмет ету саяси күреспен ғана өлшенбейді. Халықтың көзін ашып, танымын кеңейтетін, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыратын рухани көпірлер де керек. Сондай көпір салған тұлғаның бірі – Әлихан Бөкейхан. Ол аудармашылық қызметі арқылы қазақ оқырманын әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерімен қауыштырды. Ги де Мопассан, Оскар Уайльд, Толстой, Чехов, Короленко, Мамин-Сибиряк шығармаларының қазақшаға тәржімеленуі – соның айғағы.

Үш алып жеткізген ой

Әлихан Бөкейхан Толстойдың «Сурат кофеханасы», «Кавказ тұтқыны», «Жұмыртқадай бидай», «Жеті қарақшы», «Бір адамға қанша жер керек?», «Магнит», т.б. әңгімелерін, сондай-ақ «Қажы-Мұрат» повесін қазақ тіліне аударды. Солардың ішіндегі шоқтығы биік шығарманың бірі «Сурат кофеханасы» деуге болады. Әсілінде, бұл туындының авторы – француз жазушысы Бернарден де Сен-Пьер. Ол «Le Café de Surate» деп аталатын новелласын 1791 жылы жазған. 1824 жылы «Үнді күркесі, Сурат кофеханасы және тағы басқалар» деген атпен Лондондағы баспадан жинақ болып жарық көрген.

Оқиға Үндістанның Сурат қала­сындағы бір кофеханада өрбиді. Кофеханаға парсы дінтанушысы кіріп, сонда отырған жұртқа Құдай­дың бар-жоғы туралы сұрақ қояды. Мансапта жолы болма­ған, мақсатына жете алмаған дін­­та­нушы Құдайға деген сені­мін жоғалтқан еді. Кофеханадағы адамдар­ әр­түрлі діннің өкілі бола­тын. Алдымен пұтқа табына­т­ын қара нәсілді адам, сосын брах­ман, одан кейін еврей, содан соң италиялық католик сөйлейді. Соңында про­тестант дін қызметкері мен мұ­сылман түрік сөз алады. Әр­қайсысы өз дінінің ғана ақиқат екенін дәлелдеуге тырысады. Еш­қай­сысы ортақ пікірге келе алмайды. Сол кезде олар осы уақытқа дейін үнсіз отырған қытайлық шәкіртке жүгінеді. Шәкірт өзі көр­ген бір оқиғаны баяндай келе, әр­кім күнді өз елінде ғана жарқырайды деп есептейтінін, ал шын мәнінде ол бүкіл жер жүзіне бірдей сәуле шашатынын жеткізеді. Осы мысалды алға тарта отырып, әрбір дін Құдайды өзіне ғана тән етіп көрсеткісі келетінін, алайда Құдай өзін бүкіл адамзатқа табиғат арқылы танытатынын айтады. «Ainsi, plus l’homme étendra loin la puissance de Dieu, plus il ap­prochera de sa connoissance; et plus il aura d’indulgence pour les hom­mes, plus il imitera sa bonté» (Сөй­тіп, адам Құдайдың құ­діретін қан­шалықты кеңінен таныса, сон­ша­лықты оны тануға жақындай түсе­ді; ал адамдарға қаншалықты ке­ші­­­рімді болса, соншалықты Оның­ мейі­рімін үлгі етеді), дейді ол. Шәкірт­тің осы сөзінен кейін кофеханада отыр­ған адамдар терең ойға ба­та­ды, шығарма осылай аяқталады.

Лев Толстой 1887 жылы осы новелланы орыс тіліне аударған. Толстой бұл шығарманы «По­­­­­­­сре­д­­­­­­­­­­­­ник» басылымына арнап жазып шыққан еді. Жазушыны Сурат кофеханасында болған діни пікір­талас ерекше қызықтырған. Өйт­кені шығармадағы ой оның дүние­танымына жақын еді. Ол жоға­рыдағы Бернарден де Сен-Пьер жазған жолды: «Чем выше будет понимать человек бога, тем лучше он будет знать его. А чем лучше будет знать он бога, тем больше будет приближаться к нему, по­дражать его благости, милосердию и любви к людям» (Адам Құдай­ды неғұрлым терең түсінген сайын,­ Оны соғұрлым жақсырақ тани­ды. Ал Құдайды жақсырақ таны­ған сайын, Оған жақындай түсіп, Оның мейірімі мен қайы­рым­дылығына, адамдарға деген сүйіспеншілігіне көбірек ұқсауға тырысады) деп аударды. Алайда цензуралық кедергілер аудар­маның «Посредникте» жариялануына жол бермеді. Арада 6 жыл өткеннен кейін ғана, «Северный вестник» журналының 1893 жылғы №1 санына жарияланды.

Бұл шығарма Әлиханға да ұна­ған. Ол новелланы француз ті­­ліндегі түпнұсқадан емес, Толс­­той тәржімелеген орысша нұс­қа­дан аударған. Әлиханның аудар­ма­сы алдымен 1900 жылы «Сурат кофей­несі» деген атпен «Дала уә­лая­тының газетінде» (№10–11 сан­дар) жарияланған. 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғаш­­қы үш санына «Дін таласы» («Сурат кофеханасы») (№1–3) деген атаумен то­лықтырып басылған. Әлихан жо­ғарыдағы жолды: «Неғұр­лым Құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұр­лым жақ­сырақ танымақшы. Жақ­сырақ таныған сайын, Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын бо­лудың мағынасы: рахметін көріп рақымды болмақ, мейірбанды­ғын көріп мейірімді болмақ», деп түп­нұсқадағы ойды кеңірек ашып тәр­жімелеген. Мұндағы жақын­дау – адамның мінезі мен болмы­сының өзгеруі. Құдайды таны­ған сайын адамның бойында ра­қым, мейірім, әділет секілді ізгі қа­сиеттер орнығады. Яғни Жарату­шыға жақындау – көркем мі­незге жақындау. Сол мінез адам­ның танымын түзеп, иманын кемелдендіреді. Ал иман дегеніміз, Абай айтқандай, көңілі қозғалмастай беріктік. Көңілі берік адамның ғана жүрегінен көркем сөз, парасатты ой туады.

Француз жазушысы қағазға түсіріп, Лев Толстой мен Әлихан Бөкейхан өз жұртына жеткізген бұл шығарма бүгін де маңызын жоғалт­қан жоқ. Өйткені онда адамзат баласын ежелден толған­дырып келе жатқан дін мен таным мәселесі қозғалады. Дін ту­ралы таласта әлі де әркім өз ұста­нымын ақтауға тырысады. Оған тоқ­тау салатын адамның таным тара­зысы ғана. Үш алып­тың бұл шығарманы өз заманының жұртына жеткізбекке ұмтылғандағы мақсұты осы.

Соңғы жаңалықтар

Халық неге несиеге тәуелді?

Қоғам • Бүгін, 17:18