Республика күні • Кеше

Жаңа буынның көзқарасы мен танымы

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республика күні ұлттық мереке мәртебесімен қайта жаңғырғалы бері қоғамда жаңа леп пайда болып, жастардың көзқарасы өзгерді. Бұрын мұндай даталар тек салтанатты жиындармен, ресми іс-шаралармен шектелетін. Ал қазір бұл күндер жаңа идеологиялық сипат алып, жас ұрпақтың белсенді қатысуымен ерекшеленіп отыр. Осыған орай олардың ой-пікірін сұрастырған едік.

Жаңа буынның көзқарасы мен танымы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

с

Ақерке ИСКАНДЕРОВА,

«Жастар рухы» ЖҚ төрағасы:

 

Ұлттық мерекеге қызығушылық артты

Кейінгі жылдары жастар Рес­публика күнін жеке демалыс ретінде ғана емес, өзінің ел ал­дындағы орнын сезініп, аза­­мат­тық белсенділігін көр­се­туге мүм­кіндік ретінде қабыл­дай бастады. Бұл ретте «Жас­тар рухы» жастар қанаты жыл сайын Республика күніне орай кең ауқымды іс-шаралар ұйым­дастырады. Биыл да дәстүрден жаңылмай, 3 қала мен 17 облыс­тық филиалда бір мезетте өтетін мазмұнды іс-шаралар кешені дайын­далды. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – «Менің елім – менің туым» атты патриоттық бастама.

Акция – жастардың бойындағы елге деген сүйіспеншілікті, мақтаныш сезімін нығайтатын нақты әрекет. Былтыр алғаш рет «Amanat» партиясының орталық аппаратында еліміздің ең үлкен Туы (24×12м) ілініп, бүкіл республикаға әсерлі рәміз  ретінде танылды. Бұл Ту кейіннен жауапты футбол матчтарында, халықаралық деңгейдегі концерттерде, оның ішінде Димаш Құдайбергеннің өнер кешінде желбіреп, рух пен бірліктің көрінісіне айналды.

Биыл алғаш рет республика­лық деңгейде тарихи орындарға, музейлер мен ескерткіштерге арнайы экскурсиялар ұйымдас­тырылып отыр. Мұның бәрі ұрпақтың ішкі рухани өзегін қалыптастыруды көздейді. Ал ұлттық сана, азаматтық жауапкершілік, тарихи жадсыз ел болу мүмкін емес. Жастар қанатының міндеті – жастардың сана-сезімін ояту, ой салу.

 

с

Жандос АҚТАЕВ,

«Esbol Qory» қоғамдық қорының төрағасы:

 

Ел ертеңі – сергек санада

Республика күні – жай ғана мереке емес, ұлттың тағдырына, елдің ертеңіне деген жауапкершілікті еселей түсетін күн. 35 жыл бұ­рын қа­былданған Еге­мен­дік декларациясы – халқы­мыз­дың ғасырлар бойы аңсаған тәуел­сіздік арманына жол ашқан тарихи қадам. Сондықтан 25 қазан – бүгін­гі жетістіктерімізді бағалап, елдік мұратты келер ұрпаққа аманат ету мін­детін еске салатын айтулы күн.

Бүгінде мемлекеттің болашағы шекарамен, саяси дербестікпен не заңдық мәртебемен өлшенбейді. Қазір әлемдегі қауіп-қатер сана кеңістігінен басталады. Демек нағыз егемен ел болу – рухани, әлеуметтік және физиологиялық тәуелсіздікке жету, әр азаматтың еркін ойлап, еркін өмір сүре алуы деген сөз.

Ел егемендігін қорғаудың жаңа формасы – жастардың санасын қорғау. Ал нашақорлық, интернет арқылы таралатын бүлдіргі идеологиялар мен тәуелді мінез-құлық – ұлт болашағына төнген ең күрделі қауіп. «Esbol Qory» осы бағытта бірнеше жыл қатарынан жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз тек нашақорлықтың алдын алу емес, жалпы саламатты өмір мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеміз. Төл жобаларымыздың басым бөлігі жас буынның құқықтық, қаржылық және медиа сауатын арттыруға, өз өміріне жауапкершілікпен қарауға бағытталған. Осылайша, біз цифрлы заманда ұлттық сананы нығайтып, мемлекеттің рухани іргесін бекітеміз.

 

с

Нұрасыл БЕКМАТОВ,

«Jasyl el» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы:

 

Жауапкершіліктің орны бөлек

Республика күні – жастар үшін өз елінің тағдырына бейжай қарамауға ша­қыратын, ел мүд­­десін қорғауға жігер беретін мереке. Маңызды дата – әр жасқа: «Мен – Қа­зақ­­станның азаматы ретінде еліме қан­дай үлес қосып жүрмін?» деген ой ту­ды­рады. Міне, бұл елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. «Jasyl el» қозғалысының басты миссиясы да осы – патриоттық сезімді нақты іске айналдыру, жастардың әлеуетін ел игілігіне бағыттау.

2005 жылдан бері қозғалыс ел жас­тарын табиғатты қорғау, абаттандыру, көгалдандыру жұмысына жұмылдырып келеді. Мыңдаған жас тек табиғатты қорғап қоймай, отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа тәрбиеленді. Бұл – ең алдымен еңбекке, ұлтқа, жерге деген құрметті үйрететін үлкен мектеп.

 

с

Әлішер САДЫҚ,

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

 

Төл құндылықтарды қастерлейміз

Қазіргі таңда жас­тар тәуелсіздікке арқау болған ме­рекені үлкен ілти­патпен қабыл­дай­­ды. Өйткені жас буын еліміздің еге­мен­дігі, жалпы төл құн­ды­лық­та­рымызды өміршеңдігі үшін белсенді әре­кет етіп жүр. Олардың білім, ғылым, мәдениет және спорт сала­ларындағы жетіс­тікте­рін жиі көре­мін. Шетелде жүрсе де, туған елінің атын асқақтатып жүрген жас­та­рымыздың табысы – бәріміз үшін зор мақ­таныш. Бұл – тәуелсіз елдің жаңа буы­ны­ның қандай деңгейге көтерілгенінің айғағы.

Бұрын ұлттық киім тек Наурыз мере­кесінде киілсе, қазір қоғамның көзқарасы өзгерді. Ол күнделікті образға айналды. Бұл ретте жастардың үлесі басым. Өзім он жыл бойы «Жүректен жүрекке» еріктілер тобында қызмет еттім. Бұл – таза қоғамдық бағыттағы жұмыс. Сол аралықта түрлі қайырымдылық акциялары, спорттық турнирлер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, қаржы жинап, қиын жағдайдағы отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек жеткіздік, кейбіріне баспана алуға да жәрдемдестік. Осындай істер арқылы талай адамның өміріне үміт сыйладық.

Қазіргі жастардың басты ерекшелігі де сол – олар белсенді өмірлік ұстаным­ды қолдайды, қоғамға пайдалы болуды көбірек ойлайды. Меніңше, мерекелер­дің бәсін биіктете түсетін де – осы дүние­лер.

 

с

Ақнұр ТҰРДАЛИЕВА,

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы:

 

Тәрбие – талбесіктен

Егемендік декларациясы – ұлттың өз тағдырын өзі ше­шуге, өз бола­шағын өзі құру­ға берілген мүм­кіндік. Ал бүгінгі болашақтың иесі – жас ұрпақ. Сондық­тан тәуел­сіз елдің іргетасы ұрпақ тәрбиесі­нен бастау алуы заңдылық. Осы тұрғы­да еліміздегі ең ірі балалар мен жасөс­пірімдер қозғалысы – «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмысы егемендіктің мәнін терең ұғындыруға және ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталып келеді.

Біздің ұйым 2011 жылдан бас­тап әр өңірдегі мыңдаған мектеп оқу­шы­ларын біріктіріп, елжандылыққа, еңбек­сүйгіштікке, жауапкершілікке баулып келеді. Бүгінде ұйымның қатарында
3 миллионнан аса жасұландық бар.

Бүгінгі жас ұлан – ертеңгі ел тірегі. Біз тәуелсіз елдің ертеңін сенімді қолда қалдыру үшін еңбек етеміз. Бала­лардың бойындағы ерік-жігер, ізде­ніс пен шығармашылықты дамыта отырып, адал ойлы, әділ мінезді, мейі­рім­ді де жауап­кер­шілігі басым ұрпақ тәрбие­лей­міз.

 

Дайындаған –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздік қаласы

Ғалам ғажаптары • Кеше

Жойқын қаруды жойған шешім

Ғалам ғажаптары • Кеше

Бәсі жоғары дода

Спорт • Кеше

Зияткерлік байқау

Байқау • Кеше

Жаңа буынның көзқарасы мен танымы

Республика күні • Кеше

Өткен күнде белгі бар

Республика күні • Кеше