Бүгінде көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау жүйесі автоматтандырылған. Қызметті проактивті форматта да алуға болады. Мысалы, үйде 4 бала бар, анасы бесінші перзентін дүниеге әкелді делік. Жаңа туған баланың ЖСН-і тіркелген күні анасының смартфонына SMS хабарлама келеді. Онда бала туу бойынша баланың 1,5 жасқа дейінгі күтіміне көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақының үш түрі тағайындалатыны көрсетіледі. Егер осы SMS-ке көпбалалы ана 3 күн ішінде жауап берсе, онда төлемдер автоматты түрде тағайындалады. Осылайша, әуелі жәрдемақы тағайындауға қызмет алушының проактивті қызмет көрсетуге келісімі қажет. Сосын ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы банктік шот нөмірін растауы немесе ұсынуға тиіс. Сонда жәрдемақы мен басқа да төлемдер бір шотқа түседі.
Егер SMS-ке қандай да бір себептермен жауап берілмесе, онда екінші деңгейлі бірнеше банктен немесе халыққа қызмет көрсету орталығынан өтініш беруге болады. Қызмет «электрондық үкімет» веб-порталында да қолжетімді. Бұл ретте электрондық өтініш нысаны толтырылады. Ал балалар туралы, неке қию (бұзу), қорғаншылық (қамқоршылық), туу туралы акт жазбасынан асырап алу туралы мәліметтер тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Өтініш беруші тек банктік шот деректерін көрсетіп, өтінішті ЭЦҚ арқылы растайды. Егер онлайн қызметті пайдалану мүмкіндігі болмаса, өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы да беруге болады. Бұл жағдайда жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электронды құжат ұсынылады. Ескеретін жайт, ата-ана жәрдемақы туралы хабарламаны жауапсыз қалдырып, бір айға дейін өтініш толтырмаса, онда өткен айына көпбалалы ана ретінде жәрдемақы ала алмайды. Яғни көпбалалы отбасыларға жәрдемақы өтінішті тапсырған сәттен тағайындалып, төленеді. Бұл ретте отбасылар үшін ең дұрысы әрі тиімдісі – SMS-хабарламаға дер кезінде жауап беріп, жәрдемақыны уақытында алу.